Тәулік бойы байланыста...
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарлау және жедел басқару орталығына қарасты өрт байланысы орталық пунктінің диспетчерлері күн сайын «101» және «112» желілерінен мыңнан астам қоңырау қабылдайды. Әрбір қоңырау жедел шешімді, дәлдікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Диспетчерлер оқиға туралы ақпаратты жедел қабылдап, күштер мен құралдардың уақытылы жіберілуін қамтамасыз етеді. Олар – алдыңғы шептегі құтқарушылардың сенімді тірегі, гарнизонның тылы. Осындай көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбектің арқасында төтенше жағдайларда жедел әрекет ету қамтамасыз етіледі
Қысқы кезеңдегі жолдағы қауіпсіздік – басты назарда
Жақында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекзат Қамбаров қысқы кезеңдегі жолдағы қауіпсіздік мәселесі жайлы баяндады. Спикердің айтуынша, облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4328 километрді құрайды. Оның 1198 километрі республикалық, 1756-сы облыстық, 1383-і аудандық маңызы бар жолдар. Қазіргі уақытта қарлы учаскелердің жалпы ұзындығы 162 километрді (республикалық деңгейдегі жолдар – 131, облыстық деңгейдегі – 31) құрап отыр.
Нәтижесінде төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 1524 адам мен 442 техника айқындалған, оның 71-і төтенше жағдайлар департаментінің жоғары өтімді техникасы. Бүгінде республикалық автожолда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Құлан, Шығанақ және Төле би ауылдарында орналасқан 3 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді, олар қажет болған жағдайда жылыту пункті ретінде де іске қосылады. Сондай-ақ департамент «Қазавтожол» ҰК» АҚ филиалымен бірлесіп, облыстағы «Алматы – Шымкент – Термез» автожолының 158-ші километрінде бұрынғы стационарлық полиция бекетіне соғылған ғимаратты Төтенше жағдайлар министрлігінің «Апаттар медицинасы орталығының» балансына алу бойынша баланстан бөлу және беру актісін дайындау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Қазіргі қысқы кезеңде Қордай асуында авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында, жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері мен 3 арнайы техникасы, сонымен қатар 28237 әскери бөлімнің 7 қызметкері мен 1 техникасы кезекшілік ұйымдастыруда. «Қазгидромет» РМК филиалынан тұрақты негізде дауылды ескертулер туралы ақпараттар алып, оны барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қызметтерге дереу жеткізу бойынша өзара іс-қимыл ұйымдастырылған. Сондай-ақ ауа райы туралы ақпараттар ұялы байланыс операторлары мен Darmen мобильді қосымшасы арқылы SMS-хабарламалар түрінде халыққа жеткізілуде.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растайтын орган құрылатын болды
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растайтын орган құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңа орган министрлікке қарасты «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы» АҚ базасында орналастырылады деп жоспарлануда. Аталған органды құру Еуразиялық экономикалық одақтың «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарына қойылатын талаптар туралы» техникалық регламентінің талаптары аясында жүзеге асырылуда. Онда міндетті сертификаттау және декларациялау арқылы сәйкестікті бағалауға жататын өнімдер тізбесі белгіленген. Бұл тізбеге өрт техникасы, өрт-техникалық жабдықтар, өрт сөндіргіштер, өрт дабылы жүйелері және өзге де өрт қауіпсіздігі құралдары кіреді.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында өрттехникалық өнімдердің жекелеген түрлері бойынша ғана қызмет көрсететін сәйкестікті растайтын шамамен бес жекеменшік орган жұмыс істейді. ТЖМ базасында құрылатын сәйкестікті растайтын орган ЕЭО 043/2017 техникалық регламенті талаптарына сәйкестікті бағалауды жүзеге асыратын болады деп жоспарлануда.
Бұл бастаманы іске асыру өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті бағалау жүйесінің тиімділігін арттырып, техникалық реттеу инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді. Сәйкестікті растайтын органды құру жұмыстарының аяқталуы биылға жоспарланған.
Ақпаннан бастап азаматтық қорғау саласындағы жаңа талап күшіне енеді
Биылғы 1 ақпаннан бастап елімізде объектіні қабылдау және пайдалануға бермес бұрын оның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алуды міндеттеуді көздейтін азаматтық қорғау саласындағы жаңа талап күшіне енеді. Бұл міндет құрылысқа тапсырыс берушіге жүктеледі және адамдар жаппай болатын объектілерге, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерге де қолданылады.
Қорытынды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері тарапынан көрсетілген санаттағы салынып біткен объектіге жүргізілген өрт-техникалық тексеру нәтижелері бойынша беріледі. Қорытындыны беру тәртібі мен оның нысаны Төтенше жағдайлар министрлігінің «Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру қағидаларын бекіту туралы» 2025 жылғы 26 тамыздағы және «Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындының нысанын бекіту туралы» 2025 жылғы 6 тамыздағы бұйрықтарымен бекітілген.
Қорытынды беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет форматында электрондық түрде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылатын болады.
«Ауыл құтқарушылары» еріктілері қалай дайындалады?
Ауылдық жерлерде төтенше жағдай орын алған сәттен кейінгі алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты қазіргі уақытта елімізде шамамен 600-дей арнайы дайындықтан өткен еріктіні біріктіретін 154 «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Бұл төтенше жағдай кезінде кәсіби күштер келгенге дейін бірінші әрекет етіп, алғашқы шараларды қабылдайтындар – ауыл тұрғындары.
Ведомстволық бағдарламаға қатысушыларының орташа жасы 45 жасты құрайды. Ерікті пункттерге негізінен еңбекке қабілетті, өз аумағын жақсы білетін және ауылдастарының сеніміне ие тұрғындар қабылданады. Қатысу үшін жас шектеуі қойылмайды. Мұнда ең бастысы – денсаулық жағдайы, дене дайындығы және жеке ынтажігер. Еріктілерді іріктеу және дайындау белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Арнайы тәжірибе қажет емес, барлық қажетті дағдылар ведомстволық бағдарлама аясында үйретіледі. Еріктілер орта есеппен 7 күн бойы теориялық және практикалық дайындықтан өтеді, өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істеуді, өрт болған жағдайда әрекет етуді және алғашқы дәрігерлік көмекті көрсетуді үйренеді.
ТЖМ өткізетін тұрақты жаттығулар мен білімді тексеру дайындықпен қатар жүреді. Төтенше жағдай орын алғанда еріктілер бірінші болып әрекет етеді. Олар жағдайды бағалайды, өз мүмкіндіктері шегінде өртті оқшаулау шараларын жүргізеді және азаматтық қорғау органдары берген радиобайланыс арқылы ақпарат беріп, кәсіби өрт сөндірушілерді шақырады. Бүгінде еріктілердің жүйелі дайындығы еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Азат – республиканың үздік анықтаушысы
Жақында 2025 жылғы «Үздік анықтаушы» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша жоғары кәсіби деңгейін, қызметтік борышына адалдығын көрсеткен жеңімпаздар анықталды. Конкурс азаматтық қорғау органдарындағы анықтау сапасын арттыру, озық тәжірибе алмасу және үздік қызметкерлерді ынталандыру мақсатында өткізілген болатын.
Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған қорытындыға сәйкес, конкурс жеңімпазы және I орын иегері болып Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Азат Амангелді танылды. Азат Дарханұлының бұл жеңісін міндетін адал әрі абыроймен атқарудың, антқа беріктіктің айқын үлгісі, оның Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан еңбегінің лайықты мойындалуы деуге болады.
Республикалық конкурстағы жерлесіміздің жеңісі тек қызметкердің жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар облыстық департамент ұжымы үшін де маңызды жетістік болып табылады. Бұл кадрларды даярлау деңгейінің жоғары екенінің және атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігінің айқын көрінісі.
Тәжірибелі басшы, тәлімгер ұстаз
Төтенше жағдайлар министрлігі жыл басынан бастап ведомствоның ресми сайтында адам өмірін құтқаруды өзінің өмірлік миссиясына айналдырған адамдар туралы материалдар топтамасын ұсына бастады. Бүгінде адамдардың қауіпсіздігін күнде қамтамасыз етіп жүрген ержүрек, кәсіби шебер және қызметіне адал қызметкерлер ерекше назарда. Елжан Ережепов облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ең жауапты әрі техникалық тұрғыдан жабдықталған бөлімшелерінің бірі – Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімін басқарады. Ол тәжірибелі басшы, мықты офицер және алғашқы еңбек жолын азаматтық қорғау саласында бастаған азамат.
Құтқарушы мамандығын Елжан саналы түрде таңдаған. Ол 2006 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, бірнеше жылдан кейін Сарысу ауданында алғашқы қызмет жолын бастайды. Кейін төтенше жағдайлар департаментінің түрлі бөлімдерінде қызмет атқарып, мол тәжірибе жинады.
Елжан Ережеповтің өмір жолы жай ғана табысты офицердің тарихы емес, бұл үлкен отбасылық дәстүрдің жалғасы. Әкесі 25 жылын өртке қарсы қызметке арнаған, бөлімше командирі, прапорщик шеніндегі ардагер. Бүгінде Елжан Толыбайұлы басқаратын мамандандырылған бөлімде бірнеше кәсіби маман еңбек етеді. Ол ұжымда талапшылдығы, әділеттілігі, тәртіптілігі және жоғары адами қасиетімен құрметке ие.
Жас мамандар үшін тек басшы ғана емес, бағыт-бағдар беретін тәлімгер ұстаз. Елжан Ережепов үшін бұл қызмет қарапайым жұмыс емес. Бұл отбасылық құндылықтармен, тәжірибемен және шын ықыласпен бекіген өмір жолы. Ол бала кезінен басталған терезе сыртындағы өрт сөндіру көлігінің дыбысынан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан даңғыл жол. Оның күнделікті еңбегі, ержүректігі және адамгершілігі шынайы құрмет пен алғысқа лайық.
Өрт сөндіру бөліміне экскурсия жасады
Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында қаладағы №48 орта мектеп пен №3 мектеп-лицейдің оқушыларының қатысуымен экскурсия өтті. Оқушылар өрт сөндіру техникаларының түрлерімен және түрлі сипаттағы авариялыққұтқару жарақтарымен танысып, одан әрі құтқарушылардың өрт немесе өзге де түрлі сипаттағы шақыртуларға жедел шығуларының куәсі болды. Сондай-ақ оқушылар құтқарушылар күнделікті қызмет атқаратын ғимараттағы бөлмелерді аралап көріп, олардың өрт кезінде киетін жауынгерлік киімдерін қолмен ұстап, тіпті киіп көрді.
Сонымен қатар, өрт сөндірушіқұтқарушылардың мұражайына бас сұғып, тарихи жәдігерлермен танысты және қызмет атқару кезінде қаза болған батырлардың ерліктері жайлы әңгімелерге қанық болды. Басқарма офицерлері оқушыларға өрт сөндіргішті дұрыс қолдану тәсілдерін көрсетіп, оларға М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы жайлы жан-жақты ақпараттар берді.
Студенттер үйіндегі өрттактикалық сабақ
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы №4 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы Тараз халықаралық университетінің студенттер үйінде өрт-тактикалық сабақ өткізіп, шараға өрт сөндіру бөлімінен және төтенше жағдайлар басқармасынан 3 техника мен 18 адам қатысты. Шараның сценарийі бойынша аталған студенттер үйінің 2-қабатында орналасқан кабинеттердің бірінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан өрт шығып, нысан қызметкерлері өрт сөндірушілерді жедел шақырып, құтқарушылар келіп жеткенше тиісті жұмыстарды атқарған.
Өрт-тактикалық сабақ барысында 2 жауынгерлік учаске мен 2 газтүтіннен қорғау буыны құрылып, өртті сөндіру, адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнынан 2 адам құтқарылып, 100 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Өрт сөндіруші-құтқарушылар шартты өртті дер кезінде сөндірді. Шара соңында төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жасөспірімдер үйінің қызметкерлерімен өрт туындағанда атқарылуы тиіс алғашқы әрекеттерді пысықтап, өрт сөндіргішті қалай қолдану қажеттігін түсіндірді.
Одан кейін жеке құрам аталған ғимараттың ерекшеліктерімен танысып, сабақты қорытындылады.
Цифрлық форматтағы профилактикалық іс-шара өтті
Облыс орталығындағы Mart ірі сауда орталығында халық арасында өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған, заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шара барысында келушілерге өрт қауіпсіздігі ережелері мен тұрмыста қауіпсіз әрекет ету қағидалары еске салынды.
Қауіпсіздік бойынша жадынамалар электронды форматта ұсынылып, маңызды ақпараттар азаматтарға көрнекі әрі қолжетімді түрде жеткізілді. Сондайақ роботтар мен дыбыс күшейткіші бар дрон пайдаланылды.
Құтқарушылар мұздақтың қауіптілігі туралы ескертеді
Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының құтқарушылары қыс бойы ғимараттардың шатырларынан құлайтын мұздақтардың салдарынан болатын жарақаттанудың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Құтқарушылар карниздер мен шатырларда пайда болатын мұздақтардың адам өмірі мен денсаулығына, әсіресе балалар үшін аса қауіпті екенін ескертеді.
Профилактикалық іс-шаралар барысында тұрғындарға мұздақтар ілініп тұрған ғимараттардың маңында жүрмеу, ескерту белгілеріне назар аудару және балалардың көшедегі жүріс-тұрысын бақылау қажеттігі түсіндірілуде. Сондай-ақ балалармен қыс-көктем кезеңіндегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері және үйлердің шатырлары астында ойнаудың қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған профилактикалық іс-шаралар тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және қар мен мұздың еру кезеңінде жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Басқарма қызметкерлері қала тұрғындарын сақ болуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП