«Қолдарыңыздан келмесе, орындарыңызды босатыңыздар»
Дамушы елдердің экономикалық климатын қалыптастыруда инвестиция тарту маңызды қадамдардың бірі саналады. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Облыста да инвестициялық жобалар есебінен бірқатар салаларда өсім байқалған. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жан-жақты айтылды.
ОБЛЫС ӘКІМІ ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША КЕЙБІР БАСШЫЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ҚАТАҢ СЫНҒА АЛДЫ
Жиында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева есепті кезеңдегі өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталды.
Басқарма басшысының сөзінше, жыл ішінде 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1425 пәтер сатып алынған. Десек те, өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы мен сауда салаларында міндетті межелерге қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, асыраушы сала өнімділігі Т. Рысқұлов ауданында 35,9, Мойынқұмда 7,5, Қордайда 3,5, Таласта 0,7 пайызға төмендеп, облыс республикалық көрсеткіште оныншы орынға тұрақтаған. Ал сауда саласы облыс орталығындағы ірі супермаркет желілерінің жабылуына байланысты 1,9 пайызға төмен көрсеткіш көрсеткен.
Бұдан бөлек, Жуалы, Мойынқұм, Қордай аудандарында инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс салалары бойынша мақсатты міндеттер толықтай орындалмаған. Жиында аталған аудан басшыларының есебін тыңдаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы айқындап берген ауқымды мақсатміндеттерге қол жеткізуде жауаптыларға салғырттық танытпау қажеттігін қатаң ескертті.
Сонымен қатар жиын барысында бюджеттің атқарылуы жөнінде қаржы басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған Ербол Қарашөкеев бюджет қаражатының әрбір тиынының қалыптасуы мен тиімді жұмсалуы тұрақты бақылауда болуы қажеттігін баса айтты. Әкімдік мәжілісінің қорытындысы бойынша белгіленген межелерге қол жеткізілмеуіне байланысты Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай ауданы әкімдері мен олардың аталған салаларға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қабылдау тапсырылды.
Нұрболат АМАНБЕК