Зейнетке шықса да тракторын тоқтатпаған...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарын қолдау жөнінде үнемі айтып келеді. Азат еліміздің дамуына еңбек адамдарының қосқан үлесі қомақты. Сондай озат азаматтың бірі – таластық Бердияр Ахметов. Айналаға адалдықтың дәнін сепкен еңбек адамына ауылдастары құрметпен қарайды.
Бердияр Ділдәұлы 1959 жылы Талас ауданының Үшарал ауылында туған. Аталған ауылда орта мектеп бітіріп, кеңшарға жұмысшы болып қабылданып, еңбекке араласты. Еңбек ете жүріп техника саласына бейім екенін байқады. Машинатрактор жүргізушілерін даярлайтын 6 айлық курсты бітіріп, кәсіби маманға айналды.
Екі жыл бойы әскер қатарында жүргенде де өзінің ұқыптылығымен, жауапкершілігімен дараланды. Отандық борышын өтеп ауылға оралысымен, Талас асыл тұқымды мал зауытына тракторшы болып орналасты. Ол уақытта атандай алып тракторды жүргізу ауылдың әр адамы үшін қызық. Темір тұлпарымен бір кеңшардың таудай жұмысын тындыратын тракторшыны бүкіл ауыл қадірлейді. Бердияр Ахметов ауылға өзінің сыйлы қалпымен, қажырлы еңбегімен көрінді. Тракторшының жұмысы қай кезде де қыруар. Жылдың қай кезеңінде де, қай маусымында да толас таппайды. Көк темір тұлпарын тізгіндеген Бердияр бірде егіс даласында жүрсе, енді бірде құмға шөп тасып бара жатады.
Шопандардың ауылында талай жұмысты тындырып жүреді. Трактордың күшімен атқарылатын тірлік көп. Сондықтан ауыл тұрғындарының трактор жүргізетін адамға әрқашан да ісі түседі. Себебі, ауылдастардың отынсуы, жем-шөбі, керек-жарағы трактордың күшімен түседі. Соншама үлкен шаруа трактордың күшіне түк емес. Сондықтан әр механизатордың салмағы бар. Ондайда Бердияр Ділдәұлы бәлсінбейді. Жұртқа үнемі көмек қолын созып, жанашырлық танытады да жүреді. Бердияр үлгілі әулеттен шыққан азамат. Қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова Бердиярдың бірге туған әпкесі болатын. Қарапайым тракторшы менің әпкем сондай кісі деп ешкімге мақтанған да емес, ақынның абырой-беделін пайдаланған да емес.
Ауылда қарапайым еңбек адамы болып, еңбек етті. Еңбек озаты болды. «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Соңғы жылдары ол «Талас-2020» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясының механизаторы. Зейнет жасына жетсе де білікті маман ретінде әлі де трактор рөлінде жүр. Бердияр Ділдәұлын жоғары марапатқа Талас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мен Үшарал ауылдық округі ұсыныпты. Ұсыныс қабылданып, бір-ақ күнде еліміздің жүрегі Астанаға шақырылды. Астанада 2025 жылдың 14 қарашасы күні өткен Ауыл еңбеккерлері форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды.
Талас ауданы
Есет ДОСАЛЫ