Жарықты өндіру жағынан алдыңғы орындамыз
Бүгінгі күнде адам баласы үшін ауа мен су секілді тіршілік көздері қаншалықты қажет болса, тұрмыс пен өнеркәсіпке керекті энергияның да маңызы соншалықты артып келеді. Сол себепті де стратегиялық ресурсты үнемді пайданалану бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл бағытта өңірде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру үшін жаңа энергетикалық қуаттарды енгізу, инновациялық энергетика, энерготиімді өнеркәсіп, Энерготиімді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энерготиімді транспорт пен энерготиімді көше жарығы бойынша 6 бағытта жұмыстар атқарылуда.
Оның ішінде жаңа энергетикалық қуаттарды енгізу бойынша өткен жылы «KOREM» компаниясының сауда алаңында біртұтас энергетикалық жүйенің солтүстік және оңтүстік аймағы үшін маневрлік генерациялау режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін қондырғылардың құрылысы бойынша аукциондық сауда-саттық өткізілген болатын. Нәтижесінде, Тараз қаласында 200 мегаватты құрайтын бу-газ қондырғысын орнату бойынша аукциондық саудасаттықтың жеңімпаздары анықталып, бүгінде жеңімпаз компаниялармен тиісті құжаттары рәсімделуде.
Жобаларды 2028 жылы іске асыру көзделген. Сондай-ақ «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ 2024-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында қуаты 210 мегаватты құрайтын газ-турбиналық қондырғы (ГТУ) орнату бойынша жобаны 2027 жылға аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, «KEGOC» АҚ тарапынан Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінің оңтүстік аймағының электр желісін күшейту бойынша облыс аумағында 300 шақырымды құрайтын 500 киловольт электр желісінің құрылысы және «Шу», «Жамбыл» қосалқы стансасын қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда.
Жаңа әуе желісінің құрылысы облысқа қосымша қуаттылығы жоғары нысандарды енгізуге, электр энергиясының тұрақтылығына, оңтүстік өңірдін электр энергиясына деген тапшылықты жоюға мүмкіндік бермек.
Екінші бағыт, инновациялық энергетика бойынша да аймақта ілкімді жобалар іске асуда. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істеуде. Оның ішінде, 6 су электр стансасы, 10 жел электр стансасы және 6 күн электр стансасы бар. Өткен жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр стансасы іске қосылған болатын. Сондай-ақ Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр стансасында қосымша 20 мегаваттқа кеңейту жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылдары облыста жалпы қуаты екі гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Олар – Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаваттық жел электр стансасы жобалары. Masdar компаниясы тарапынан салынатын жел электр стансасының жобалық құны 742 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінде жел электр стансасына, жобалау іздестіру жұмыстарына 44 мың гектар жер учаскесі берілген. Биылғы жылы компания жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, келер жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2029 жылға жобаны іске қосуды көздеп отыр. Ал Мойынқұм ауданында француздық «Total Eren» компаниясымен іске асатын жобаның құны 1 триллион теңгені құрайды. Аталмыш жобаны 2028 жылы аяқтау жоспарланған. Үшінші бағыт – энерготиімді өнеркәсіп бойынша «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерін қалыптастыру қарастырылған.
Облыста жалпы 1260 мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі тіркелген. Олардың ішінде 892 мемлекеттік мекеме, 341 квазимемлекеттік субъекті мен 27 заңды тұлғалар бар. Энергетикалық тізілім субъектілері жыл сайын 1 сәуірге дейінгі мерзімде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтына есепті кезеңге ақпарат ұсынады. Сол бойынша энергия тұтыну нормативтеріне сай жұмыс жүргізеді. Сонымен бірге энерготиімді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша облыстағы төрт қалада жалпы 1855 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 620-сы қанағаттанарлық жағдайда, 657 үй жөндеуден өткен, ал қалған 578 үй жөндеуді қажет етеді. Көпқабатты тұрғын үйлерде жылу энергиясын тұтынудың көлемін азайту мақсатында 2011- 2024 жылдары аралығында жалпы 23,8 миллиард теңгеге 657 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.
Жоғарыда атап өткеніміздей, энерготиімділік транспорт саласына да еніп келеді. Қолданыстағы автомобильдер парктерінің энерготиімділігін арттыру мақсатында өңірде сұйытылған мұнай газ түріне көшу мәселесі қолға алынған. Соған сәйкес, облыста тіркелген жалпы 240315 автокөліктің 13 пайызы сұйытылған мұнай газ түріне ауысқан. Бүгінгі күнде облыс аумағында 32 газ желісі ұйымдарымен 288 газ толтыру бекеттерінде қызмет көрсетілуде. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы 1 ақпандағы дерегі бойынша облыс көлемінде 115 электромобиль тіркелген.
Қазіргі таңда облыс аумағында электромобильдерді қуаттайтын 13 станса жұмыс атқаруда. Осы ретте, алдағы уақытта Тараз қаласы аумағында қуаты 60- 120 киловатты құрайтын 15 электр қуаттау стансаларын орнату жоспарда екендігін атап өткен жөн. Көше жарығына келер болсақ, облыста жалпы 5392 көше бар. Оның 2501-і жарықпен қамтамасыз етілген болса, қалған 2891- і жарықтандырылмаған. Жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелерде 50 948-і энергия үнемдеуші жарықдиодтты шамдар мен 11854-і натрийлық шамдар орнатылған.
Өткен жылы Тараз қаласындағы 76 көшені жарықтандыруға 1 миллиард теңге бөлініп, 36 көше жарықтандырылған болатын. Биылғы жылы қалған 40 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Ал аудандар бойынша өткен жылы 121 көшені жарықтандыруға 573,9 миллион теңге қарастырылып, 83 көше жарықтандырылған. Қалған 38 көше бойынша жұмыстар 2025 жылы жалғасын таппақ. Облыстағы тұрғындарды тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында 154 шақырым электр желілері қайта жаңғыртудан өткен болатын. Нәтижесінде, электр энергиясының жоғалуы және авариялық өшірулердің төмендеу салдарынан 25-30 пайыз электр энергиясы үнемделген.
Сондай-ақ 2024 жылы энергия үнемдеу және энерготиімділігін арттыру мақсатында бюджеттік ұйымдарда, оның ішінде білім нысандарында қолданыстағы люминесцентті шамдар 16276 дана жарықдиодты шамдарына ауыстырылды. Сонымен қатар облысымыз республика бойынша «АСКУЭ» маркалы электрэнергиясын есептеудегі автоматтандырылған жүйесін бірінші болып енгізді. Бүгінде облыс тұрғындары электронды есептеу аспаптарымен толығымен қамтамасыз етілген.
«АСКУЭ» есептегіш аспаптары орнатылған аймақтарда электр энергиясындағы техникалық ысыраптар көлемі көпқабатты тұрғын үй секторларында 30 пайыздан 8 пайызға дейін және жеке секторларда 35-тен 15 пайызға дейін төмендегені байқалған. Сондықтан биыл облыс бойынша 5307 дана «АСКУЭ» есептеу құрылғысын орнату жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде баламалы энергия көздерін өндіру бойынша облысымыз алдыңғы қатарда келеді. Жаңартылған энергия көздерінен бөлек, өңірде 24 компания электр энергиясын өндірумен айналысады. Олардың жалпы қуаты 1844 мегаватты құрайды.
Нұрболат АМАНБЕК