Денсаулық

«ЖИ дәрігердің орнын баспайды, оның сенімді серіктесіне айналып отыр»

Денсаулық сақтау – қоғам үшін ең сезімтал әрі жауапкершілігі жоғары саланың бірі. Бұл саладағы әрбір шешім адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары медицинаның дамуы тек жаңа дәрі-дәрмек пен заманауи құрал-жабдықтармен ғана емес, цифрлық технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллектінің кеңінен енгізілуімен тығыз байланысты бола бастады. Бүгінде жасанды интеллект медициналық диагностикадан бастап науқастарды тіркеу, емдеу процесін жоспарлау, деректерді талдау және басқару шешімдерін қабылдауға дейінгі көптеген бағытта қолданылып келеді. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда жаңа технологияны енгізу тек техникалық жаңару емес, ол сонымен қатар кадр дайындау, құқықтық реттеу, этикалық жауапкершілік және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін де қатар алып жүреді. Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы да өз Жолдауларында медициналық қызметті жетілдіруде цифрлық шешімдер мен инновациялардың маңыздылығына бірнеше рет тоқталған болатын. Осы тұрғыда жасанды интеллектінің салаға қалай енгізіліп жатқаны, оның нақты пайдасы мен алдағы міндеттері қоғам үшін аса өзекті. Осы мәселелер төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбекпен арнайы сұхбат жүргізіп, саладағы цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері, оны қолданудағы жауапкершілік пен болашақ жоспарлар жөнінде кеңінен әңгімелескен едік.

Сержан НАЗАРБЕК, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «ЖИ дәрігердің орнын баспайды, оның сенімді серіктесіне айналып отыр»

– Сержан Сәрсенбекұлы, өзіңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында цифрландыру мен жасанды интеллектіне айрықша мән берілді. Бұл бағыт денсаулық сақтау саласы үшін неліктен соншалықты маңызды деп ойлайсыз?

– Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбаты – ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарын айқындайтын аса маңызды құжат. Онда көтерілген цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мәселелері денсаулық сақтау саласы үшін ерекше мәнге ие. Себебі медицина – адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін, дәлдік пен жеделдікті талап ететін сала. Қазіргі таңда әлемдік медицина дамуы дәл осы цифрлық технологиялар мен деректерге негізделген шешімдерге сүйеніп отыр. Бұрын біз көбіне ауру асқынғаннан кейін ғана емдеуге көшетінбіз, яғни реактивті медицина басым болды. Ал бүгінгі күннің талабы – аурудың алдын алу, қауіпті факторларды ерте кезеңде анықтау, пациенттің денсаулығын үздіксіз бақылау. Бұл – профилактикалық және проактивті медицинаның басты қағидаттары. Жасанды интеллект дәл осы үдерістерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол медициналық деректерді терең талдау арқылы тәуекелдерді болжауға, диагноз қою сапасын арттыруға және емдеу тактикасын дер кезінде түзетуге жол ашады. Сондықтан цифрландыру мен ЖИ – денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаңғыртатын негізгі құралдардың бірі деп сеніммен айтуға болады.

– Жасанды интеллект денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысына нақты қандай өзгерістер әкеліп жатыр?

– Жасанды интеллектінің ең басты әсері – медициналық шешім қабылдау үдерісінің жеделдеуі мен дәлдігінің артуы. Бүгінде ЖИ жүйелері үлкен көлемдегі медициналық ақпаратты: зертханалық талдауларды, диагностикалық суреттерді, пациенттің ауру тарихын кешенді түрде сараптап, дәрігерге нақты әрі дәл ұсыныстар бере алады. Бұл адам факторының әсерін азайтып, қателікке жол бермеуге көмектеседі. Әсіресе онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, өкпе аурулары сияқты әлеуметтік маңызы бар дерттерде ЖИ-дің рөлі айрықша. Мұндай ауруларда диагнозды ерте қою – өмірді сақтап қалудың басты шарты. Жасанды интеллект патологиялық өзгерістерді бастапқы кезеңіндеақ анықтауға мүмкіндік беріп, емнің тиімділігін арттырады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар дәрігерлердің қағазбастылығын айтарлықтай азайтып отыр. Электронды медициналық жазбалар, автоматтандырылған есептер дәрігер уақытын үнемдеп, оны тікелей пациентпен жұмыс істеуге, емдеу сапасын арттыруға бағыттауға жағдай жасайды. Бұл – медицина қызметкерлерінің де, пациенттердің де ортақ мүддесіне сай келетін маңызды өзгеріс.

– Облыстағы денсаулық сақтау саласы жаңа жүйені қалай қабылдады және бұл бағытта қандай нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Өңірде цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бастапқыда белгілі бір қиындықтар мен үйрену кезеңі болғаны рас, алайда бүгінгі таңда медицина қызметкерлері жаңа технологиялардың тиімділігін нақты сезініп отыр. Соның айқын дәлелі – облыста іске қосылған телерадиологиялық жүйе. Аталған жүйе 33 медициналық ұйымды біріктіріп, шалғай ауылдар мен аудан тұрғындарына жоғары сапалы диагностикалық қызмет алуға мүмкіндік берді. Бұрын күрделі зерттеулер үшін пациенттер облыс орталығына немесе ірі қалаларға баруға мәжбүр болса, бүгінде қашықтан суреттерді талдау арқылы профильді мамандардың кеңесін алу мүмкіндігі туды. Бұл диагноз қою мерзімін қысқартып қана қоймай, дәрігерлік қорытындының дәлдігін арттырды. Сонымен қатар телемедицина элементтері медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтіп, тұрғындардың уақытын және қаржысын үнемдеуге ықпал етті. Мұның барлығы – цифрландыру мен жасанды интеллекттің нақты нәтижесін көрсететін маңызды қадамдар.

– Жасанды интеллектіні қатерлі ісіктерді ерте анықтауда қолдану қаншалықты тиімді?

– Бұл жасанды интеллектіні медицинада қолданудың ең маңызды әрі ең нәтижелі бағыттарының бірі. Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауда ЖИ жүйелерінің тиімділігі өте жоғары. Қазіргі таңда өңірімізде де жасанды интеллект сүт безі мен өкпе обырын анықтауда кезең-кезеңімен қолданыла бастады. Бұл кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі аталған дерттер халық арасында кең таралған және көбіне кеш анықталуымен қауіпті. Жасанды интеллект рентген, компьютерлік томография, маммография сияқты зерттеу нәтижелерін талдау кезінде адамның көзі бірден байқай бермейтін, өте ұсақ әрі бастапқы патологиялық өзгерістерді анықтай алады. Осы арқылы аурудың клиникалық белгілері айқын көрінбей тұрып-ақ тәуекелді анықтауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде емдеуді ерте бастауға, асқынудың алдын алуға және ем нәтижесінің тиімділігін арттыруға жол ашады. Статистикалық деректерге сүйенсек, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау өлім-жітімді бірнеше есе азайтып, науқастардың өмір сүру ұзақтығы мен өмір сапасын едәуір жақсартады. Сондықтан ерте диагностика – онкологиядағы табыстың басты кілті десек, жасанды интеллект сол кілтті іске қосатын маңызды құралға айналып отыр.

– Президент деректерді стратегиялық ресурс ретінде қарастыру қажеттігін айтты. Бұл өңірлік денсаулық сақтау саласында қалай жүзеге асады?

– Мемлекет басшысының деректерді стратегиялық ресурс ретінде бағалауы – уақыт талабынан туындаған өте орынды көзқарас. Денсаулық сақтау саласында медициналық деректердің көлемі жыл сайын еселеп артып келеді. Бұл тек науқастардың жеке медициналық карталары ғана емес, зертханалық талдаулар, диагностикалық зерттеулер, скрининг нәтижелері, эпидемиологиялық көрсеткіштер сияқты ауқымды ақпараттар жиынтығы. Өңірде медициналық ақпараттық жүйелерді дамытуға, деректердің сапасын, нақтылығын және толықтығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Басты мақсат – деректерді жай ғана сақтау емес, оларды талдау, салыстыру және болжау құралдарына айналдыру. Жасанды интеллект осы деректер негізінде аурушаңдық деңгейін болжауға, белгілі бір аумақтағы тәуекел факторларын анықтауға, медициналық кадрлар мен жабдықтарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл басқарушылық шешімдердің дәлдігін арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады. Нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы да, қолжетімділігі де жаңа деңгейге көтеріледі.

- Кейбір азаматтар ЖИ дәрігерді алмастырып жібере ме деген алаңдаушылық білдіреді. Бұл қаншалықты негізді?

– Бұл – қоғамда жиі қойылатын әрі орынды сұрақтардың бірі. Алайда бұл алаңдаушылықтың негізі жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. Жасанды интеллект ешқашан дәрігердің орнын алмастырмайды және алмастыра да алмайды. Ол – тек дәрігердің кәсіби қызметін жеңілдететін, шешім қабылдау кезінде көмек көрсететін тиімді құрал. Медицина – тек есеп пен алгоритмдерге ғана емес, клиникалық ойлауға, тәжірибеге, адамгершілік пен жауапкершілікке негізделген сала. Науқаспен тікелей қарым-қатынас орнату, оның психологиялық жағдайын түсіну, ем тактикасын таңдау және соңғы шешім қабылдау – әрдайым дәрігердің құзыретінде қалады. Жасанды интеллект тек ақпаратты жылдам өңдеп, ықтимал диагноздар мен ұсыныстарды ұсынады. Ал бұл ұсыныстарды саралап, нақты клиникалық жағдайға бейімдеу – маманның міндеті. Сондықтан ЖИ дәрігердің орнын баспайды, керісінше оның сенімді серіктесіне айналып отыр.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы өңір үшін нені білдіреді?

 – Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы өңірлік деңгейде үлкен жауапкершілік пен нақты міндеттер жүктейді. Бұл бастама біз үшін жай ғана декларация емес, денсаулық сақтау жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған нақты іс-қимыл жоспары. Алдағы кезеңде біз «ақылды» технологияларды медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысына тереңірек енгізуге, жасанды интеллектіні басқару, диагностика және талдау құралдары ретінде кеңінен пайдалануға басымдық береміз. Сонымен қатар кадрлық әлеуетті арттыру мәселесі де алдыңғы қатарға шығады. Дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың цифрлық сауаттылығын көтеру, жаңа жүйелермен жұмыс істеуге үйрету – негізгі міндеттердің бірі. Бұл тек техникалық жаңғырту ғана емес, ең алдымен ойлау жүйесін өзгерту, дәстүрлі тәсілдерден деректерге негізделген шешім қабылдауға көшу деген сөз. Цифрлық мәдениет қалыптасқанда ғана жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін толық әрі тиімді пайдалануға болады. Сондықтан бұл жыл өңір үшін медицинаны басқарудың жаңа философиясына қадам басу кезеңі деп айтуға болады.

– Цифрландыру материалдық-техникалық базамен қатар жүруі тиіс дедіңіз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә, цифрлық трансформация тек бағдарламалар мен платформалар енгізумен шектелмеуі тиіс, ол міндетті түрде материалдықтехникалық базаны жаңғыртумен қатар жүруі қажет. Себебі заманауи технологиялар сапалы инфрақұрылым мен жабдықсыз толыққанды жұмыс істей алмайды. Қазіргі таңда өңірде 383 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетіп отыр және олардың барлығында кезеңкезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық медициналық нысандар жаңартылып, жаңа ғимараттар салынуда. Сонымен бірге заманауи медициналық құрал-жабдықтар, диагностикалық аппараттар, цифрлық жүйелермен үйлесімді техника сатып алынуда. Жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында санитарлық автокөліктер паркі де кезең-кезеңімен жаңартылуда. Осындай кешенді әрі жүйелі тәсіл жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде медицина қызметінің сапасы артып, тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі жаңа деңгейге көтеріледі.

- Жасанды интеллектіні енгізу барысында кадр мәселесі қаншалықты өзекті? Дәрігерлер бұл өзгеріске дайын ба?

– Кадр мәселесі – цифрландырудың ең маңызды бөлігі. Қандай мықты технология енгізсек те, оны қолданатын адам дайын болмаса, нәтиже бермейді. Сондықтан біз үшін дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру – басты міндеттердің бірі. Қазіргі таңда медициналық ұйымдарда оқыту, қайта даярлау курстары ұйымдастырылып, жаңа цифрлық шешімдермен жұмыс істеу дағдылары жүйелі түрде қалыптастырылып келеді. Дәрігерлердің басым бөлігі жасанды интеллектіні бәсекелес емес, көмекші ретінде қабылдай бастады.

– Ауылдық жерлер үшін жасанды интеллект пен цифрландырудың маңызы қандай?

– Ауылдық жерлерде жасанды интеллектінің маңызы тіпті жоғары деуге болады. Себебі барлық жерде тар бейінді мамандардың болуы мүмкін емес. Ал цифрлық технологиялар мен телемедицина арқылы ауыл дәрігерлері облыс орталығындағы немесе республикалық деңгейдегі мамандармен кеңесе алады. Телерадиология, қашықтан диагностика, деректерді бір орталықтан талдау – мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Бұл әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудің де бір тетігі.

– Жасанды интеллектіні енгізу медицинадағы адами факторды әлсіретіп жібермей ме?

– Керісінше, дұрыс енгізілген жасанды интеллект адами фактордың сапасын арттырады. Дәрігер қағаз толтыруға, есеп беруге емес, науқастың жағдайын түсінуге, сөйлесуге, психологиялық қолдау көрсетуге көбірек уақыт бөледі. Медицина – тек диагноз бен ем емес, ол ең алдымен сенім мен жанашырлық. ЖИ бұл құндылықтарды алмастырмайды, керісінше оларды сақтауға мүмкіндік береді.

– Қоғам тарапынан цифрландыруға деген сенім қандай деңгейде?

– Қоғамда әртүрлі пікір бар, бұл қалыпты жағдай. Жаңа технология әрқашан сұрақ тудырады. Сондықтан біз үшін ашықтық өте маңызды. Азаматтар цифрлық жүйелердің қалай жұмыс істейтінін, деректердің қалай қорғалатынын түсінуі керек. Сенім ақпарат пен түсіндіру арқылы қалыптасады. Осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілуде.

– Жасанды интеллект медициналық қателіктердің алдын алуға көмектесе ала ма?

– Иә, бұл – жасанды интеллектінің үлкен артықшылықтарының бірі. ЖИ жүйелері клиникалық хаттамаларға сәйкестікті тексеріп, ықтимал тәуекелдер туралы алдын ала ескерту жасай алады. Әрине, бұл дәрігердің жауапкершілігін алып тастамайды, бірақ қателік ықтималдығын азайтады. Бұл, ең алдымен, науқастың қауіпсіздігі үшін маңызды.

– Алдағы жылдары облыстағы денсаулық сақтау саласында қандай цифрлық өзгерістер күтіледі?

– Алдағы кезеңде біз жасанды интеллектіні диагностикамен ғана шектемей, басқару процестеріне, ресурстарды жоспарлауға, профилактикалық бағдарламаларға кеңінен енгізуді көздеп отырмыз. Аурушаңдықты болжау, тәуекел топтарын анықтау, алдын алу шараларын дер кезінде ұйымдастыру – осының бәрі цифрлық шешімдер арқылы іске асады. Нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесі анағұрлым икемді әрі тиімді болады.

– Сұхбатымызды қорытындыласақ, жасанды интеллектінің басты мақсаты қандай деп айтар едіңіз? Сұхбат соңында оқырманға не айтқыңыз келеді?

– Жасанды интеллект – болашақтың емес, бүгіннің технологиясы. Бірақ оның құндылығы технологияның өзінде емес, оны қалай және қандай мақсатта қолданатынымызда. Біздің басты мақсатымыз – цифрлық шешімдер арқылы халықтың денсаулығын жақсарту, өмір сапасын арттыру және медицинаға деген сенімді нығайту. Бұл жолда мемлекет, медицина қызметкерлері және қоғам бірлесе әрекет етуі тиіс. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың түпкі мақсаты – халықтың денсаулығын сақтау, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыру. Президент белгілеген ұстанымдардың жүйелі жүзеге асуы өңірлік деңгейде заманауи, технологиялық және науқасқа бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл – қоғамның медицина саласына деген сенімін нығайтатын маңызды қадам.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ.