Басты жаңалық

Табысы кемісе де несие алушылар азаймай тұр

Бірінші несие бюросының дерегінше, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша жеке тұлғалардың несие портфелі 18,5 триллион теңгеге жетті. Бұл – банк, микроқаржы ұйымы, басқа да қаржы ұйымдарының алдындағы жиынтық берешек. Жыл басынан бері портфель көлемі 18,3 пайызға, 2,9 триллион теңгеге өсті. Сәйкесінше, борышкер саны да көбейді. Жалпы қарыздың 48 пайызы кепілсіз тұтынушылық несие сегментіне тиесілі. Автонесие, ипотека және басқа да қарыз түрлері әзірге тұтынушылық кредит көлемімен шендесе де алмайды. Сонымен қатар жалпы қарыздың басым бөлігі, яғни 10 миллионға жуығы банк қарыздарына тиесілі. Тиісінше, 8 миллионға жуық адам – банк алдында борышты.

Бұрын «Банк ЦентрКредитті» басқарған, қаржыгер Ғалым Құсайынов несие жүктемесінің проблемасы бар, ол анық, бірақ белгілі бір сегменттерде және түйткілдерді барынша нақты қарастыру керек екенін айтады.

Ол, сонымен қатар тұтынушылық несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің шектелуін алдағы уақытта монополия тудыратын фактор екенін айтады. Керісінше, нарықта ойыншыларды көбейту керек, сонда пайыздық ставка төмендейді деп отыр.

Экономист Меруерт Махмұтова тұтынушылық несиенің шамадан тыс артып кеткені таңғалдырарлық жайт емес, өйткені қазір кез келген сауда үйінде өз тауарын несие арқылы рәсімдеуге ұсыныс жасайтын банк өкілдері қаптап отырғанына тоқталды. – Кепілсіз несиенің орташа мөлшері 1 миллион теңгеге таяп қалды. Адамдар, тіпті азық-түлікті несиеге алып жатыр. Өткен жолы Мәжілісте депутаттар несиелеу талаптарын қатаңдату керек деді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несие бойынша шекті сома белгілеуді ұсынып жатыр.

Бұл шаралардың жүзеге асуы тым болмағанда жеке тұлғалар қарызының одан әрі бақылаусыз өсімін шектейді деп үміттенемін. Бірақ тек бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Өйткені төмен табыс, баға өсімі кредитке деген сұранысты күшейтіп жатыр. Бұл жерде Үкімет тиімді жұмыс атқаруы тиіс. Экономикалық даму стратегиясын түбегейлі қайта қараған абзал. Бірақ бұған Үкімет дайын емес секілді, – дейді Меруерт Махмұтова.

Экономист Эльдар Шамсутдиновтің пайымынша, халықтың несие жүктемесі соншалықты ауыр емес.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, төленбегеніне 90 күннен асып кеткен банктік займдар деңгейі 5,2 пайызды немесе 0,5 триллион теңгені құрайды. Несие берешегін төлей алмай жүрген азамат саны 516 мыңға жеткен. Микроқаржы секторында төленбегеніне 90 күннен асып кеткен борышкер саны – 347 мың адам. Азаматтардың қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсімін шектеу үшін және тұтынушылық несиелеу сегментіндегі тәуекелдерді азайту мақсатында агенттік заңнамалық деңгейде бірқатар жаңа нормаларды енгізуді көздеп отыр.

2025 жылы 6,5 миллион қазақстандық несие рәсімдеген. Бұл 2024 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 454 мың адамға көп. Биыл жеке тұлғаның банкроттығы рәсімі енгізілгені белгілі. Оның үстіне жылдық инфляцияның төмендеуіне қарамастан, базардағы баға басын иді деп тағы айта алмаймыз. Соған қарамастан несие алуға деген тәбет азаймай тұр.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА