Тіліне ие болған абыройына да ие болады
Қазақта «Басқа бәле тілден» деген мақал бар. Біреуге абайсызда артық сөйлеп қойсаңыз да, оның арты жанжалға ұласуы мүмкін. Сондықтан «бір елі ауызға – екі елі қақпақ» қойып жүргеннің артықтығы жоқ. Мұны шариғатта да қатаң ескертеді.
Ислам дінінің негізгі бес шарты бар. Оның ішінде намаз оқу, ораза ұстау ерекше маңызға ие, көп адам орындай алатындай амал. Дегенмен, сол намаз бен оразаны пенде қаншалықты ықыласпен орындайды деген басқа мәселе. Дін өкілдерінің айтуынша, Жаратушы біздің шынайы ықыласымызға назар аударады. Әйтпесе, Алла біздің сәждеге бас қойып, еңкейгенімізге мұқтаж емес. Отыз күн аш жүріп, қиналғанымызға Құдай мұқтаж емес. Бастысы – шынайы ықылас екен. Нағыз мұсылман кісі қандай адам болуы керек?
Міне, осындай маңызды сұраққа дін өкілдері: «Тілімен де, қолымен де ешкімге зәбір бермеген адам» деп жауап береді екен. Құран кәрімде де бұл туралы қатаң ескертеді. Тілімен зәбір бермеу дегенді қалай түсінеміз? Өмірде өзін өте жақсы, үлгілі көрсететін адамдар бар. Бірақ, біреудің сыртынан ғайбат айтқан кезде алдына жан салмайды. Мұндай кісіні иманды адам деп айта алмайтынымыз анық. Тіпті, Құранда біреуді ғайбаттаған кісілер адамның етін жегенмен тең деп түсіндіріп, сақтандырады. Қазіргі таңда досымен шай ішіп отырып, талай кісіні жамандап, өсектеп тастайтындар көп. Тіпті, намазын оқып, оразасын ұстап жүрген адамда да ондай осалдық кездесіп жатады. Міне, осындай жаман әдеттен аулақ болуымыз керек екен. Мәселен, біреудің сені жамандағанын қалайсың ба? Әрине, қаламайсың. Сен ғайбаттаған адамдар да сондай. Сенің өсегіңнің себебінен оның беделі түсіп жатса, оның күнәсі өте ауыр.
Осы тұста бір тәмсіл еске түседі. Баяғыда бір сараңдау бақуатты бай кісі өмір сүріпті. Малы, жұмысы көп болғандықтан, базардан құл сатып әкеліп жұмсайды екен. Бір жолы құл базарға барса, қожайыны еңгезердей үлкен жалшыны арзанға сатып тұр дейді. «Бұл неге арзан, жұмысты нашар істейді ме?», – деп сұрапты бай кісі.
«Жоқ, бұл жұмысты жапырып істейді. Ол жағынан міні жоқ. Тек тіліне ие бола алмайды, өсек, ғайбатты көп айтады» депті сатып тұрған кісі. Бай сонда: «Өсек, ғайбат айтса айта берсін, құлмен сөйлеспеймін де ғой. Жұмысымды жапырып істеп берсе болды емес пе?», – деп әлгі құлды арзанға сатып алады.
Содан әлгі құл шынымен жұмысты жапырып істейді. Байдың жұмыстары тиянақты істеліп, шаруасы икемделіп, көңілі жайланады. Көңілі жайланып, әлгі құлын жақсы көре бастайды. Шақырып алып әңгімелесетін әдет табады. Бұл құлдың өсекші екенін есінен шығарып алады. Ақыры әлгі құл бай мен әйелінің арасына түсіп, өсек айтады. Сол ғайбат сөздің кесірінен бай әйелімен ажырасып, отбасының берекесі бұзылып тынады. Міне, бұл қасірет те ғайбаттың әсерінен болған екен. Ал қолымен зәбір беру деген түсінікті.
Күшім жетеді екен деп, әлсізді соққыға жыға берген кісі шынайы мұсылман ба? Ондай кісіде ізгілік, туралық, жүректің жылылығы бар деп айта аламыз ба? Әрине, айта алмаймыз. Демек, тіліне ие болған кісі иманына да, абыройына да ие бола алады. Шариғат бойынша жақсы мен жаманды ажыратудың да жолдары бар. Жақсы адамдарда кемшілік болмайды деп айта алмаймыз.
Пенденің бәріне кемшілік, қателесу тән. Ислам діні бойынша жамандығы жақсылығынан аз адамды жақсы адам деп айтады екенбіз. Әрине, бұл жамандықты істей бер, жақсылығың көбірек болса болды деген сөз емес. Қолдан келсе жақсылық жасап, ізгі амалды көбейткенге не жетсін! Адамның адалдығы мен ізгілігі – ең асыл қасиет. Шариғат та ондай кісінің амалын құптайды.
Есет ДОСАЛЫ