Білім

Әр халықтың өзіне тән отбасылық тәрбиесі бар

Ғылым адамзаттың игілігі үшін қызмет етсе – нағыз сарқылмас қазына. Ғылым жолында еңбектеніп жүрген ғалымдар да ізденген нысанасының алдымен адамның, қалың халықтың пайдасына жарайтын маңыздылығын анықтайды. «Тәрбиенің бастауы – отбасы» деп білетін ғалым Лескүл Ибраимова отбасы тәрбиесін, соның ішінде қазақ халқының отбасындағы ұстанымдарын зерттеп, соныман қатар жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеу ісінде еңбек етіп келеді. Саналы ғұмырын жан азығын зерттеуге арнаған ғалым бүгінде зейнеттік жасында да М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры ретінде қызмет етуде.

Лескүл Нұсұпқұлқызының бұл тақырыпта терең зерттеулер жүргізуіне оның еңбек жолының да әсері болған секілді. Еңбек жолын Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-интернатында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастаған Лескүл Ибраимова кейін тәрбие жұмысының жауапты қызметтерін атқарған. 1994 жылдан бастап жоғары оқу орнына оқытушылық қызметке ауысқан. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 1994-2026 жылдары «Практикалық орыс тілі», «Педагогика және этнопедагогика», «Педагогикалық психология» кафедраларында 32 жыл көлемінде аға оқытушы болды. Кейін осы оқу орынында Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орталық басшысы, «Өнер және мәдениет», «Дарынды ұстаз» факультеттерінің деканы қызметтерін жоғары кәсіби деңгейде атқарып келді.

– Отбасында адам өмірге келеді, тәй-тәйлап басады, бірінші қуанышы мен қиындығын кездестіреді, өседі, өнеді, одан үлкен өмірге аттанады. Олай болса отбасы деген не? Оның мәні неде? Koғамда қандай рөл атқарады? Әр aдамға не береді? Осы сұрақтарды жан-жақты қарастырып, шешуде әр заманда көптеген ойшылдар, ғалымдар атсалысқан. Ертеден бала тәрбиесіне үлкен мән беріліп, оған ерекше көңіл бөлінген. Себебі, бала отбасының және өмірдің болашағы деп саналады. Осыған орай отбасындағы бала тәрбиесін маңызды деп санай отырып, өткен ғасырлардан бастап көптеген ғұлама ойшылдар, ақын жыраулар, көрнекті ғалымдар өздерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде осы мәселені жан-жақты қарастырған. Дүниежүзіндегі әрбір халықтың өзіне тән отбасы тәрбиесінің тарихы бар. Сол сияқты, қазақ отбасы да өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталады. Қазақтың отбасы мәселесіне байланысты бұрын-соңды жазылып, кезінде баспа жүзін көрген үлкенді-кішілі ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектер, әдеттік құқық туралы жинақтар мен қазақтың ауыз әдебиеті фольклор деректері де көптеп табылды. Мәселен, орта ғасырлық ғұлама ойшылдар Сағди, Науаи, Кайқаустың отбасы мәселесі төңірегінде айтқан құнды пікірлерінде балаларды отбасында тәрбиелеуге өте мән беріледі. Отбасы тәрбиесінің өзектілігі сонша, ерте кезеңнен-ақ ақын-жыраулар шығармаларына арқау болған. ХV ғасырдың орта шенінен бастап қазақ елінің ішкі-сыртқы хал-жағдайы көрші жұртпен арақатынасы жаңа арнаға түсе бастады. Халық арасынан сауатты, білімдар, ақылгөй адамдар бой көрсетті. Ұлан-ғайыр кең даладағы көшпелі тірліктің өзіндік ерекшіліктері де аз емес еді. Соның бірі – қиыннан қиыстыратын өнерінің ерекше өріс алуы болатын. Тюрколог В.Радлов айтқандай, «Нақысты сөйлеуді бар өнердің алды деп білген халқымыз өнер алды – қызыл тіл, ал тіл шырайы – өлең сөз, жыр толғау» деп түйіндеді өз сөзін педагогика ғылымдарының кандидаты Лескүл Ибраимова.

Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде қауымдастырылған профессор қызметін атқарып жүрген ол қазақ отбасы тәрбиесі туралы орта ғасыр ойшылдары мен ақын-жыраулардың, қазақ ағартушы педагогтері және ғалымдардың ой-пікірлерін және зерттелуін жинақтапты. Ғалымның айтуынша, жыраулар өмірдің ұсақ мәселелеріне аз араласып, көбінесе заман, дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар, болжаулар, қағидалы сөздерді ескертіп отырған.

– Сондықтан да орта ғасырдағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекшілік, ақылгөй тәрбиешінің рөлін атқарды. Олардың шығармаларынан ой-қиялдың байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі, ойдың кең өрістілігі сезіледі. Ал ақыл-ойға, терең тәлімге құрылған поэзиялық сөз маржандарынан ұлттық сипатты танытатын мәдени мұралардың тарихын танып білеміз. Сондай-ақ отбасындағы тәрбиеде кімнің үлгісі басым болғанын да аңғаруға болады. Осындай ойшылдардан қалған өсиеттерде қазақ халқының ертеден бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлгенін көреміз. Себебі, ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Қазақта отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің алатын орны мен рөлі ерекше. Себебі әке – отбасын асыраушы, оның тірегі, қамқоршысы және тәлімгері. Әкенің мінезқұлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері, білімі – баланың көз алдындағы үлгі алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Сондықтан қазақта әке туралы өнегелі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер көпақ. Мысалы, «Әке – бәйтерек, бала – жапырақ», «Әкеге қарап ұл өсер», «Әке – балаға үлгі» және тағы да басқа мәтел сөздер көп. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан», – дейді.

Бұдан әкесі жақсылардың балалары жақсы, ал әкесі жамандардың балалары жаман болады деп қорытынды айтудан аулақпыз. Баланың жақсыжаман болуы шыққан тегіне ғана емес, ол оның тәрбиесіне тікелей байланысты. Осыны ерте сезген халқымыз: «Баланың тентек болмағы үйінен, жігіттің тентек болмағы биінен» немесе «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз», – деген. Қазақ халқында әкелер өз өнерін балаларына үйретіп, оларды қолөнерші, күйші, әнші, мерген, аңшы, құсбегі етіп тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлген. Осыдан келіп ата өнерін баланың қууы, оны мирас ету дәстүрге айналған. Мысалы, қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық өнерлерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Содан «Атадан бала тумас болар ма, ата жолын қумас болар ма», «Әке көрген оқ жонар» деген нақыл сөздер пайда болған, – деген Лескүл Ибраимова ертедегі ақын-жыраулардың өнегелі сөздерін зерттеген ғалымдардың тұжырымдарын да тілге тиек етті.

– Жырау толғауларында табиғат аясындағы сәбидей пәк көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болмыс бітімі, өзіндік психологиясы, оның қоршаған орта туралы түсінігі бейнеленеді. Ұлттық бояуға қанық афоризмдер мен көркем тіркестерге бай, нақыл, қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар басым болды. Жыраулар мораль, этика, тәлім-тәрбие жайындағы ой түйіндерін, аса мәнді қоғамдық мәселелерімен қатар әлем, болмыс, тіршілік, табиғат жайлы терең мәнді тұжырымдарды ортаға салды. Ылғи халқымен кеңесіп отырды. Жыраулар поэзиясын Доспамбет пен Шалкиіз, Жиембет пен Үмбетей, Ақтамберді мен Бұқарлар жалғастырып ұрпақтанұрпаққа жетті. Қазақ елінің сыртқы жаулармен айқастарында олар «Жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды жайратқан», ерегескен дұшпанның басын кеспей тынбайтын Махамбет, «Жауға шапқан ту байлап, шекті бұзған айқайлап» жауды жайратқан Жиембет, «Бас кессе де басылмай, ақ ісін жаудан жасырмай» жолбарысша жауға атылған Жолымбеттер сөзіне ісі сай, еркіндікті аңсаған, өр намысты, бірбеткей, ер жүрек қолбасшы болғандығы белгілі. Сөз болып отырған кезеңдегі ақынжыраулардың дүниетанымы мен философиялық бағыттары жайлы әрі ғалым, әрі ақын Ә.Тәжібаев: «Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқарлар айтқан толғаулардың бізге жеткен бөлшектеріне қарап отырсақ, тыңдаушысын теңіздей шайқайтын терең ойлардың толқынында жүзгендей сезінеміз. Кейде жақыннан, кейде ишаратпен алысқа меңзеулер, әлдеқайда біз біле бермейтін арнаулы сөздерден жаралады да, өмір, тарих, қоғам, адам жөнінде ғажайып топшылаулар, толғаулар айтады», – дейді.

ХV ғасырдағы қазақ ақын-жырауларынының көрнекті көшбасшылары Асан қайғы мен Қазтуған. Олардың өлеңдері мен өсиет сөздерінен халық қамын жеген ақылгөй, қамқоршы бола білгені байқалады. Туған жерге, қолпаштап өсірген елге деген ыстық ықыласы, ел қамы, ар, намыс үшін күрес, әділдікті, туралықты құрмет тұту олардың шығармаларынан өзекті орын алған. Сондықтан да «Асан қайғы, Қазтуған айтыпты-мыс» дейтін өсиетті өлеңдер әлденеше ғасыр өтсе де көнермей, жоғалмай халық жадында мәңгі сақталып, біздің дәуірімізге жеткен. Әсіресе, қазақ халқының әрбір төбесі мен өзен-көлін қастерлеп өткен, ол жайында ой топшылап, келелі пікір айтқан Асан қайғы атымен байланысты аңыз әңгімелер мен өлең, жыр-толғаулары орасан көп. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған, Шоқан Уәлиханов «көшпелілер философы» атаған Асан қайғы өз заманының үлкен ойшылы болған. Заманымыздың көрнекті ойшыл ғалымы, әдебиет тарихын терең зерттеп, тексерген Академик Мұхтар Әуезов айтқандай, Асан қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс елес, білік-дерек береді…», – деген Лескүл Нұсұпқұлқызы әр кезеңде өмір сүрген жыраулардың өлеңдерінен ұқсастық тапқанын да айтты.

– ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Жиембет Бортоғашұлы жырау мен ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Ақтамберді Сарыұлының өмір жолы, ой-арманы бір-біріне ұқсас болып келеді. Бұл екеуі де халық қамын жоқтаған, ел бірлігін сақтаған, ортақ жауға аттанып, ойран салған әрі батыр, әрі ақын еді. Жырау шығармалары негізінен нақыл, афоризмдік толғауларға толы келеді. Халқымыздың тіршілік тынысы мен кәсіби, мінезқұлық ерекшілігі, ақынның жастарға айтар өсиеті, өмірге деген көзқарасы оның толғауларынан айқын көрінеді.

«Болат қайнауда шынығады, Батыр майданда шынығады», – деп бағалаған жырау:

Жігіт жанды бұласа!

Ел шетіне жау келсе

Алдыңа, сірә, дау келсе

Батырсынған жігіттің

Күшін сонда сынаса! – деп жігіттің ерлігі өлім мен өмір белдескен қан майданда сыналмақ дегенді меңзейді.

Жырау жалпы достықты, сыйласымды өмірді дәріптеген, оның нышаны отбасынан басталады деп ұққан. Адамгершілік қасиет отбасындағылардың бірін-бірі қадірлеуінен, әсіресе баланың қартайған әке-шешелеріне ерекше құрмет көрсетуінен көрінбек. Бұл – халық педагогикасының ежелгі қалыптасқан дәстүрлі көзқарасы. Осыны ойға қазық, тілге тиек ете отырып, көпті көрген көне жырау:

Меккені іздеп нетесің,

Меккеге қашан жетесің?

Әзір Мекке алдыңда

Пейіліңмен сыйласаң

Атаң менен анаңды! – деп ата-анаңа көрсеткен сый-құрметің Алла жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ойды қорытады.

ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, пәлсапалық дидактикалық толғауларымен ерекше көзге түсетін Үмбетей мен Бұқар жырау.

Үмбетей Тілеуұлы қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданында көшпелі шаруаның отбасында дүниеге келген. Үмбетей жырау ердің бақытына кесір болып жабысатын отбасындағы кейбір сөлекет жайларды көре біліп:

Ұрысқақ болса – ұлың жау,

Керіскек болса – келін жау.

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең.

Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау – Арқаңа артқан тұзбен тең, – деп отбасылық бірлікті, татулықты, сыпайы сыйласуды уағыздайды.

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген ақынжыраулардың ішіндегі биік тұлғаның бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Ол арабша сауатты адам болған. Ел билеу ісіне белсене араласқан, Абылай ханның ақылшысы, қабырғалы билерінің бірі болған.

Жыраудың өлеңдерінде ел берекесі, халық мүддесі көп сөз болады. Сонымен қатар Бұқардың көптеген жырлары отбасылық қарым-қатынас, адамгершілік мәселелеріне арналған. Ол адам өмірінің әр кезеңін суреттей келе ақыл мен қажыр тасыған жастық шаққа ерекше тоқталады.

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінген жиырма бес.

Күрек тісін қасқайтып,

Сұлуды құшқан жиырма бес

Іздесең де табылмас, – дейді.

Қарт жырау адам өмірінің ең қызықты кезеңі, ойына алған ісін қайратымен іске асыратын ақыл-қайрат пен талаптың тасыған шағы жиырма бесті іздесең де таппайсың, жас өміріңді дұрыс пайдалана біл деп ақыл айтып отыр. Оған қарамақарсы кәрілікті «Ел қонбайтын шөл, екі жағы ор. Түпсіз терең көл, алдың белгісіз қараңғы тұман түн», – деп қорытынды шығарады. Көпті көрген жырау өз ұрпақтарына:

Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,

Күндердің күні болғанда,

Кімдерде кімнің дейсің белі бүгілмес, – деп қарт атаң мен әжеңді сыйла, өзіңе дейінгіні құрметтесең өзіңнен кейінгілер де сені сыйлайтын болады дегенді уағыздайды.

Отбасының сәні сыйластық деп түйген жырау:

Екі жақсы бас қосса,

Санат емей немене...» және «Жақсымен жолдас болсаңыз, айырылмасқа серт етер», – деп ерлізайыптының тату-тәтті өмір сүруін қалайды.

Жақсы мен жаманды көп көрген дана қарт жастарға төмендегіндей тәлім айтады.

Айтқан сөзге түсінбес,

Жаман емей немене.

Сұрағанды бермеген,

Сараң емей немене.

Кісі ақысын көп жеген,

Арам емей немене.

Сыртыңдағы қулығың,

Амал емей немене… – деп, сараң мен сахиды, адалдық пен арамдықты салыстыра сипаттап, ізгі адамгершілік қасиетті дәріптеп отыр.

Сондай-ақ жырау шынайы достық пен қастықты салыстыра келіп:

Екі жақсы қас болмас,

Екі жаман дос болмас.

Дос болғанмен қош болмас.

Екі жақсы дос болмас,

Дос болса түбі бос болмас, – деген философиялық ой толғанысын жасайды.

Жырау жастарды шынайы достыққа ар-ождан, адамгершілік қасиеттерді өмір бойы қастерлеп өтуді айта отырып, өлмейтін, өшпейтін нәрсе жоқ, қоғам, табиғат, тіршілік үнемі қозғалыста, өзгерісте болады деген пәлсапалық топшылау жасайды, – деді ғалым өзінің зерттеген тақырыбын кеңінен әңгімелеп.

Ұлт болашағы үшін маңызды тақырыпты зерттеген ізденуші Лескүл Ибраимова өзінің ғылыми-педагогикалық еңбек жолында нағыз зерттеуші ғалым ретінде танылып, 2007 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақтүрік университетінің жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД 14.61.35 біріккен диссертациялық кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Диссертациясы жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығына арналды. Білім және ғылым министрлігінің осы саладағы бақылау комитетінің 2010 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен Лескүл Ибраимоваға педагогика мамандығы бойынша доцент (қауымдастырылған профессор) ғылыми атағы берілді. Көптеген ғылыми мақалалар мен оқу құралдарының авторының ғылыми еңбектері қазіргі кезде көкейкесті жалпы ғылым мен мемлекеттік бағдарламаға сай, ғылымның даму сұраныстарына сәйкес жүргізілуде. Білім берудің жаңа педагогикалық технологиясымен институт көлемінде ашық сабақтар өткізді.

Лескүл Нұсұпқұлқызы – педагогикалық пәндерді оқыту проблемалары саласында республика көлемінде айтарлықтай жұмыстар атқарған ғалым-ұстаз. Ол өзінің осы саладағы ғылымизерттеулері барысында, қазіргі отбасы мәселелері пәнінің ұлттық мазмұндағы оқу бағдарламасын, әдістемелік нұсқауларын жасап, «Отбасында балаларға ұлттық тәрбие беру», «Қазіргі отбасы мәселелері» бағдарламаларын әзірледі. Ол оқытушылық қызметпен бірге 2007-2026 жылдары қазақ халқының отбасы тәрбиесі туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын магистранттарды, студенттерді қатыстыра отырып жүргізді. Зерттеу материалдарымен Халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады және республикалық ғылыми-педагогикалық журналдарға 80-нен аса мақаласы жарияланған. Ол «Қазақ отбасы», «Отбасында балаларға ұлттық тәрбие беру» арнайы курс бағдарламасы, «Қазақ этнопедагогикасындағы отбасылық тәрбие» оқу құралы, «Этнопедагогика», «Отбасым – өмірімнің бастауы», «Қазақ отбасы тәрбиесі» атты оқу құралының, «Отбасы педагогикасы» электронды оқу құралы мен «Этнопсихология» және «Русский язык 2» электрондық оқу құралының авторы.

Жоғары оқу орнында Л.Ибраимованың жетекшілігімен педагогиканың өзекті мәселелері бойынша бірнеше магистрлік диссертациялар қорғалды. Ол мектеп тәжірибесін жоғары оқу орнының талаптарымен ұштастырып, білім мен ғылымды және әдеби танымдық дүниені қатар алып, студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұстаз-ғалым. Өз мамандығын жетік меңгеріп жүрген оқытушы республика, облыс, қала көлемінде ұйымдастырылатын түрлі конференциялар мен семинар, дөңгелек үстелдерге қатысып, бүгінгі таңдағы педагогиканың өзекті мәселелері туралы түрлі ой тудырып, белсенділік танытып отырады. Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарындағы педагог ғалымдардың әртүрлі тақырыпта өтетін семинарларда, ғылыми-практикалық конференцияларда, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырыстарында, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы бірлесе ұйымдастырған конференцияларда баяндама жасап, тың идеялар мен ойларын бөлісіп жүреді.

Лескүл Нұсұпқұлқызы «Болашақ» халықаралық стипендия иегері. 2016 жылы Германия мемлекетінің Берлин техникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Көп жылдар бойы университеттің Ғылыми Кеңес мүшесі болды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА