Қамқоршыдан қорлық көргендердің обалы кімге?
Соңғы күндері Threads әлеуметтік желісінде Тараз қаласы трендке айналғаны көпке мәлім. Дәл осы платформаны қолданушы тараздықтар «Born in Taraz» (Таразда туған) деген тіркесті жазып, өздерінің кіндік қаны тамған өлкеге қатысты жылы естеліктерімен бөлісуде. Десе де, алуан түрлі ақпараттан көз сүрінетін әлеуметтік желілерде көне шаһар туралы тек жағымды жаңалықтар ғана жарияланып жатқан жоқ.
Оған 17 жыл бойы немере ағажеңгесінен қорлық көрген Құндыз бен Назгүлдің заңды қамқоршысы саналған әулиеаталық азаматшаның үйіндегі жай-күйі түрткі болды. Бұған дейін желі қолданушылары аяқ-қолы байланған Құндыздың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, ел-жұрттың назарын аудартқан еді. Кейін бұл іске танымал журналист Руслан Өтепбай араласып, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, «Koremiz» бағдарламасының жүргізушісі тиісті мамандардың көмегімен апалы-сіңлі қыздарды әлеуметтік көмек көрс ету орт алығына орналастырды. Ол бұл туралы Instagram-дағы парақшасында бөлісіп, болашақта бұдан да жайлы орын қарастыратынын жеткізді.
Өкінішке қарай, Зулфия Төленова қос қыздан бөлек өзге де асырап алған балаларына күш көрсеткенге ұқсайды. Бұл жөнінде де Руслан Өтепбай мәлімдеді. «Бәрі белгілі болды. Қиналып жүрген тек Құндыз бен Назгүл ғана емес екен. Желтоқсан айының 29-ы күні Зүлфия Төленованың үстінен ұрыпсоғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызданушылар – асыранды балалары. Балалардың айтуынша, Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген», – деді ол.
Мұны Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова да растады. Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде тараған кәмелеттік жасқа толмаған бейнеролик бұған дейін орын алған.
Атап өтейік, бұған дейін балалардың қамқоршысы Зүлфия Төленова кәмелетке толмағандарға қол көтергенін журналист Руслан Өтепбаймен өзара тілдесу барысында түсіндіруге тырысқан.
Осылайша қамқоршыдан күдіктіге айналған Зүлфия Төленованың қарауында бұл күнде ешқандай бала жоқ. Олардың бәрі бірдей мемлекеттік мекемеге тапсырылған. №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы директорының орынбасары Алпысбай Зейнелдің айтуынша, апалы-сіңлілерге енді 14 күндік бақылау жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ.
Айта кету керек, дәл осы жағдайға байланысты қоғам белсендісі Бағила Балтабаева да өз пікірін білдірді. Ол өз сөзінде Зүлфия Төленова балаларды жәрдемақы үшін қамқорлығына алған деді.
Бүгінгі таңда арнайы орталыққа орналастырылған қос қыз әу баста ешкіммен тілдесуге тілек білдірмегенімен, уақыт өте сыныптасы Бибігүлмен әңгімелеседі. Екеуара сөйлесу кезінде Құндыз ашылып, бар шындықты жайып салады.
Дәл осы тұста ойымызға қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі оралды. Байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісі суреттелген шығармада жан түршігерлік азап пен ауыртпалық аса шыншылдықпен әсерлі баяндалады. Ер азаматы жоқ үй, соқыр әйел, кәрі әже мен жас қыздың зарлап қалуы кімді де болсын тебірентпей қоймайды. Әңгіме кейіпкерлері болыс Ақан мен оның атшабары Қалтайдың зорлық көрсетуі олардың адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді.
Нәтижесінде, қорлыққа жаны төзбей, жауыздықтың құрбаны болған Ғазиза әкесінің моласына барып, үсіп өледі. Жалпы, нақ осы шығарманың жарық көргеніне бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, мазмұны әлі де өзекті екені жаныңды ауыртады. Әйтпесе, айдың, күннің аманында апалы-сіңлі қыздардың қорлық көруі адам сенгісіз жағдай ғой. Иә, алдағы күндері құзырлы орган өкілдері осы істе кінәлілерді анықтап, заң аясында жауапқа тартары сөзсіз. Бірақ қорғансыздың күнін кешкен қыздардың обалы кімге? Ойланатын сұрақ!
Есен ӨТЕУЛІ