Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің
Ежелден қазақ ұлтының бойына сіңген салт-дәстүрі, мәдениеті мен өмірлік ұстанымы бар. Ол туралы басылымдарда аз жазылып жүрген жоқ. Тіпті Еуропа мен мұхиттың арғы бетіндегі елдердің газетжурналдарында ерте жүзжылдықтарда жарияланған мақалалар, кітаптар ұшырасады екен. Мысалы, 1803 жылы Лондонда жарық көрген «Ресей империясының киім мәдениеті» атты кітапты В.Миллер бастаған авторлар әзірлеген.
Бұл–сол кезде империя құрамында өмір сүрген әртүрлі халықтардың киім-кешек мәдениетін Батыс әлеміне таныстыруды мақсат еткен құнды еңбек деп жазады журналист Дүйсенәлі Әлімақын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» (10.12.2025). Онда қазақ халқы туралы: «Бұл халықтың жүріс-тұрысында, мәдениетінде де өзгешелік бар деп айтылып келеді. Бұны олардың әйелдеріне қарата айтуға болады. Қазақ әйелдері ақылмен ел басқару ісіне де араласа алады. Сонымен қатар олар күйеулері жортуылдан оралғанда барымтаға әкелген күңдерге де аса жанашырлық танытады.
Қазақ әйелдері отбасында ер адамнан қоқан-лоққы көрсе, төркініне кетіп қалуға бейім тұрады. Олардың күнделікті жұмысы ретінде мал бағу, тері илеу, жүннен киім тігу секілді шаруаларды айта аламыз. Қазақ халқының дастарқаны мол. Олар үшін еттің майы мен сары майды жұта салу қиынға соқпайды. Барлық басқа татарлар сияқты, бұл халық та насыбайға тым әуес, сонымен қатар оның ұнтақ түрін тұтынады. Өйткені ондай насыбай адамның басына тез әсер етеді» деген дерек жазылған.
Әрине, шетелдік қаламгердің айтқан біраз пікірімен келісетін, келіспейтін жағымыз да бар. Басты мәселе, қазақ деген ұлт бар екен деп басқа бізден алыста жатқан ел-жұрттың құлағына құя бергені жөн ғой. Ал «Аq jol» газетінде (16.10.2025) журналист Эльмира Байназарованың «Тұңғыш перзентін ата-әжесінің қолына беру» деген мақаласы жарияланды. Автор қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі – алғашқы ұлын немесе қызын әжесі мен атасының тәрбиесіне беретіні жайлы сөз қозғап, әжесінің қолында өсіп, жақсы ұлттық тәрбие алған бірнеше азаматтардың өмір жолын, олардың пікірлерін келтіре отырып, «Қазақтың осы дәстүрі дұрыс па?» деген ой тастапты.
Иә, бұрынғы заманнан жас отбасында дүниеге келген түңғыш сәбиі әжесі мен атасының тәрбиесіне берілетінін білеміз. Ондай тәжірибе нешебір атақты адамдардың өмірінде де болған. Мысалы, Абай Құнанбайұлын әжесі Зере, Шоқан Уәлихановты әжесі Айғаным кішкентайынан тәрбиелеп, өмірге қанат қақтырған. Одан олар еш кемшілік көрмеген, қайта оларды ерекше құрметтеп, сыйлап өткен. ...Бірде сөзден сөз шығып, бажам Сырасыл екеуіміз ана, оның алдындағы перзенттік парыз туралы ой-пікір бөлістік. Сонда ол: – Біз бір ата-анадан сегіз бауырмыз. Әке-шешеміз жандарын аямай, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқттырмай» бізді мәпелеп өсірді, тәрбиеледі, білім берді. Әрқайсымыз жеке-жеке шаңырақ көтеріп, үйлі болдық, өз бала-шағамыздың қамқоршысы атанып, солардың проблемаларымен айналысып, өз бетімізбен кеттік.
Қартайған әкешешеміз кенже ұлының қолында болды. Мен отбасымыздың тұңғышы ретінде әжем мен атамның қойнында шолжаңдап, ерке өстім де, анамды «жеңеше», әкемді «аға» деп атадым. 40-қа толғанымда ағайын-туыстарға дастарқан жайып, батасын алдым. Сол сәтте сөз барысында анам абайсызда: «Бұл – менің тұңғышым ғой», – деп айтып қалды. Сонда қасында отырған замандас қайынбикелері шу етіп: «Өйтуге қалай аузың барады? Аруақтардан ұялмайсың ба?», – деп анамды ыңғайсыз жайға қалдырғаны есімде. Жарықтық, анам: «Кешіріңдер, кешіріңдер…», – дей берді сасқанынан. Ойлап отырсам, көздері тірі кезде әкем мен шешеме тым жақындамай, әр кез арақашықтықты сақтап, қолдан келер жылулығымды төкпеппін. Әкем ауылдық мектепте өмір бойы мұғалім болып қызмет етіп, зейнетке шығып, балаларының қолына – қалаға қоныс аударды. Өкініштісі, қайран әкем өмірден ерте озды.
Анамыз тұратын ініміздің үйіне анда-санда сәлем беруге бас сұғып, шағын бір сыйлығымызды (орамал, көйлек, шай, т.б.) беріп кетуден аспадық. Соның өзіне анамның көңілі жадырап, батасын беріп, балаша мәз болып қалатын. Соңғы жылдары ауырып, біраз қиналды, бірнеше рет ауруханаға жатып, ем-дом алды. Бірақ дерті бірте-бірте меңдей берді. Бір күні көңілін сұрап барсам, анам әжептәуір сынып, көз жанары сөніп, бойынан күш-қуат кетіп қалыпты. Алғаш рет қысылмай құшақтап сәлем беріп, көзінен сүйдім.
Анам байғұс мұндай оқыс әрекетімді күтпеген болу керек, екі көзі суланып, мөлт-мөлт етіп келген ыстық жасын орамалымен қайта-қайта сүртіп отырып, бірер сағатта о дүниеге аттанып кетті. Сірә, мейірімді де нәзік ана жүрегі ерекше көңіл толқынысын көтере алмаған болуы керек. Міне, содан бері қанша жыл өтті. Біз де қартая бастадық. Тәубе, немерелеріміз аталап аяғымызға оралып, үйімізді думанға бөлеп, шапқылап жүр. Ойға берілген сәттерде анамның сол соңғы бейнесі көз алдыма көлбеңдеп келіп қалады. Оған деген сағыныш өмірімнің соңына дейін жалғасар. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп қазақ бекер айтпаған екен. Жылдар жылжыған сайын «Ата-анамның еңбегін ақтай алдым ба? Оларға мен қандай жақсылық жасай алдым? Олардың алдындағы парызымды толық орындай алдым ба? Өмір барысында нені елемедім?» – деген сұрақтар мені қатты мазалайды. Сондай сәттерде әлгіндей сауалдарға жауап іздеп қиналатыным рас, – деп сырымен бөліскен еді.
Әрине, мұндай оқиғалар қазақ отбасында жиі ұшырасып жатады. «Апасының қызы», «Атасының баласы» деп қарттардың көңілін аулап, туған әкесі мен анасы өз баласынан қашықтықты сақтап отырады. Сөйтіп көптеген ата-ана өз баласының тәрбиесіне де терең араласпайды. Одан, менің ойымша, жас бала еш жамандық көрмейді.
Керісінше, әжесі мен атасының «бауырына» өсіп, ата-бабамыздың салт-дәстүрін, өсиет сөздері мен мейірлікті, ізеттілік пен тәрбиелікті бойына сіңіріп өскенге не жетсін?! Әрине, жас отбасы әке-шешелерімен бір шаңырақ астында бірге тұрып жатса өте жақсы. Ал егер ата-әжесі ауылда тұрып, жиі араласпаса бала әжептеуір қиыншылықтар мен кемшіліктерге душар болады. Бір «ұяда» өспеген ба ла лар арасында, бір әке мен шешеден болса да, жекешеленіп, біріменбірі араласуы қиындап, жақындық, бауырмалдық сезім солғын тартады. Әйтпесе, ата мен әжесінің тәрбиесі бала тәрбиесінде, өмірге қалыптасуда орны ерекше. Бірақ өмірде барлығы біз ойлағандай бола бермейді.
Базбір әжелер: «Басымды қатырғым келмейді. Өз балаларын өздері бақсын» деп безбүйректік танытатындар бар. Әрине, ондай «айға шабуыл» жасап тұрған әжеден немересі қандай тәрбие алады? Ойланатын жағдай.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
дәрігер-хирург,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз қалас