Басты жаңалық

Конституциялық реформалар жөніндегі облыстық актив отырысы өтті

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен облыстық актив отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Басқосуға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен басқармалардың, кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. 

Алдымен облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Нұралиев жаңа Ата Заң жобасының мәні мен маңызы, оның негізгі ерекшеліктері, сонымен бірге комиссия қызметі туралы сөз сөйледі. 

Сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев пен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жаңа Конституция жобасын қолдап, бұл бастама елдің ертеңіне берік негіз қалайды деген сенім білдірді.

Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.