Иманы беріктің – ибасы берік
Рухани байлық пенденің жүрегіндегі иман байлығы болса, материалдық байлық – өмірде жиған-терген дүниесі. Асылында адам баласы өзі өмір сүріп жатқан қоғамда тиісті деңгейде тіршілік етуі үшін қос байлықты құстың қос қанатындай тең дәрежеде ұстауы керек.
Имандылық – шынайы иманның жемісі. Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет. Имандылық – адамның бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінезқұлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ер жетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарымқатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық тәрізді маңызды мәселелер – имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі.
Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау.
Адамзат баласы иман арқылы екі дүние бақытына қол жеткізері ақиқат. Иман келтірген адам діннің парыздарын парыз деп, харамды харам деп біліп, иман негіздеріне толығымен сенуі қажет. Асыл дініміздің парыз еткен қандай да бір бұйрығына сенбеу адамды діннен шығарады. Өйткені пенде иман келтірген соң діннің ешбір нәрсесін жоққа шығармауы керек. Діннің әмірі мен тыйымының біріне сеніп, енді біріне сенбеуге болмайды. Иман ұғымын, оның шарттарын толыққанды түсінуіміз үшін мынадай мағлұматтарды білген абзал. Дегенмен діннің бүкіл амалына сеніп, оның кейбірін орындамаса, діннен шыққан болып есептелмейді. Мынаны ажырата білуіміз керек. Діннің үкімдерін жоққа шығару бір басқа, оны орындамау – өз алдына басқа нәрсе. Кейбір сенімге селкеу салып жүрген ағым өкілдері намаз оқымаған адамды діннен шығарып, кәпірге балап, айды аспаннан бір-ақ шығарып жүр.
Дін ұстанудың жөні осы екен деп білімсіздікке салынбау керек. Иманның шарттарын бөліп-жармай, діннің үкімдерін бірін-бірінен артық не кем көрмей, барлығын да жақсы көріп орындау қажет. «Намаз жақсы, ораза онша емес» деуге еш қақымыз жоқ. Сондықтан мұсылман діннің барлық үкімін теңдей жақсы көруі тиіс. Дәл осы жол, дәл осы пейіл – асыл дініміз Исламның басты қағидасының бірі еді және «Білімсіз дін – соқыр, дінсіз білім – ақсақ» деген еді. Дінде ғана емес, кез келген саланың көкжиегіне көтеріліп, ғылым тереңіне бойлау үшін ең алдымен білім керек. Ол үшін көлденең көк аттыға еріп, соқыр сенімге сеніп кетуден сақ болғанымыз абзал. Хакім Абай атамыз айтқандай: «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, белгісі надан адамның», – деп надандықтың жетегіне еріп кету жалпы қоғамға, қоғамдағы ұлт бірлігіне сызат түсіріп, аяғы түрлі бүліктерге алып келуі мүмкін.
Дін ұстай білсеңіз қасиет, ұстай алмасаңыз қасірет екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Білімсіздіктің аяғы соқыр сенімге алып келеді. Мұндай жандар түптеп келгенде діннің жанашырлары емес, жауларына айналмақ. Дінді дұрыс түсінбеуден, оған терең ілім ретінде қарамаудан асыл дініміз Исламға аракідік күйе жағылып тұрады. Жаратылған пенденің көкірек көзінің бітеліп қалғандығынан Жаратушы иеміздің аманаты болған асыл дінімізге неше түрлі айыптар тағылуда. «Экстремизм», «терроризм», «фанатизм» сияқты неше түрлі «измдер» жалғанып, қарапайым халықтың көңіліне көлеңке түсіруде. Жоғарыда айтқанымдай, дін – Алла тағаланың пендесіне берген үлкен нығметі болғандықтан онда ешқандай да адамға жасалатын қиянат жоқ.
Қоғамда болып жатқан небір жамандық атаулыны дінмен байланыстырып, қаралай беру дегеніміз, нағыз дін дұшпандарының әрекеті болмақ. Өйткені, Хақ тағаламыз дінді Құдайына құлшылық жасау арқылы баянды болашағының бағдаршамына айналдыруды бұйырған. Ал қаруға айналдырып, қантөгіс жасау немесе өзін-өзі жарып жіберу арқылы жанкештілік көрсету ешқандай діннің негізіне жатпайды. Жалпы, дін дегеніміз – адамның өзінөзі тәрбиелеп, екі дүниелік бақытына жол ашатын, оқу-білімге жетелеп, бойына ізгі қасиеттер сіңіріп, қараңғы кеудесін иман нұрымен жарықтандырып, көркем мінез сыйлайтын бірден бір ілім. «Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді» дегенді терең түсінген бабаларымыз: «Жиғанымды алсаң да, иә, Алла – иманымды алма» деп дұға жасаған.
Мына қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратып тұрған діннің де алар орны ерекше. Сондықтан дін мен саясаттың беріктігін қоғамның беріктігі деп түсінгеніміз жөн. Осы екі сала жарылмайтын жаңғақтай жұмыр дүниеге айналғанда ғана, ешкім де ішімізден ірітіп, іргемізді ажырата алмайды. Дін діліміз һәм діңгегіміз екенін естен шығармайық.
Хәкім Абай он үшінші қара сөзінде иман ұғымы жайлы: «Иман – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ», – деп анықтама берсе, Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев жастарға қарата:
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi Құраны, Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн! – деген болатын.
Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Алла кімге иманды берсе, онда бермегені қалмаған екен. Ал кімге иманды бермесе, онда оған ешнәрсе бермеген екен», – деген болатын.
Қазақ халқы қашан да «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді» деп иманды үлкен байлыққа балап, барлық жақсы қасиеттер имандылықтан туындайтынын, имансыз адам бүкіл жақсылық атаулыдан мақұрым қалатынын айтқан. Ендеше Аллаға деген иманымызды қызғыштай қорып, Алланың әмірлерін орындауда, ұрпақтарымызға имани тәрбие беруде жаңылмайық! Алла тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін!
Рамазан МАРАТБЕКҰЛЫ
облыстық «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мекемесінің Жуалы ауданы бойынша инспекторы.