Мұғалімдердің жағдайы әлі де жақсарады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде әлеуметтік салаға, әсіресе білім, медицина және инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілуі – біз, педагогтер қауымы үшін аса маңызды әрі қолдауға лайық бастама деп санаймын. Ең алдымен, білім беру саласына бағытталған нақты жобалар мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, ауыл және қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз – мұғалімнің сапалы білім беруіне, ал оқушының заманауи талаптарға сай білім алуына тікелей әсер ететін фактор. Осы бағыт бойынша біздің ауданымызда да «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептер ашылып, балалар заман талабына сай жасақталған, жабдықталған мектептерде білім алуда. Білімге салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция екені осы бастамалар арқылы айқын көрініс табуда.
Сонымен қатар медицина саласын дамыту оқушылардың денс аулығын с ақт ауға, мектептерде қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Денсаулығы мықты бала ғана сапалы білім алады. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінің күшеюі – білім беру үдерісінің де тиімділігін арттырады. Ал инфрақұрылымды жаңғырту, жолдардың, әлеуметтік нысандардың салынуы мен жөнделуі мектепке қатынауды жеңілдетіп, ауылдық жерлердегі білім алушылар үшін тең мүмкіндік қалыптастырады.
Бұл мұғалімдер үшін де еңбек жағдайын жақсартуға, кәсіби әлеуетін толық іске асыруға жол ашады.
Мемлекет басшысының билік назарын әлеуметтік салаға аудартуы – қоғамның күнделікті өмірімен тығыз байланысты, нақты нәтижеге бағытталған шешім. Мұндай саясат ұстаз мәртебесін көтеріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына берік негіз қалайды деп сенемін.
Құралай СҮЙМАНОВА
№2 Михаил Ломоносов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Қордай ауданы