Біздің жұмысымызды заңгерлерсіз елестету мүмкін емес
Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилованың айтуынша, өткен жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 24,697 миллиард теңге бөлініп, игерілген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 2 миллиард теңгеге артық. Сондай-ақ 2025 жылы екі мектептің қосымша ғимараты пайдалануға берілсе, бір бөбекжай балабақша күрделі жөндеуден өткізілген. Өзге білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жүзеге асырылған.
Меркі аудандық комитетінің төрағасы Мадина Асанжанова былтыр аудандық комитеттің 12 отырысы өткізілгенін айтады.
Жалпы, комитетке қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымы – 55. Ондағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 4766 адам.
Аудандық кәсіподақ комитетінің жұмысына оң бағасын берген №9 Меркі колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жазира Мадибаева өз ұжымында атқарылған жұмыс барысымен таныстырып өтті. Ал Тескентоған орта мектебінің іс жүргізушісі Назира Майлыбекова іс жүргізушілердің қызмет көрсету ауқымының артуына байланысты қосымша ақы 50 пайыздан кем емес жалақыларына төленіп отырғанын айтты. «Аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті арасында жасалған Ұжымдық шарт негізінде іс жүргізушілерге 2021 жылы жалақыларына 30 пайыз қосымша ақы төленсе, 2023 жылы оның көлемі 50 пайызға өсті. Аталған қосымшалар мен үстемеақылардың барлығы 2024-2026 жылдарға жасалған Ұжымдық шартта өз жалғасын тауып, қызметкерлерге ашық әрі әділ түрде тағайындалды», – деп атап өтті ол.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзұмбеков Ұжымдық шарт нормаларында көзделген қосымша үстемеақылар, педагогтер мен кіші қызметкерлердің сауықтыру ақыларын төлеу, демалыс уақытын ұйымдастыру, құқықтарын қорғау аясында іске асырылған жұмыстарды рет-ретімен баян етті.
Жиын барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.
Меркі ауданы
Марат ҚҰЛИБАЕВ