Ізденімпаз ұстаздың шәкірттері де жүлдегер
Кәсіптік бағдар беру жұмысын жолға қою – бүгінгі күннің басты талабы. Осы талаптан шығып жүрген колледждердің бірі – №3 Байзақ колледжі. Мұнда студенттерге жақсы тәрбие, сапалы білім беріп жүрген оқыту шеберлерінің де еңбегі ерек.
Осы мекемеде еңбек етіп жүрген Ләззат Биржанова «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының өндірістік оқыту шебері. Оның мұнда жұмыс істеп келе жатқанына он үш жылдан асқан. Бүгінде алпыс жастың асқарына шыққан Ләззат Сәбитқызы еңбек жолын 1987 жылы Мырзатай түйетауық фабрикасында экономист болып бастаған. Жамбыл технологиялық институтының «Азық-түлік тауарлары өнеркәсібінің экономикасы және оны ұйымдастыру» факультетін тәмамдаған ол бұл жұмысқа оқу орнының жолдамасымен орналасқан екен. Сөйтіп бұл мекемеде 17 жыл еңбек етеді. Еңбектен қол үзбей жүріп, Тараз институтына түсіп, оны кәсіптік оқыту мамандығы бойынша тәмамдайды.
Бұдан кейін Ләззат Сәбитқызы Сарыкемер ауылындағы «Балалар мен жасөспірімдер орталығында» алты жыл есепші-экономист болып қызмет атқарады. Сөйтіп 2010 жылы екінші мамандығы бойынша алғашқы кезде Ю.Гагарин атындағы орта мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болса, 2012 жылы №3 Байзақ колледжіне ауысады. Бүгінде осы білім ошағында еңбек етіп жүр.
Оның шәкірттері бүгінде түрлі байқауларда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп те жүр. Атап айтсақ, облыста ұйымдастырылған «Аспаздық ісі» құзыреттілігі бойынша Рахат Орынбай жүлделі ІІІ орынды, ал Нұрдос Құдайберген ІІ орынды иеленді.
Ұстаздың өзі облыс деңгейіндегі аспаздық ісі бойынша өткізілген байқаулардың ұйымдастырылуына үлес қосқаны үшін «Үздік тақырыптық жоспар – 2022» республикалық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталған еді. Одан басқа да алған марапаттары баршылық. Сондай-ақ үнемі білімін түрлі курстарда жетілдіріп отыратын мұғалім студенттерге сапалы білім беруді өзінің міндеті санайды.
Байзақ ауданы
Қамар ҚАРАСАЕВА