Әлеумет

Ақиқатты білген адаспайды

Қазіргі жаһандық заманда рухани қауіпсіздік және қазақ халқының рухани болмысының өзектілігі жоғарылап барады. Әлемдегі бірқатар мемлекеттердің орнықты дамуына этностық және діни жанжалдар айтарлықтай қатер төндіріп отырғаны шындық. Еліміз этносаралық татулық пен келісімнің бірегей үлгісін жасай алды. Барлық қазақстандықтардың этносы мен нанымсеніміне қарамастан, тең болуы және бір-біріне деген құрметі, қоғамдық келісімнің нығаюы, халықтар достығы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты басымдықтары болды және солай бола бермек. Дегенмен мемлекетіміздің шаңырағын шайқалту мақсатында әлеуметтік желі, яғни «TikTok», «Instagram», «Telegram», «YouTube» сияқты мессенджерлерде этносаралық және конфессияаралық алауыздық тудыратын ақпараттар жариялап, халқымыздың бірлігіне сызат түсіруге ұмтылып жүргендер бар.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, адамдар күніне 140-344 мәрте телефон қарайды екен. Яғни, әр 5 минут сайын телефон ақтаруды әдетке айналдырған. Күніне орта есеппен әркім 3-4,5 сағат уақытын әлеуметтік желіде өткізеді. Тіпті, 16-24 жас аралығындағы жастардың күніне 8 сағат уақытын әлеуметтік желіде өткізетіні туралы мәліметтер де бар. Бұл дегеніміз, қазіргі уақытта деструктивті діни ағымдар мен экстремистік, террористік ұйымдар өз идеологиясын насихаттау мақсатында әлеуметтік желіні тиімді пайдалануда. Интернетте адамдардың назары үшін ақпараттық майдан жүріп жатыр.

Қазақстан азаматтарының рухани қауіпсіздігін сақтау мақсатында халқымызға сыни ойлау, яғни кез келген ақпаратты фильтр арқылы өткізу дағдыларын үйретуіміз қажет. Ол үшін не істегеніміз жөн? Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет.

Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн» деп айтқан сөзіне негізделе отырып халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізу керек. Қазақ даласына ислам діні қиссалар, рисалалар, шежірелер, насабнамалар, ауыз әдебиеті, жыр- дастандар арқылы таралған болатын.

Бауыржан Момышұлы: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі керең боп қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын.

Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда» деп қисса, ертегілер мораль, адамгершілік құндылықтарға тола екенін айтып кеткен. Сондай қиссаның бірі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінің салынуы туралы оқиғаға ой жіберсек. Арада бірнеше ғасыр өткен соң, Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауидің бейітіне күмбезді кесене салмақ болады. Түркістанға келгеннен кейін бұл істі қолға алады. Бірақ кешке дейін қалаған дуал таңертең барса, бұзылып жатады. Оны құлатқан кім екенін білу үшін Әмір Темірдің өзі түнде келіп қарауыл болады. Түннің бір ортасында үлкен өгіз келіп, дуалды сүзіп қиратады. Әмір Темір ойланып қалады. Оған түсінде Қожа Ахмет бабамыз аян беріп, былай дейді:

– Ол көк өгіз Арыстан баптың аруағы. Сен, алдымен соның басына кесене тұрғыз, – деді.

– Мен оны қалай табамын? – дейді.

– Мен өзім жол көрсетемін, – деп жауап береді. Сонымен ол ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан бап жатқан жерді тауып, зәулім кесене салады. Осы кезден бері қалыптасқан зиярат тәртібі бойынша адамдар алдымен Арыстан бап кесенесінде түнейтін болған. Ертесіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Құдайдан тілектерін тілейді екен. Бұл қиссадан алатын мораль, құндылық – ұстаздарды әсте құрметтеу керек. Оқыған білімді адамдарды патшалардың өзі құрмет тұтқан. Осы қиссаны оқыған жастар білім, ғылым жолын таңдары сөзсіз. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың діни танымы төрт қағидаға негізделген.

Атап айтқанда, бірінші «заман» заманға сай өмір сүруді және жаңа технологиялар мен инновацияларды игеруді дәріптеген. Екінші «мәкән» яғни Отан деп туған еліне, жеріне аянбай еңбек етіп, қазақстандықтардың бір ғана Отаны барын түсіну. Қазақта бұл жайында жақсы мақал бар, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген. Үшінші «ихуан», яғни бауырмалдық деп адамдардың ұлтына, нәсіліне, дініне, түсіне қарамастан құрмет көрсетіп, бауыр тұту. Төртінші «Рабтасұлтан» – басшыға бағына отырып әділеттілікті талап ету. Бұл қағида мемлекетіміздің ұстанып отырған жалпы саясатына толық сәйкес келетінін көрсетеді.

 

Ерзат ЖАҚЫПОВ

облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы, дін саласындағы республикалық ақпараттық топтың мүшесі.