Туризмнің түтіні түзу ұшсын десек...
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен осы аптада өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде туризмді дамыту мәселесі және 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қаралды. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайтында жарияланды.
НЕМЕСЕ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?
Жарнамалар жаңартылмаған Үкімет отырысында алдымен еліміздегі туризмді дамыту мәселесі қаралды. Жиында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жазғы туристік маусымға дайындық және саланы дамыту жоспарлары туралы, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев туристік нысандарда көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары туралы, Kazakh Tourism компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов іс-шаралар туризмін дамыту және елімізге шетелдік туристер тарту жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ Абай, Жетісу, Қарағанды және Маңғыстау облыстары әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.
Содан бері өткен жарты жыл ішінде тиісті жұмыстар атқарылды. Бірқатар өңірлерде, атап айтқанда Жетісу облысындағыдай, туризм саласында тұрақты жұмыс істейтін жедел штабтар құрылды. Алакөлге жақын маңдағы елді мекендерде су бұру және жағалауды бекіту ісі қолға алынды. Ал Шығыс Қазақстан облысында танымал туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жолға қойылды. Үкімет басшысының айтуынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 119 елдің ішінен 52-ші орынға көтерілді (бұрын 66-шы орында болатын). Мақсат – үздік 50 елдің қатарына кіру. Еліміздің туризм саласында негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны 12 пайызға өсіп, 10 миллион адамнан асты. Қонақ үйлер мен мейманханаларда 4,5 мыңға жуық орын бар. Сондай-ақ өткен жылы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда салаға инвестиция көлемінің 32 пайызға өсуі тіркелді. Барлығы 1,2 триллион теңгеден астам қаржы тартылды.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері жиі көтеріледі. Көптеген кәсіпкерлер қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжаттарды керек қылмайды. Мәселен, Қарағанды облысында қазіргі таңда 149 көпшілік демалыс орнының ішінде 80 нысан ғана санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысын алған. Ал 28 жағажайдың тек үшеуіне тиісті ұйғарым берілген.
Бұдан басқа, көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік дестинацияларға көлікпен жету мәселесі мен жол бойындағы сервиске қатысты үлкен сұрақтар бар. Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді. Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді. Туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат. Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты туристер тарапынан түсіп жатқан шағымдар көп.
Үйлестіру кеңесі Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы мен ескертулерін ескере отырып, бір ай ішінде Туризмді дамыту тұжырымдамасына Іс-қимыл жоспарын жаңартуы тиіс. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары үшін тиісті индикаторларды қарастырып, туристік бизнесті қолдаудың нақты әрі тиімді шараларын әзірлеу қажет. Әрі қарай туристік маусымды жедел қамтамасыз ету барысы жергілікті жерлерде әр облыстағы Жедел штабтардың бақылауымен жүзеге асырылады.
– Бұл іске немқұрайлы қарауға болмайды. Үкімет аппараты туристік нысандарды жүйелі түрде тексеріп, жағдайды үнемі қадағалап отырады. Жазғы туристік маусым басталғанға дейін министрлік пен әкімдіктер демалушыларды қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылдасын, – деді Олжас Бектенов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты министрліктерге бірқатар тапсырма берді.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді
Үкімет отырысында 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы қаралды. Онда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Бүгінде елімізде шамамен 7 миллион бала өсіп келеді. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр, нақты айтсақ – 34 пайыз.
Соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шара қабылданғаны белгілі. Заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе, балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталады. Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Оған жүгінген жағдайда міндетті түрде көмек көрсетіліп, тексеру шаралары жүргізіледі. Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді. 1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты. Осыған байланысты Премьер-министр Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырды. Балалардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында қамқоршылық органдары мамандарының жаңа штаттық нормативі енгізілді – 5 мың балаға кемінде бір маман. Бұл олардың санын бір жылда үш еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Осы мамандар қатарынан әр өңірде бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылуда.
Бұл ретте Премьер-министр өңірлердің көпшілігінде бұл іске тиісті көңіл бөлінбей отырғанын, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе облыстарында және елордада ғана нәтижелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтау тапсырылды. Өткен жылдың 1 шілдесінен бері қолданыста болған отбасына орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді. Оларды қамтамасыз етуге тиісті қаражат көзделген. Алайда, бірде-бір облыста жұмыс жүргізілмеген. Өңір әкімдіктеріне бұл бағытта жұмысты жандандыру тапсырылды.
Премьер-министр медициналық мамандардың, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы мамандар – дефектолог, логопед, сурдологтер тапшылығын қоса алғанда, балалардың денсаулығын қорғау саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталды. Балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті. Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалатыны атап өтілді. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айырылып отыр.
Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруы тиіс. Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірле сіп, Тұжырымдамадағы барлық іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді, бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюды, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру бойынша ақпараттық науқанды ұйымдастыруды тапсырды. Үкімет дауыс беру қорытындысы бойынша «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекітті.
«Балалар фастфуд пен энергетикалық сусындарға тәуелді» Үкімет отырысында осылай деген Премьерминистр балалар мен жасөспірімдердің дұрыс тамақтануы мәселесін көтеріп, Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырма берді.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП