Қоғамдық кеңестердің беделі арта түседі
Сыр топырағында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы еліміздің стратегиялық бағыт-бағдарын айқындаған мазмұнды жиын болғаны анық. Қызылорда қаласының астана болғанына бір ғасыр толған тұста өткен бұл басқосу мемлекетіміздің өткенін саралап, болашағын бағамдауға мүмкіндік берді. Президент көтерген бастамалардың ішінде Парламенттің бір палаталы жүйеге көшіп, оның «Құрылтай» деп аталу мүмкіндігі билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған батыл қадам ретінде қабылданады. Бұл тек атаудың өзгеруі емес, тарихи тамырымызға орала отырып, демократиялық үрдістерді ұлттық ерекшеліктермен ұштастырудың айқын көрінісі болса керек.
Әсіресе, экологиямен технологияның тоғысқан тұсындағы Арал тағдыры мен жасанды интеллект мәселесінің қатар қойылуы заман талабына сай ж ауап қ атуд ы ң үлгісі деп білемін. Сыр өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту – тек аймақтық деңгейде емес, жаһандық жауапкершілік ретінде танылуы өте орынды. Сонымен қатар цифрландыру мен жоғары технологияларды дамыту арқылы экономиканы трансформациялау ниеті Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарынан табылуға деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл ретте білім сапасын арттыру мен ауыл мектептерін қолдау мәселелері елдің интеллектуалды капиталын нығайтудың негізгі тетігі болып қала бермек.
Рухани тұрғыдан алғанда, Жошы ұлысының мұрагері ретінде тарихи әділдікті қалпына келтіру және мемлекеттік нышандарды заман рухына сай жаңарту идеясы ұлттық бірегейлікті асқақтата түседі. Жат ағымдарға тосқауыл қою, дәстүрлі құндылықтарды ұлықтау және отбасылық зорлық-зомбылықпен күресті заң жүзінде бекіту – сауатты әрі саналы қоғам құрудың алғышарты. Осы орайда, еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар қоғамдағы құндылықтар иерархиясын дұрыс қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл – мемлекеттің тек материалдық емес, адамгершілік және этикалық негіздерін нығайтуға деген ұмтылысының айғағы. Тұтастай алғанда, Қызылорда құрылтайында айтылған ойлардың өзегі – «Заң мен Тәртіп» және «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына саяды.
Лудомания мен нашақорлық секілді әлеуметтік кеселдермен күрестің нақты заңнамалық шешімдермен бекітілуі құрылтайдың тек сөз емес, нақты істің алаңына айналғанын дәлелдейді. Бұл жиын мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртумен қатар, әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға шақырған маңызды манифест іспетті. Ендігі басты міндет – осы айтылған стратегиялық мақсаттарды қоғам болып бірігіп жүзеге асыру, өйткені кез келген реформаның табысы оның халық тарапынан қаншалықты қолдау тауып, шынайы өмірде көрініс табуына тікелей байланысты. Тағы бір айта кететін мәселе – Ұлттық құрылтайда Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің тарихи миссиясын табысты аяқтайтыны жөнінде айтылып, алдағы уақытта Қазақстанның Халық Кеңесі жаңа консультативті құрылым ретінде жасақталатыны жөнінде бастама көтерілді.
Президент Жарлығымен 126 кісіден жасақталатын Қазақстан Халқы Кеңесінде аймақтардағы мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42 өкіл кіретіндігі айтылды. Бұл дегеніңіз, өзім белсенді мүшесі болып табылатын әр деңгейдегі қоғамдық кеңестердің беделін көтере түседі деген ойдамын. Сондықтан қоғамдық кеңестердегі қызметімізді уақыт талабына сай қайта құрылымдап, белсенділігімізді одан әрі көтере түсуіміз керек деп ойлаймын.
Жангелді ОМАРОВ
облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі