Спорт және туризм

Мектептің қазынасы – талантты оқушылар

Дана Абай жетінші қара сөзінде айтқандай, жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады, бірі – «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген тән құмарлығы, екіншісі – «көрсем, білсем, үйренсем» деген жан құмарлығы. Баланың қай құмарлыққа ерік беріп, болашағына бағыт алуы алғашқы ұстазы – ана-анасының берген тәрбиесіне байланысты. Одан кейінгі мектептен алған білім-тәліміне қарай өрбиді. Әрине, барлық мектеп оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырып шығаруды басты мақсатына санайды. Саналы да сауатты оқушы – мектептің сарқылмас қазынасы. Әрі елдің де басты байлығы – сол білікті, ақылойы биік азамат.

Міне, осындай мақсатпен үлкен жоспарларды көздеген Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеплицейі де жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Сол жұмыстардың нәтижесі – білім мен өнер бәйгелерінің, спорттық жарыстардың жүлдегері атанған оқушылардың жетістігі.

Әулиеата – кітап оқитын өңір

Әулиеата өңірі – қазақтың рухани қазынасы терең, тарихы бай, білім мен парасатқа айрықша мән берген қасиетті мекен. Бұл өлке ежелден-ақ сөз қадірін білген, кітапты ақыл мен тәрбиенің қайнар көзі санаған оқырман жұрттың ордасы болып қалыптасқан. Тараз топырағы – талай ғұламалар мен ойшылдардың, ақындар мен ағартушылардың кіндік қаны тамған жер. Көне дәуірлерден бастау алған жазба мәдениет пен ауыз әдебиеті дәстүрі бүгінгі күнге дейін жалғасып, кітап оқу мәдениетінің берік негізін қалады. Әулиеаталықтар үшін кітап – тек білім көзі ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы.

Бүгінде өңірде кітапханалар жүйесі белсенді жұмыс істеп келеді. Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің кітапханасында түрлі әдеби кештер, кітап көрмелері, оқырмандар конференциялары мен жас буынға арналған танымдық жобалар жиі ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыпт астыруға ықпал етуде. Соңғы жылдары Әулиеата өңірінде «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында нақты жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тарихи, рухани еңбектерге деген сұраныс артып келеді.

Мәселен, жақында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығы ұйымдастырған «Отбасыммен оқыған кітап» шығармашылық байқауына оқушыларымыз қатысып, Алғыс хатпен марапатталып келді. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өткізілген шығармашылық байқауға мектебімізде балалары оқитын Орымбековтер отбасы қатысып, өздерінің білімге деген құштарлығын, өнерлерін көрсетті.

Оқушыларымыз пән олимпиадаларында олжалы

Ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасының І іріктеу кезеңі оқу жылының басында, яғни 24-26 қыркүйек күндері өткен болатын. Химия, информатика, физика, математика, қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, география, биология, Қазақстан тарихы, құқық негіздері пәндері бойынша өткен олимпиадаға жалпы 98 оқушы қатысты.

Олимпиаданың І іріктеу кезеңіне қатысқан оқушылардың ішінде 75 оқушы жоғары көрсеткіш көрсетіп, ІІ кезеңге өтті. Білім бәйгесінде бақ сынасқан оқушылардың арасында 75 үміткер аудандық кезеңге жолдама алды. Олимпиаданың ІІ аудандық кезеңінде 10 оқушы І орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолданды. Оқушылардың алған білімін бәсекеге салып, шыңдап, ілім жолына ынталандырған олимпиадада оқушыларымыз топ жарып, облыстық кезеңде жарысқа түскені мұғалімдер үшін де толғанысқа толы болды десек, артық емес.

Ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша ре спубликалық пән олимпиадасының ІІІ облыстық кезеңі 28-29 қазан күндері өткізілді. Мектебімізден қатысқан оқушыларымыздың ішінде 10-ы мектепішілік, аудандық кезеңдерден іріктеліп, облыстың озат оқушыларымен бақ сынасқаны – біз үшін жетістік. Сол 10 оқушымыздың ішінде 4-еуі жүлделі орындарға ие болып, мерейімізді өсірді.

Атап айтсақ, химия пәнінен 9-сынып оқушысы Айқын Құрманбек І орынды жеңіп алса, Диас Сұлтанғали ІІ орынның биігінен көрінді. Математика пәнінен қатысқан 10-сынып оқушысы Нұрислам Құлтан жүлделі ІІІ орынды олжалады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жарысқа түскен 11-сынып оқушысы Жаннұр Асылбек Алғыс хатпен марапатталды. Ал республикалық кезеңіне 1 оқушымыз қатысып, жүлделі 2-орынды олжалап келді.

Жүлдегер Айқын Құрманбек 9-сынып оқушысы. Оны химия пәні бойынша олимпиадаға дайындаған Зағира Әлиева өз саласының нағыз білгірі екенін оқушыларының жетістіктерімен дәлелдеп келе жатқан үздік ұстаз. Мұндай білім бәйгелері балалардың ілімғылымға деген ынтасын арттырып, бір-бірімен тәжірибе алмасуға үлкен ықпалын тигізеді. Сол себепті де мұғалімдеріміз өз пәні бойынша оқушыларды қосымша сабақтармен жарыстарға дайындайды. Бұл тұрғыда педагогтердің еңбегі ерен.

2025-2026 оқу жылында алдыңғы жылдағыдай олимпиадалық резервті қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жалғасты. Жаратылыстану пәндері – математика, химия бойынша оқушылар аудандық, облыстық деңгейде жақсы нәтиже көрсетті. Гуманитарлық бағыттағы Қазақстан тарихы, қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндері бойынша оқушыларымыз аудандық деңгейде жақсы нәтижемен мектеп ұжымын қуантып отыр.

Кішкентай шахматшы

Мектебіміздің тағы бір мақтанышы – 3-сынып оқушысы Айару Каипова. Кішкене күнінен шахмат ойынындағы шеберлігімен көзге түскен Айару Ниязбекқызы 2025 жылы еліміздің «AUYL SPORT» атты ауыл ойындарында 10 жасқа дейін қыздар арасында облыстық деңгейде І орынды алған болатын. Содан соң осы жарыстың республикалық деңгейінде де 10 жасқа дейін қыздар арасында ІІІ орынды жеңіп алды.

Шахмат ойынындағы шеберлігін, ойының зеректігін шыңдай түскен Айару 100 мемлекет қатысқан Әлем чемпионатының қатысушысы ретінде облысымыздың 20 жасқа дейінгі қыздар арасында ІІ орыннан көрініп, мектебіміздің мерейін өсірді. Талабы таудай талантты қызымызға алдағы уақытта да алар асуы көп болуын тілейміз.

 

Гүлбайра ТАНЫСХОЖАЕВА

Т. Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі.

Т. Рысқұлов ауданы