Құқық

ҚАЖ қызметкерлері Шу ауданында мектеп түлектерімен кездесті

Ел тірегі – жалынды жастар. Ал егемен еліміздің болашағымыздың жарқын болуы – жастарымыздың дұрыс жолды таңдауына байланысты. Бұл ретте мектеп оқушыларының мамандық таңдауына алдыңғы буын өкілдері айтарлықтай өз үлестерін қосары сөзсіз. Дәл осы мақсатта Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы арнайы жоспар бекітіп, жеке құрам қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесуде.

Мәселен, күні кеше аталған департаментке бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесі бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әмір Дәулетқұлов Шу ауданындағы Абай атындағы орта мектептің оқушыларымен жүздесіп, оларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын трәтіп пен талап, емтихандардың қалай және қашан тапсырылатыны, құқық қорғау органдарында қызмет етудің артықшылықтары жөнінде толыққанды мағлұмат берді. 

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес, күндізгі оқу нысанында «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасы бойынша «Қоғамдық қауіпсіздік» даярлау бағыты мамандықтарын оқытады. Сонымен қатар академияда киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар кафедрасы ашылған. Академия түлектеріне құқық қорғау органдарында және ақпараттық қауіпсіздік саласында қызмет атқаруға мүмкіндік бар. Курсанттар «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл» білім беру бағдарламасы бойынша тиісті лауазымдарға тағайындалады. 

Еркін форматта өткен кездесу барысында мектеп оқушылары да көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды жауап алды. Ал кездесу соңында Әмір Бақытұлы болашақ ізбасарларына мектеп қабырғасында «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтаудың маңыздылығы туралы кеңінен айтып, олардың болашақтарына сәттілік тіледі.