Қоғам

Цифрландыру дәуіріндегі әділеттің жаңа келбеті

Құқықтық мемлекет құру – кез келген елдің тұрақты дамуының басты кепілі. Заңның үстемдігі орнаған қоғамда азаматтардың құқығы қорғалып, әділеттілік пен сенім нығаяды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жаңа мазмұнға ие болып, цифрлық технологиялармен тығыз байланыста жүзеге асуда. Облыстағы әділет саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар осының айқын дәлелі. Облыстық Әділет департаменті халыққа құқықтық қызмет көрсетуді жеңілдету, заң көмегінің қолжетімділігін арттыру, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағытында бірқатар ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді.

Осы орайда, облыстық Әділет департаментінің басшысы Мейіржан Исабековтың қатысуымен өткен есептік жиында өткен жылы атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелері жан-жақты баяндалды. Халыққа заңгерлік көмек көрсету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып қала береді. Қазіргі таңда облыс аумағында 216 нотариус, 206 адвокат және 203 заң кеңесшісі қызмет атқарып, тұрғындарға түрлі құқықтық мәселелер бойынша көмек көрсетуде. Бұл көрсеткіштер құқықтық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесін аңғартады.

Сонымен қатар 2025 жылы нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығы мен нотариаттық іс жүргізу қағидаларының сақталуына қатысты 13 тексеру жүргізілген. Оның ішінде 9-ы жоспарлы, 4-і жоспардан тыс тексерулер болды. Тексеру нәтижесінде бір нотариустың қызмет барысында бірнеше рет өрескел заң бұзушылыққа жол бергені анықталып, әділет органдарының бастамасымен сот арқылы лицензиясынан айырылды. Адвокатура саласында да заң талаптарының орындалуы қатаң бақылауда.

Жыл ішінде үш адвокаттың лицензиясы қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты тоқтатылды. Сондайақ бір адвокат заң көмегін көрсету кезінде заң нормаларын өрескел бұзғаны үшін әділет органдарының бастамасымен сот шешімі арқылы лицензиясынан айырылды. Бұл деректер заң саласында кәсіби жауапкершіліктің маңызын арттыра түскенін көрсетеді. Әділет департаменті заң қызметін ұйымдастыру және тегін заң көмегін көрсету саласында да бірқатар маңызды жұмыстарды жүзеге асырды.

Бүгінде заңгердің немесе адвокаттың көмегін алу бұрынғыдай қиын емес. Азаматтар онлайн форматта құқықтық кеңес ала алады. Осы мақсатта «Е-заң көмегі» атты арнайы мобильді қосымша жұмыс істеп тұр. Бұл қызмет «Egov» сайтында және «Заң көмегі» қосымшасында қолжетімді. Сонымен қатар жасанды интеллектіге негізделген чат-бот іске қосылуда. Ол тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде халықтың құқықтық сұрақтарына жауап беруге бағытталған. Виртуалды көмекшіге «adilet.zan.kz» сайты мен «Е-заң көмегі» порталы арқылы жүгінуге болады. Қазіргі таңда чат-боттың жұмыс істеу механизмі жетілдірілу үстінде.

Нотариат саласында да цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы облыстағы нотариустары жалпы саны 592075 қызмет көрсетсе, оның ішінде 31532 қызмет онлайн түрде «Е-нотари» платформасы арқылы жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіш азаматтардың уақытын үнемдеуге және қағазбастылықты азайтуға ықпал етуде. Бұрын қарыз өндіру бойынша атқару жазбасы шыққанын азаматтар кеш біліп, шағымданатын жағдайлар жиі кездесетін. Қазіргі таңда бұл мәселе де шешімін тапты. Енді борышкерге атқару жазбасы туралы ақпарат 1414 нөмірі арқылы автоматты түрде жіберіледі. Егер азамат бұл жазбамен келіспесе, өз уәжін көрсетіп, онлайн форматта нотариусқа қарсылық білдіре алады. Бұл жүйе заңды мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік беріп отыр.

Елімізде шығарылған құжаттарды шетелде ұсыну үшін апостиль қою тәртібі де толықтай онлайн форматқа көшірілді. АХАТ органдарының, нотариустардың және мемлекеттік органдардың құжаттарын электронды апостильдеу үшін азаматтар «Egov» порталы арқылы өтініш бере алады. Қазіргі таңда Гаага конвенциясына мүше 125 елдің 58-інде электронды апостиль жүйесі іске асырылған. Облыс бойынша апостиль қою қызметі бойынша 3204 өтініш тіркелсе, заңды тұлғаларды тіркеу бойынша 630 құжат рәсімделген. Заңды тұлғаларды тіркеу бағытында алғашқы тіркеу 166, қайта тіркеу 81, өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу 220, қызметін тоқтату 160, жарғының телнұсқасын беру 3 жағдайды құрады. Сондай-ақ азаматтық хал актілеріндегі қателіктерді анықтау тәртібі де өзгерді. Енді мұндай дауларды жалпы соттар емес, мамандандырылған әкімшілік соттар қарайды.

Бұл жаңашылдық істерді жедел әрі нақты шешуге мүмкіндік беріп отыр. Зияткерлік меншік саласында да заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер авторлардың, кәсіпкерлердің және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Көру қабілеті нашар адамдардың шығармаларға қолжетімділігі кеңейтіліп, тауар белгілерін тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Сонымен қатар авторлық құқық бойынша ортақ цифрлық платформа іске қосылуда. Бұл жүйе арқылы шығармалардың пайдаланылуы мен авторларға төленетін сыйақылар ашық әрі әділ бақыланатын болады.

Тауар таңбаларын қорғау бағытында былтыр құқық иелерінің арыздары бойынша тексерулер жүргізіліп, 11 әкімшілік іс қозғалған. Сот шешімімен кінәлі тұлғаларға 1049854 теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 415 дана контрафактілік өнім тәркіленді. Бұл азаматтардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретін тауарлар болғандықтан, тұрғындарды күнделікті тұтынатын өнімдерді сатып алу кезінде мұқият болуға шақыру маңызды.

Сот актілерін мәжбүрлеп орындату мәселелері де Әділет департаментінің негізгі бағыттарының бірі. Облыста 15 мемлекеттік және 80 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. 2025 жылы барлығы 588654 атқарушылық іс жүргізу орындауда болып, оның 271525-і аяқталған. Бұл салада да цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. «Робот-сот орындаушы» жүйесі арқылы 27974 іс автоматты түрде аяқталып, 562 миллион теңге өндірілді. Бұл азаматтарға жеке сот орындаушысының қызмет ақысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар AdiletGov қосымшасы іске қосылып, азаматтар атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн бақылауға мүмкіндік алды. Алимент өндіру санатындағы істер де ерекше бақылауда.

Қазіргі таңда облыста 16515 алимент өндірісі тіркелген. Бұл бағытта борышкерлерді жұмыспен қамту, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылуда. Жеке сот орындаушыларына қатысты бақылау жұмыстары да күшейтілді. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Бақылау жұмыстарын онлайн форматта жүргізу мәселесі де қарастырылуда. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және ашықтықты арттыруға бағытталған. Соңғы жаңашылдықтардың бірі – адвокаттар, нотариустар және сот орындаушыларын аттестаттау процесінің толықтай автоматтандырылуы. Бұл жүйе аттестаттаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар борышкерлерді «Цифрлық бақылау» арқылы іздеу жүйесі іске қосылып, жасанды интеллект пен бейнебақылау құралдары кеңінен қолданылуда.

Осылайша, облыста әділет саласында жүргізіліп жатқан цифрлық және құқықтық реформалар азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таба береді деген сенімдеміз.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ