Мәдениет

Менің кумирім – Оспанхан мен Шона

Руханият – адамзаттың байлығы. Дүниетанымның кеңеюіне ықпал ететін шығармашыл адамдарды бағалау қашанда маңызды. Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы мен Тараз қаласындағы №9, 61 мектеп ұжымдары бірлесіп ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі Бақытжан Советұлымен «Сатира саңлағымен сырласу» атты рухани кеш ұйымдастырды. Ең әуелі көпшілікке мерейтой иесі жайлы бейнеролик көрсетілді.

Іс-шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қордай ауданының Құрметті азаматы Асқарбек Сейілхан мен журналистика ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Бекет Момынқұл ашып, сатирик ақынның биік болмысына тоқталды. «Бақытжан 2000 жылдары қиындау кезеңде тәуекелге бел байлап, несие алып әкесінің «Көзмоншақ» деген кітабын шығарды. Қалай кітап шықты, бұл азаматтың да жолы ашылып жүре берді. Кітаптары шықты, Одаққа өтті, кеңінен танылды. Әкесінің рухы қолдағандай болды. Адамшылығы еселеп қайтты», – деді Асқарбек Ақылшаұлы.

Келесі кезекте жоғарыда аталған білім ордаларының оқушылары Б.Советұлының «Астана», «Тараз», «Бәйтерек», «Ханшатыр», «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа?», «Әпкесі мен бөпесі», «Үш тілділік», «Бой мен ой», «Кім болам?», «Мен тәртіпті баламын», «Құмырсқа», «Қиял» атты өлеңдерін жатқа оқып, «Қыз қиялы», «Арман қыздар – жалған қыздар», «Мода», «Есеп білмеген – есек» сынды әзілге құрылған шығарамасынан көріністер көрсетті.

Іс-шара барысында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы «Бақытжаннан бұрын әкесі Совет Әлімқұлов ағаны танып, өлеңдерін тыңдадық. Ол кісі аудандық газетте істегенмен, беделі жоғары, білімді, сыршыл, лирик ақын еді. Бұл азаматқа да әкесінен көп жақсы қасиеттер дарыған» десе, жазушы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық «Aq jol» газетінің Бас редакторы Оралхан Дәуіт кеш иесінің адал, аңғал мінездерін аша түсетін екі-үш оқиғаны әзілмен өрнектеп, әңгімелеп берді. Облыстық «Jamdyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева кеш иесінің ақындық қабілеті өз алдына, журналистік жұмысына да аса жауапты екеніне тоқталды. «Қандай алыс аудан, ауыл болсын, Бақытжан ағамыз барады, еңбек адамдарын, ауылдың тұнық тіршілігін тауып, керемет хабар дайындауға шебер. Ағамыздың ісі – жастарға үлгі», – деді.

Кеш соңында Бақытжан Советұлы оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға қызықты жауап қайтарды. «Менің өмірдегі кумирім – Оспанхан Әубәкіров және Шона Смаханұлы. Осы кісілердің сатираларын жаттап айтып жүріп, қаламым төселді. Университетте курстасым Ермахан Шайқы менің аңғал мінезімді әзілге айналдырып, бүкіл студенттердің арасына таратып жіберді. Содан оған есе жібермеу үшін, мен де әзіл өлең жазып, сатиралық өлеңдерді солай бастап кеттім. Көсемәлі Сәттібайұлы басқарған кезде «Aq jol» газетінде «Шөкеңнің шошаласы» деген сатиралық бет шығып тұратын. Сол мәселеге орай маған жиі тапсырыс келіп, қаламым шыңдала түсті», дей келе қонақтар мен кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ