Білім

Жас педагогтер жұмысқа конкурссыз қабылданды

Облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Шу аудандық комитетінің ІІІ Пленумында филиал төрағасы Аида Бекмурзина 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарттағы көрсетілген міндеттердің орындалуына тоқталды.

Аудандағы бастауыш кәсіп одақ ұйымдарының саны 89 болса, ондағы мүшелер саны – 5497. Өткен жыл ішінде әлеуметтік әріптестік комиссиясының бір отырысы, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясының бір отырысы өткен.

Ал білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев педагог мәртебесі, педагог әдебі мен ауданда күрмеуін күткен күрделі мәселелерге тоқталып, мұғалімдердің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында Ұжымдық шартта көзделген нормаларды басшылыққа алып жұмыс істеуге, білім сапасын арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Жергілікті кәсіподақ тарапынан сүйемелдеу болса деген ниетпен бірқатар ұсынысты назарға алуды ұсынды. Ол мекеме басшыларын аттестациялау 3 жылдан 5 жылға шегерілсе, мектеп директорларының жалақысы арттырылса, кітапханашылар педагог лауазымына теңестірілсе деген ұсыныс жасады.

Жиында Е.Бекмаханов атындағы орта мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Айша Төлеуова мен Төле би атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Камила Жамбершиева өз жұмыстары туралы баяндады. Ал Е.Бекмаханов атындағы орта мектеп мұғалімі, Жастар қанатының белсенді мүшесі Бексұлтан Бахыт Ұжымдық шарт нормаларының жастарға берген тиімді тұстарын атап өтті. Оның айтуынша, биылғы оқу жылында аудан мектептеріне 75 жас маман қабылданса, оның 15-і мемлекеттік әлеуметтік сүйемелдеуге ие болған.

Жас педагогтерді қолдау мақсатында GPA 3,33 балдан төмен емес оқу нәтижесімен бітірген, сертификаттаудан өткен 3 жас маман М.Әуезов, Д.Қонаев және Абай атындағы орта мектептерге конкурссыз жұмысқа қабылданған. Жиында айтылған ұсыныстар мен сұрақтарға жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жауап бере отырып, Ұжымдық шарт аясында облысымызда жүзеге асырылған жұмыстарды тарата айтып берді. Сондай-ақ Ұжымдық шарт нормалары бойынша Шу ауданында орындалмай қалған мәселелерді шешуді аудандық білім бөлімі басшысына ұсынды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев Пленумда айтылған міндеттерді орындауға уәде етті. Пленум барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу ауданы