Әлеумет

Еңбегінің рәтін көрген Рәт ақсақал

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады», – деп атап көрсеткен болатын. Бар ғұмырын адал еңбекке арнап келе жатқан кісілер біздің өңірде де аз емес. Солардың бірі – еңбек ардагері, Жарлысу ауылының тұрғыны, 86 жастағы ақсақал Рәт Әбдіраманов. Ақсақал осы жасында «Нива» көлігін өзі жүргізіп, аудан орталығына барып-келеді екен.

Ол кезде «Алғабас» кеңшарының №4 мал фермасы болатын. Ақсақал аталған фермада 35 жыл малшы болған. Әуелі біраз жыл тоқты бағып еңбекке араласса, кейіннен ұзақ жылдар бойы бойдақ қой бағыпты. Оның да өзіндік бейнеті бар. Малды семіртіп, қоңды ұстау керек. Ертелікеш малды өріске шығарып бағу, қораны құрғақ ұстау, қажетті екпелерін салдыру, суару, ақсаған қойларды бөлек ұстап күтімге алу қайдан оңай болсын. Жасынан қажырлы, бірбеткей Рәт бұл жұмыстың қиындығына төзді. Жазғы шілде, қыстың боранында қой шаруашылығының қиындығына азаматтың азаматы, жігіттің жігіті шыдайды. «Мал баққанға бітеді» деген мақал бекер айтылмаған. Рәт жастай шопан ата тұқымына қарады, күтімге алды, бақты. Сондықтан еңбегіне қарай өзінің жеке малы да молая түсті.

Ауылдағы елден жырақта, қыраттардың шебінде, желдің өтінде қойдың күтімін жасаған адамның өз малының да көбеюі әділдік, еңбектің жемісі дер едік. Ол кісі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген хакім Абай Құнанбайұлының даналығын да есінен шығарған емес. Жұбайы Әшіркүл Қалмамбетқызы екеуі кеңшарда қой шаруашылығының дамуына қомақты үлестерін қосты. Оны кеңшар басшылығы да бағалап, еңбектеріне қарай сыйақыны еселеп, еңбек адамына үнемі құрмет көрсеткен. Ол кезде аталған кеңшарды Әуесхан Әміреқұлов деген кісі ұзақ жыл басқарып, істің көзін тапқан екен. Он жылдан астам уақыт директор болған Әміреқұлов өзі де тыным таппай, өзге мамандарға да тыным таптырмағанға ұқсайды. Сондықтан ол басқарып тұрған кезде кеңшардың экономикасы еселеп артыпты. «Жақсының жақсылығын айт...» дегендей, жарлысулықтар осынау іскер басшының есімін ұмытпай, ұтымды шешімдерін басқаға үлгі етіп айтып отырады. Ал еңбек адамымен сөйлессең, жаның жадырап, шынайылыққа куә болатынымыз рас.

Тауып айтылған сөз. Ер атанбасақ та жастық шақта құлашымыз жазылып жұмыс істеп, кеңшардың мол табысы жолында тер төктік. Кеңшарға қызмет ету, еңбек өнімділігін арттыру – Отанның дамуына қосылған үлес екенін де есімізден шығарған жоқпыз. «Отаным десем ойыма шалқыған шалқар көл түсер» деп Жамбыл Жабаев жырлағандай, елдік мүдде жолында, еттің жоспарын орындау үшін талмай жұмыс атқардық. Таңның атысы, күннің батысы еңбектен қолымыз босаған жоқ. Сонда ешкім қабақ шытпайтын. Бәріміз күліп, әзілдесіп жүріп талай жұмысты еңсеріп тастаушы едік. Бәлкім, өн бойымыз жігерге толы жастық шақтың әсері шығар. Әйтеуір еңбектен қашпай, жұмысқа бір иығымызды беріп тұрушы едік. Себебі, еңбек деген – табыс, еңбек – береке. Ал отбасында береке болғанын кім қаламайды дейсіз.

Аталған №4 ферманың барлық малшылары өз жұмыстарын жақсы білді. Осы ұжымды басқарып, ұзақ жыл ферма меңгерушісі болған Әділбақ Арыстанбаев деген азамат та нағыз істің адамы еді. Ферманы жоғары деңгейде басқарып, малшыларға жағдай жасай білді. Әуелі малшыға жағдай жасап, онан соң өнімді еңбекті, жұмыстың нәтижесін талап ете білді. Арыстандай азаматтың бірі деп Арыстанбаевты айтуға болар еді. Ал кеңшарды ұзақ жыл басқарған Әуесхан Әміреқұловтың және басқа да директорлардың бізден талап еткені – еңбек. Кім жауапкершілікті сезініп жақсы еңбек етсе, оның жолы да ашылды, табысы да еселенді. Кеңшарда жауапкершілік бірінші орында тұратын.

Жалпы, еңбектің қай түрін де сапалы атқару маңызды ғой. Ал мал шаруашылығында жауапкершілік екі-үш есе артығымен керек. Себебі сен 800 бас малға жауаптысың. Оның күндізгі жайылымы, күтімі, түнгі ұры-қары, ит-құс секілді қатерден аман болуы тікелей сенің сергектігің мен елгезектігіңе, жұмысқа адалдығыңа байланысты. Адалдық – ең асыл қасиет. Әттең, өмірде адалдықты бағалай да алмайтын адамдар аз емес. Ұзақ жасағандықтан, біздер ондай кісілердің талайын көрдік. Керісінше, адалдықты бағалап, айналасына құрметпен қарайтындар да аз емес. Ондайды да жоққа шығаруға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, кеңшарда еңбек еттік, кеңшарда көгеріп, көктедік.

Мал шаруашылығын біз көтердік, мал шаруашылығы бізді көтерді. Еңбегіміз өтелді деп айта аламын. Қазір жасым біразға келіп қалды. «Замандассыз қалған шал жетім» деген сөздің мағынасын енді терең түсініп жатырмын. Менің қатарларымның көпшілігі келместің кемесіне мінді. Біз де кеменің жағасында тұрмыз. Тұрсынбай Елубаев деген тоқсан жастан асқан ағам бар. Заманында мал жайды, трактор айдады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ислам діні бойынша арнайы курстан өтіп, имамдық қызмет те атқарды. Сол ақсақал былтырға дейін үй жаққа келіп, әңгімелесіп тұрдық. Қазір кейде көлігіммен ол ақсақалға өзім барып амандасып, әңгімелесіп қайтамын. Ол кісімен әңгімеміз жарасады.

Бұл ауылды әйгілі «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаев деген азамат көтерді. Қонақ үй, балабақша, мешіт, қымызхана, малшыларға арнап тұрғын үй салдырды. Еңбек адамдарына құрметпен қарады. Сол құрметіне Алла нәсіп еткен болар, тұңғыш Президенттің қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Оның бәрі Сайрамбайға лайық марапат, адал еңбегінің жемісі деп айта аламын. Өзім де «Шәушен» шаруа қожалығының мүшесімін. Сол үшін үйіме шөп түсіріп, бірнеше қап бидай беріп тұрады.

Жалпы, осы Сайрамбай баламыздың елге жасаған жақсылығы көп. Қазір оны балалары жалғап жатыр. Малдан зейнеткерлікке шыққан кезімде шүкіршілік, жекеменшік бір отар қойға, 80 жылқы, 20 сиырға ие болдым. Алланың берген 5 ұлы бар. Сол бес баламның әрқайсысына 160 қой, 15 жылқы, 4 сиырдан теңдей бөліп бердім. Мұның баршасы төгілген тердің, адал еңбектің арқасы. Сол адал еңбек етуімізге өкімет мүмкіндік жасады. Оған да тәубе. Қазір өте әдемі уақыт. Мал шаруашылығын дамытамын деген кісіге барлық мүмкіндік бар. Тіпті, пайызы аз мөлшерде несие алуға да болады. Тек ерінбесең болғаны. Қай кезде де адал еңбек, төзімділік пен іскерлік адамды биік мұратына жеткізеді, – дейді еңбек ардагері Рәт Әбдіраманов.

86 жасында «Нива» көлігін өзі жүргізеді

Адамның мүмкіндігі шексіз. Мәселен, зейнетке шықтым, ақсақал болдым деп тіршіліктен шектеліп қалуға болмайды. Оны еңбек адамы Рәт Әбдіраманұлы өте жақсы түсінді. Жұмыс істеген адам оның қызығын да көру керек. Рәт атаның өмірлік ұстанымы осы. Тіпті, 1972 жылдан автокөліктің рөліне отырыпты. Әуелі жаңа «Жигули-01» көлігін сатып алған. Ақсақал 54 жылдан бері көлік жүргізіп келеді. «Жигули» көлігінің түр-түрін мінген көрінеді. Мүмкіндік болып тұрса, қаражатың жетіп тұрса неге мінбеске?! 1990 жылы жаңа «Нива» көлігін сатып алып мініпті. 15 жыл бойы сол көліктің қызығын көрген. Ал 2005 жылдан бастап тағы жаңа «Нива» сатып алған. 21 жыл бойы сол көлікті жүргізіп келеді.

Қазіргі таңда аудан орталығы – Құлан ауылына, жақын елді мекендерге өзі ақырындап «Нива» көлігімен барып қайтады. Зейнетақысын аудан орталығындағы жинақтау кассасынан өзі алады. Еңбектен әлі де бас тартқан емес. Есігінің алдындағы бордақы қой, жылқыларына әлі де қарап, қимыл-қозғалысты көп жасайды. Өзінің ұл-қыз, немерелерінің, ауыл жастарының еңбекқор болуына өзі үлгі болып, ықпал етіп отыр. Ауыл қариясына тән жақсы қасиеттің бірі осы болар. Рәт ақсақалдың сабырлы, ізгі қасиеттері мол, жастарға үлгі ақсақал екенін көрдік. «Жақсы қария белгісі, жанып тұрған шам болар» деген өлең жолдары осындай кісіге арналып айтылғандай.

Қазіргі таңда бір ауылға жылуын таратып, үлкен ақылшы ақсақалға айналып отыр. Әр аудан, ауылда ұзақ жасаған қарттар бар. Олардың ерекшеліктері де әртүрлі. Мысалы, бірі спортпен шұғылданып, әлі күнге спорттық жаттығулар жасап таңдандырады. Енді бірі тоқсан жасында қолынан кітабын тастамай, көркем туындыларды оқып жүреді. Енді бірі ғасырға таяу жасында ән салып, өлең құрастырып, айналасын риза етеді. Рәт атаның ерекшелігі – 86 жасында автокөлік жүргізіп жүргені. Тіпті, өз көлігінің мотор майын да өзі ауыстырып, барлық күтімін жасайды. Осы күні зейнетке шыққан кісілердің көпшілігі көлік айдайды. Бірақ тоқсанға таяған жасында «Нива» айдап жүрген ақсақалды көргендер көп емес шығар. Біз ондай қарияны Жарлысу ауылынан көрдік.

Ұрпағымен мың жасасын

Бақыт деген сол шығар, Рәт ақсақал бірнеше перзентінің зейнетке шыққанын көріп отыр. Бір өкініштісі, Құдай қосқан жары Әшіркүл әженің өмірден өтіп кеткендігі. Дегенмен ол кісі де ұл-қызының есейгенін көріп кетті. Қазіргі таңда еңбек ардагері Рәт ақсақал ұл-қыз, ұрпақтарының амандығын тілейді. Перзенттері де еңбектен алыс болған жоқ. Ұзақ жыл мал шаруашылығында еңбек еткен қыздары Рабиға мен Күлзина қазір зейнетте. Әрине, өз әулеттері бөлек, келін болып түскен ауылдарының ардақты әжесіне айналды. Бес ұл-қыздың анасы Роза қызы аудан орталығында мейірбике болып жүріп, зейнетке шықты.

Биыл 60 жасқа келген Қуат Рәтұлы да мал шаруашылығымен айналысады. Өзінің жүзден астам саулық қойы бар. Қойын қоңды ұстап, төлдетіп, еңбектің көркін қыздыруда. Ақсақалдың Бауыржаны ауыл шаруашылығы мамандығына ие болып, ұзақ жыл Жарлысу бөлімшесінде зоотехник қызметін атқарыпты. Қазіргі таңда өзінің жеке шаруашылығын дамытып, қой, жылқы, сиыр малдарын еселеп көбейтіп отыр. Өзі ертелі-кеш еңбекке араласып, ұлдарының да қара жұмысты қадірлеп өсулеріне ықпал етуде.

Ақсақалдың Нүркен, Ербол, Нұрбол деген ұлдары – жеке кәсіпкер. Міне, осылай Рәт Әбдірамановтың еңбекқор ұлдары Жарлысудың экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүр. Ақсақалдың жүзінен бақытты байқауға болады. «Еңбектің наны тәтті», «Адалдың аты арып, тоны тозбайды» деген осы шығар.

 

 

Есет ДОСАЛЫ

Т. Рысқұлов ауданы