БЕКЗАТ КӨҢІЛ, ШУАҚ ШАШҚАН ЖАН ЕДІ
БЕКЗАТ КӨҢІЛ, ШУАҚ ШАШҚАН ЖАН ЕДІ
Жібектей жұмсақ мінезімен, инабаттылық пен имандылығымен танымал, шаттыққа толы шаңырағының түтінін түзу ұшырып, уыздай ұйыған отбасының ынтымағын арттырып, берекесін кең пейілмен молайтып жүрген, қимас досымыз Сағымкүл Жұмалиқызы жеңсіз, жағасыз көйлек киіп, жер бесікте мәңгілікке бөленгелі де жылға жуық болып қалыпты.
Әр белесте бір қылаң беріп, пендесіне мерзімі бітпей тоқтау бермейтін сағымның соңынан алға қарай самғай беретін уақыт шіркіннің құдіреттілігін де, жүйріктігін де мойындамай көр! Біздер, бір топ құрбы-құрдастар отбасымызбен қасиетті Жуалы жерінде – «Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік, бәріміз бір өмір жолын бастап едік» дегендей, жастық шақтың ең бір қызықты кезеңі – орда бұзар отызға иек артқанда кездесіп, табысқан едік. Сағымкүл – жүзінен жылылық есіп тұратын, бауырмалдылығымен, қарапайымдылығымен, тәрбиелілігімен бірден бәрімізді өзіне баурап алды. Қазақ халқында жаны дархан жақсы жандарға арналған мынадай бір сөз тіркесі бар – «пейілі-пейіш, көңілі-көктем, жаны-жаз». Осы салыстырма біздің Сағымкүлге еш қоспасыз, боямасыз, әсірелеусіз дәл келетініне ешкім де шүбә келтірмес. Құрбы-құрдастар арасындағы өмірде болмай тұрмайтын өкпе-наз, келіспеушіліктерді бір ауыз әдемі әзілімен, артынан өзіне ғана тән, жан ерітетін риясыз жымиыс-күлкісімен ерітіп, лезде көңілімізді жарастырып жіберетін қасиетін ұмыту мүмкін бе? Арамыздағы әнші-домбырашы құрбымыз Әтіркүлдің әуеніне әдемі мақпал үнімен қосылғаны, би десе ортадан шықпай, қыздармен кезек-кезек билейтін Нұралы досымызбен бұралып билегені, кейде отырыстарға Әбекеңнің қызмет бабымен кешігіп қалса, біздің айтқан қалжыңымызға шыр-пыр болып, шын ниетімен Әбекеңді қорғап жататын сәттері – біздің өміріміздегі жадымызда мәңгілікке сақталып қалатын суреттер. Уақыттың уысына сыймай артта қалған қайран қызықты күндер-ай! Асыл жары Әбекеңнің қызығы мен қиындығы, атақ-абырой мен жауапкершілігі таразыға тең түсетін мемлекеттік қызмет сатысымен жоғарылауына, елдің алғысына бөленіп, абыройлы азамат атануына Сағымкүлдің қосқан үлесі аз емес. Облыс көлемінде отбасылық тірліктің атан түйе тарта алмас бар салмағын сездірмей, көңілін алаңдатпай, бар қажыр-қайратын атқарып жүрген жауапты қызметтеріне ғана арнап, алаңдамай беріле еңбектенуін, өзі де ұстаздық ете жүріп қамтамасыз етуі – төзімділікті, күнделікті ерен бейнетті қажет ететін үлкен ерлік. Алла сол ақ ниет-пейілдің қарымтасы ретінде Әбекеңнің төккен тер, еткен еңбегін жандырып, бүгінгі күні ел құрметтейтін, жақсы істері мен үлгі тұтар іздері бар, облыс жұртшылығының арасында абыройы артып, сый-құрметке бөленген басшылардың бірі. Тағдырдың пешенеге өлшеп берген уақытын өзгерту пенденің қолынан келмейді, өкінішке өкси отырып Сағымкүл сүйікті Жар ғана емес, өмірге алтын асықтай ұл-қыздарын әкелген асыл Ана, келін түсіріп, қыз ұзатқан мейірімді Ене, немере тәрбиелеген Ақ Әже атанып үлгергеніне де шүкіршілік ету керек шығар. Абдалы досымызға болған іске болаттай берік бол, артында өшпес ізі – алтындай перзенттері, айта жүрер өрнекті істері қалған Сағымкүлді арамызда жоқ деуге болмайды, оның шуақ шашып жүретін жарқын бейнесі біздердің, достарының жүрегінде деп, қайғысын бөлісіп, демеу болу – достық парызымыз. Сағымкүлдің фәни дүниеде атқарған жағымды, сауапты, қайырымды істері бақида рухына серік болғай! Шаңырағыңызға мезгілсіз қазаның қайғысы қайтып жоламасын, алдағы күндердің шуағы мол, қуанышы басым, жақсылығы көп болсын.
Жанұялық достары Мейірбек және Күләш Пралиевтер.
Тараз қаласы.