Жамбылда не жаңалық?

2025 жылы Жамбыл облысының экономикалық өсімі қанша пайызды құрады?

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланды. Басқосуға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, аумақтық департаменттер және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Жыл қорытындысы бойынша облыстың экономикалық өсімі 8,9 пайызды құрады. Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,6 пайызға, құрылыс саласы 14,4 пайызға, байланыс 10,1 пайызға, көлік 3,1 пайызға, ауыл шаруашылығы 2,1 пайызға, ал сауда 0,5 пайызға артқан.Өнеркәсіп саласында 1,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, облыс республика өңірлері арасында төртінші орыннан көрінді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 834,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға өсім тіркелді. Нәтижесінде облыс өңірлер арасында үздік бестікке енді.

Ауыл шаруашылығы саласында 514,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының өнім көлемі 2,2 пайызға, мал шаруашылығы 1,9 пайызға ұлғайды. Тірі салмақтағы ет өндірісі 2,6 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға артты. Өңір экономикасына 764,5 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға өсті. Осы нәтижемен облыс республика көлемінде үшінші орыннан көрінді. Құрылыс саласында 392,8 млрд теңгенің жұмыстары атқарылды.

Жыл ішінде 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 1 050 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ жеке инвесторлар қаражаты есебінен 39 көпқабатты тұрғын үй (1 056 пәтер) ел игілігіне берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 425 пәтер сатып алынды. Сауда айналымы 1 067,1 млрд теңгені, ал көрсетілген көлік қызметтерінің көлемі 627,1 млрд теңгені құрады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, өңір экономикасында оң динамика қалыптасқан. Дегенмен, Жуалы, Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарында өнеркәсіп өнімінің, өңдеу өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және тұрғын үй көрсеткіштері төмен деңгейде қалып отыр. Басқосуда жауапты тұлғалар көтерілген мәселелердің мән-жайын түсіндіріп, шешу жолдарын ұсынды.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындап берген ауқымды мақсат-міндеттерге тоқталып, алда жауапты әрі жүйелі жұмыстар тұрғанын баса айтты.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар түйткілге назар аударды. 

Бюджеттің атқарылуы жөнінде қаржы басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған Ербол Қарашөкеев бюджет қаражатының әрбір тиынының қалыптасуы мен тиімді жұмсалуы тұрақты бақылауда болуы қажет екенін қатаң ескертті.

Әкімдік мәжілісінің қорытындысы бойынша белгіленген межелерге қол жеткізілмеуіне байланысты Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай ауданы әкімдері мен олардың аталған салаларға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қабылдау тапсырылды.