Экономика

Қытай инвесторларының мақсаты игі

Қытай инвесторларының мақсаты игі

олар облыста кәсіпкерлікті дамытуға атсалыспақ

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың жыл басында Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясына жасаған жұмыс сапары барысында екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты дамыту туралы бірқатар меморандумға қол қойылған болатын. Ол елдің ең ірі инвесторларының қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалармен танысқан облыс басшысы осы игілікті істің біздің өңірде де өркен жаюына жол ашып, қытайлық кәсіпкерлерді Жамбыл жеріне шақырған болатын. Сол шақыртуды қабыл алған қытайлық инвестордың бірі – Ми Ен Хуа апта соңында облысқа келіп, жоспарды жүзеге асыруға бейіл екенін танытты. 

– Өткен жылы аталған екі елдің Премьер-Министрлері іскерлік кездесу өткізіп, сол кездесуден кейін бірқатар министрлер, ұлттық компаниялардың басшылары, көптеген кәсіпкерлер бірқатар келісімдерге қол қойып келген. Мен Ми мырзамен өткен жылы Қытайға іссапармен барғанда да кездесіп, атқарып жатқан жұмыстарын көріп келгенмін. Өте іскер азаматтың Үрімжідегі атқарып отырған жұмыстарымен таныстым. Ол біздің облыстың азаматтарымен де байланыс орнатса деп ойлаймын, – деді облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев. Сондай-ақ, Жамбыл облысы нақтылы кезеңде 12 мемлекетпен тікелей іскерлік қарым-қатынаста екенін де айтып өтті. Келесі кезекте облыстың бірқатар басқарма басшылары өз салалары бойынша инвестиция тартуға болатын жобаларын ұсынды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев еліміз инвесторларды заңды түрде жан-жақты қорғауға алып, олардың жұмысын өркендетуге бар жағдай жасап отырғанын атап өтті. Келесі кезекте басқармаға қарасты инвестиция тартуды талап ететін үлкен жобаларды назарға ұсынды. Олардың қатарында осы уақытқа дейін де қытайлықтар қызығушылық танытып, жұмысын қолға алған жел, күн және су электр стансаларының құрылысы, 16 зауыттың басын қосатын «ХимпаркТараз», Тараз қаласындағы жаңа жылу жүйесінің құрылысы, «Амангелді» газ өңдеу зауытын жаңарту мен дамыту сынды көптеген жобалар бар. Ал ауыл шаруашылығы саласында ақша салымын талап ететін жұмыстарды облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев таныстырды. Оның негізінен назар аударғаны, егіс алқаптарында жаңа технологияларды қолдана отырып өнім алу жұмыстары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту мәселесі болды. Ми мырзаның бұл саладағы жұмыстары Қытаймен қатар, өзге де мемлекеттерде жемісті жүргізіліп жатқанын ескерген басқарма басшысы жеміс өсіру мен өткерудің, ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ет пен сүтті қайта өңдеудің қай инвестор үшін де тиімді екенін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев Тараз қаласында туризм кластерін дамытуға және тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салуға бағытталған жобаларын ұсынды. Мұнан өзге де көптеген ұсыныстарды тыңдаған Ми Ен Хуа өз еліне барған соң, бұл ұсыныстардың барлығын өз қызметкерлерімен ақылдасып, міндетті түрде жобалардың бірін қолға алатынын айтты. Сол мақсатта алдағы күндері облысқа арнайы жұмыс тобын жіберіп, нақты қолға алынатын жобаны бекіттіретінін жеткізді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.