Өкпесі ауырғандар қайда барып
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылғы 18 желтоқсанда Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін талдау туралы тапсырма берген болатын.
Таяуда «Qazagstan» телеарнасынан Үкіметтің кезекті отырысында мемлекетіміздің қаржы министрі Мәди Такиев Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорында орын алып отырған кемшіліктерді және жиналған қаражаттың қадағалаусыз талан-таражға түсіп жатқаны жайлы мәлімет берді. Талдау қорытындысы бойынша қаржы министрі бюджеттік шығыстардың өсуіне қарамастан (2026 жылы осы мақсаттарға арналған шығыстар 2,4 триллион теңгені құрайды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеге артық) Қордың тиімділігі артпай тұрғанын баяндады. Бұл ретте 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 миллиард теңгені құрады, оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 195,9 миллиард теңге болған. Талдау көрсеткендей, қаражаттың едәуір бөлігі қор активтерінде жинақталады және медициналық қызмет көрсетуге жұмсалмайды.
Қаржы министрлігі жүргізген медициналық қызмет көрсетудің ақпараттық жүйелерінің ITаудиті бірқатар жүйелі заңбұзушылықты анықтады:
– жалған пациенттерді тіркеу (контингент тіркелген кезде 1 мың адам болғанмен, іс жүзінде медициналық қызметке 500-ге жуық жүгінеді, алайда төлем бүкіл контингент үшін жүргізіледі);
– азаматтарға өздеріне тән емес медициналық қызметтерді көрсету;
– МӘМС және жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыру қаражаты есебінен бірдей қызметтерді қосарлана қаржыландыру;
– қысқа мерзімде медициналық қызметтердің «әдеттен тыс» көп көлемін көрсету;
– қайтыс болған азаматтарға қызмет көрсету; – балаларға күніне мыңнан астам дәрідәрмектерді жазып беру және тағы басқа. Қаржы министрі Мәди Такиев нақты сандар мен мысалдар келтірді:
1. Жекеменшік клиника бір күнде 1 442 пациент қабылданған, ал бір күнде орташа есеппен 24 адамға дейін қабылданады (6 сағаттық жұмыс күнінде 1 пациентке 15 минут). Сол клиникада басқа дәрігер бір айда 4832 науқасты қабылдаған (Астана қаласы);
2. Бір маманда бір айда 1 713 емдеу жасаған жағдай тіркелген, жекелеген күндері – тәулігіне 300-400 тексеру жасаған (Астана қаласы);
3. 996 қайтыс болған пациентке медициналық қызмет көрсетудің 3640 оқиғасы анықталды, мысалы 2023 жылы қайтқан адамды 2025 жылы қабылдауға жазған (қайтыс болғаннан кейін 2,5 жыл өткен соң);
4. 1,8 миллиард теңгеге пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтердің 769446 жағдайы тіркелді. Мәселен, 768827 ер адам әйел ауруларына (жатыр мойны обырына) скринингтен, 619 ер адам маммограммадан өтті деп көрсетілген. Тек бір аудандық ауруханада осындай 11123 жағдай анықталды (Алматы облысы);
5. Балаларға арналған дәрілік заттарды жүйелі түрде жалған тіркеудің 68717 жағдайы нақтыланды. Димексид препараты бойынша екі балаға 126 мың жазба тіркелген, яғни әрқайсысына 63 мың реттен есептен шығарылған (Жетісу облысы);
6. Бір пациентке бір тәулік ішінде дәрідәрмектерді есептен шығарған 2872 жағдай белгілі болды. Балалар ауруханасында осындай 179 жағдай анықталды: 88 мың бірлік дәрі-дәрмек есептен шығарылды, бұл ретте пациенттер стационарда 1 күнге жетпейтін уақыт қана болған (Астана қаласы) және тағы басқа деректер бар. Талдау қосарланған қаржыландырудың кең таралған екі жағдайын анықтады.
Біріншісінде – жекеменшік медициналық ұйымдардың жұмыс беруші тарапынан ерікті медициналық сақтандыру бойынша және МӘМС қорының қаражаты есебінен бір мезгілде төлем алуы болса, екінші жағдайда – бір науқастың бір мезетте екі медициналық ұйымның базасында қатар тіркелуі. Сондай-ақ салық органдары медициналық ұйымдар басшыларына қатысты камералық бақылау жүргізіп, олардың табыстары мен сатып алған мүліктеріне талдау жасады.
Нәтижесінде 2024-2025 жылдар аралығында 1465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік объектісін сатып алғаны, ал 912 адамның 1 416 автокөлік иеленгені анықталды. Жекелеген басшылардың әрқайсысы 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік объектісін және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған. Сонымен қатар аталған қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің, сондай-ақ нормативтік-құқықтық базасының шашыраңқылығы атап өтілді. Пациенттер мен медициналық ұйымдар бойынша бірыңғай деректер қорының болмауы қолданыстағы нормативтік базаның көп жағдайда халыққа медициналық көмек көрсетудің түпкі нәтижесіне емес жекелеген ұйымдардың (МӘМС, «СК Фармация») қызметтеріне байланыстырылуына алып келді.
Медициналық ұйымдардың материалдықтехникалық базасы, жарақтандырылуы және кадрлық талаптары бастапқы расталғаннан соң одан кейінгі бақылау іс жүзінде жүргізілмейді. Бақылаудың алдын алу тетіктері құрылмаған, бұл медициналық ұйымдардың ТМККК және МӘМС құралдарын мақсатсыз пайдалануды дер кезінде болдырмауға мүмкіндік бермейді. Жүйеде үнемдеуге ынталандыру жолға қойылмаған: үнемделген қаражатты бюджетке қайтару жолдары қарастырылмаған. Тиімділікке емес, қаражатты игеруге деген мотивация орныққан. Тариф белгілеуде де белгілі бір проблемалар анықталды. Жүйеде 3 мыңнан астам тариф қолданылады, бұл медициналық қызметтерді әкімшілендіру мен бақылауды едәуір қиындатады. Қорытындылай келе Премьер-министр Олжас Бектенов келесідей тапсырмалар берді:
– Қаржы министрлігі барлық айтылған деректер бойынша материалдарды процестік шешімдер қабылдауы үшін құқық қорғау органдарына берсін;
– барлық қаржы ағындарын бақылау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілсін;
– Қаржы министрлігі жүйелерінің базасында денсаулық сақтау жүйесінің барлық бизнеспроцестерін толық цифрландыру қамтамасыз етілсін;
– МӘМС активтерін орналастыру және инвестициялық табыс алу жөніндегі инвестициялық стратегияның параметрлерін қайта қарау арқылы негізсіз қаржыландыру тоқтатылсын.
Үкімет жетекшісі О.Бектенов МӘМС-те болып жатқан қитұрқы істерді заң қорғау орындарының тексеріп, тиісті жаза қолдануды тапсырды. Сонымен қатар МӘМС-ті Қаржы министрлігі құрамына енгізу жайлы ұсыныс жасады. Ой таразысына салсақ, ту сонау 2020 жылы елімізге енгізілген МӘМС қоры жыл сайын сынға алынып, оның қызметіне көпшіліктің көңілі толмайтыны туралы, оның басшылары жиі ауысып, біразы істі болып, берекесіздік жайлап отырғаны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Енді МӘМС қорында болып жатқан масқара былыққа, жиналған миллиондаған, миллиардтаған қаржының пысықай тойымсыз алаяқтардың пайдасына шешіліп, көзбояушылық фактілеріне куә болып отырмыз. Не деген адам шошитын масқара фактілер? Бірнеше мыңдаған ер азаматтарға жатыр обыры диагнозын қойып, маммографиядан (сүт безінің рентгендік тексеруі) өтті, емханада дәрігерлік көмек алды, дәрі-дәрмек берілді, скринингтен өтті және тағы басқа қызмет көрсетілді деп жалған мәліметтермен миллиондаған қаржы жымқырып отырған емханалардың теріс қылықтарын жергілікті МӘМС қызметкерлері соңғы күндерге дейін білмей келді ме? Әлде бөлісте отырды ма? Енді халық оларға қалай сенеді? Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мезгіл-мезгіл сұхбат береді. Расын айтуымыз керек, көпшіліктің оның жауаптарына көңілі толмайды. Өйткені, денсаулық сақтау саласында туындап жатқан проблемаларды министріміз айналып өтіп, бұрыннан белгілі мәселелерді үйіп-төгумен шектеледі.
Сұхбатта тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру арасын халыққа түсінікті етіп толық ашып айтып бере алмай жүр. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне 6 жылдан асып барады екен. Бірақ одан медициналық көмектің сапасы мен тиімділігі жақсарып кеткен жоқ. Ол туралы денсаулық сақтау мекемелеріне өздеріне керекті медициналық көмекті алуға барғандар жиі мәлімдеп жүр.
Кезінде тиісті ведомство өкілдері «МӘМС енгізілгеннен кейін дәрігерлік көмектің сапасы жақсарады, соның есебінен медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейеді, әрбір пациент өз денсаулығын жақсартады» деп халықты сендірген болатын. Шындығында, жүйенің жақсылығын сезіне алдық па? Жоқ. Қордың қаржысы көп жылдардан бері «хан талапайға» түсіп жатқанына көзіміз жетті. Біздегі тиісті бақылау органдары қайда қарап отыр?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс», – деп мәселелерді атап өтіп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Дегенмен, айтылған сыннан билік иелері еш нәтиже шығармады. «Баяғы жартас – сол жартас». Сондықтан бар болғаны 20 миллионнан сәл ғана асатын тұрғыны бар елімізде МӘМС-ті таратып, дәрігерлік көмекті мемлекеттің есебінен, яғни толық мемлекеттік қаржыландыруға көшу дұрыс болар ма еді деп ойлаймын. Денсаулық сақтау ісіне мемлекетіміз жылда миллиардтаған, триллиондаған қаржы бөледі. Мемлекеттік қолдау көлемі артқанымен медициналық көмектің сапасы жақсарғанын жалпы халық сезіп отырған жоқ. Бір ғана мысал айтайын, науқастар уақытылы ауруханаға жата алмайды. «Күте тұрыңыз, бөлінген айлық қаржы жетпей жатыр, әзірше жатқыза алмаймыз» деген сынды сылтаулармен шығарып салады.
«Төсектеріңіз бос тұр емес пе?» деп шу шығарса, «осы айға бөлінген қаржы игерілді, келесі айдың басында жатқызамыз» деп жауап қатады бөлімше меңгерушілері. Науқасты стационарға жатқыза алмай, менеджер болып әр тиын-тебенін санаумен әлекке түсіп жатқан дәрігерлерді көргенде жаның ашиды. Келген науқас уақытпен, бөлінген қаржымен санаспайды. Тіпті кейде базбір бас дәрігерлер қаржының жоқтығынан қол астындағы қызметкерлерін жыл соңына қарай амалсыз ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Дәрігер мамандардың емханаларда жетіспеуінен бір дәрігер екі дәрігердің жұмысын атқарып немесе бірнеше емханада жарты ставкамен жүгіріп жүрсе, аурулар дәрігерге көріну кезегіне алдын ала жазылғанның өзінде 5-10 тәулік күтетін болса қалай, қашан медициналық көмек сапасы жақсарады?
Таяуда «Қазақ әдебиеті» газетінде (16.01.2026) Сүлеймен Мәметтің «Әже» деген әңгімесі жарияланды. Сонда қазіргі медицина саласының біраз кемшіліктерін жайып салады. «Қу жан үшін шипа іздеп (емханаға бардым – С.О.). Кіреберістегі тіркеуші қызға жағдайымды айтып, жалбарындым. Басқа қыз екен. Ол да:«Жазылу керек алдын ала, онсыз дәрігер қабылдамайды», – дейді жаттанды мақаммен. – Жаз онда? – деймін. – Біз жазбаймыз, – деп бір қағаздағы телефонды нұсқады. Түсімді суытып: – Сен телефон шал? Менде қайдағы телефон. Қыз жақтырмаса да телефон тұтқасын көтерді. Сөйлесті. «Алдағы аптаның жұмасында, кешкі бесте қабылдайды»,– деді. Қызбен салғыласпадым. Өткенде болған бөлімше меңгерушісінің бөлмесіне қарай бұрыла беріп едім, әлгі қыз шоқ басып алғандай: «Бастыққа бара жатырсыз ба? Болмайды. Бос емес», – деп түп етегіме орала кетті. Тыңдай қоймадым. Сөзімді де шығындамадым. Тақылдаған қыз, менен бұрын тықылдатып басып, алдыма түсті.
«Рұқсатпен кіру керек», – деді.
– Өткенде болғам, – деймін.
– Ол кісі кетіп қалған, мына кісі жаңа бастық, қатал адам, – деді үрпиіп, үрейі ұшып. Аядым. Бір уыс болды. Бірақ кіруім керек.
– Бар кінәні өз мойныма алам, – деймін.
– Неге жібересің дейді ғой! Жұмыстан қуып жіберсе далада қалам ғой, – деп қыз жәудіреді.
– Мені тыңдамады де. Жәудіреген қыз бастығының есігін менен бұрын ашып: «Бұл кісі мені тыңдамады», – деді. Еркек пішінді, шашы дудыраған, танауы таңқы кеспелтек әйел, көзін алайтып, сұп-сұр болып: «Қабылдай алмаймын, уақытым жоқ. Тәртіп бар, соған бағыну керек, сендер ме, беттеріңмен кеткенсіңдер!» – деп жәудір қызды жеп жіберердей зіркілдесін келіп.
– Тыңдамады, айтудай айттым, – деп жәудір қыз көз жасын төкті. Көздің жасынан жасқанар түрі жоқ әйелдің. Қайта қамысқа тиген өрттей өршіп барады. «Жаз арызыңды. Жұмыстан кетесің!» – дегенде шыдай алмай: «Кінәлі мен, бар жазаны мен мойныма алайын!» – дедім. «Сенде шаруам жоқ, менің ісім өз қызметкерімде, – деді сазарып.
– Бұл жердегілер бетімен кетіпті, мен тәртіп орнатам, тапсырма солай. Бұл жекеменшік мекеме», – дегенде: – Қаржыны қайдан алып отыр? – дедім.
– Тендерден ұтады.
– Иесі сіз бе?
– Иесі жоғарыда, мен орындаушымын. Жаным қиналып барады:
«Орындаушы орныңды біл. Келер аптаның жұмасына дейін, менің жаным бар жан ба, жоқ жан ба?». Міне, қазіргі біздегі жағдай. Дәрігерге көрінудің өзі мұң. Емхана қызметкерлері, онкодиспанцерлер жыл сайын халық арасында «скрининг өткізіп жатырмыз» деп миллиондаған қаржыға ие болып жатыр. Оның тиімділігін кім көріп, кім оның сапасын бағалап отыр? Қанша жерден «скрининг өткізіп жатырмыз» десек те асқынған қатерлі ісік ауруы өсіп барады. Бұл нені көрсетеді?
Скрининг тек қағаз жүзінде өткізіліп, нақты жұмыс жоқтың қасы деп түсінгеніміз жөн. Тағы бір ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе қант диабеті ауруы. Белгілі мәліметтер бойынша, қанша жетілдік десек те бұл аурумен ауыратындар саны жыл өткенсайын көбеймесе азаймай келеді. Оның асқынған түрлерін (аяқ саусақтарының іріңдеуі, оның гангренасы) жиі көретін болдық. Жыл бойы қанша адамның сол себептермен аяқтары кесіліп (ампутация), өкінішке қарай, мүгедектер санына қосылып жатыр. Бұл емханаларда маман дәрігер-эндокринологтардың тапшылығынан, қант диабетімен ауыратын науқастар дәрігердің тиісті бақылауында болмағандығынан болып отыр. Бұл мәселе де ойда болғаны жөн. Теледидарда берген бір сұхбатында Денсаулық сақтау министрі осыдан біраз жылдар бұрын енгізілген жедел медициналық жәрдем жүйесін қайта қарап, оның тиімсіздігін айтып, бұрынғы жүйеге кері көшетінімізді атап өтті. Өте орынды айтылған мәселе. Бұл туралы дабыл қағып келе жатқанымызға аз болған жоқ. Енді міне, ол жүйенің орынсыз енгізілгенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Осындай келеңсіз, ессіз қабылданған шешімдер, бұйрықтар біздің елде аз емес. Сонымен қатар соңғы бірер жылдан бері ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын жақсартамыз десіп ұрандатып жүрміз. Бірақ оған жақын жылдары қол жеткізу мүмкін емес: медициналық кадрлар тапшы, диагностикалық және емдік аппараттар мен құралдар жеткіліксіз, ғимараттар ескі, тозығы жеткен және тағы да басқа. Қазір ауылдарда жаңадан салынып жатқан медицина мекемелерінің сапасы сын көтермейді. Мысалы, туған жерім Сарысу ауданының Үшбас ауылында осыдан оншақты жыл бұрын салынған медпункт ғимаратының іргетасы сөгіліп, қабырғалары жарылып, төбесінен су тамшылап, құлап қалу алдында қалт-құлт етіп әрең тұр. Комиссия нысанның сапасын тексере келе, «жөндеуге жарамайды, күрделі жөндеу жүргізу мүмкін емес, құлап қалу қаупі мол, сондықтан басқа ғимарат салу қажет» деген шешімге келіпті. Сол ғимаратты кім салды, кімдер сапасын бақылады, кімдер оны пайдалануға қабылдады – барлығы жұмбақ, бұлыңғыр дүние.
Желге ұшқан мемлекеттің миллиондаған қаржысына кім жауап беруі керек? Міне, қазіргі жаңа салынып жатқан медпункттердің, амбулаториялардың бүгінгі сиқы. Көзбояушылық, «бармақ басты, көз қысты» көбеймесе, азаяр емес. Әрине, сонысы, көңілге кірбің түсіреді. Тағы бір көңілде жүрген мәселе, осыдан бірер жыл бұрын туберкулез ауруы азайды деп аудандық тубдиспансерлерді жаппай жауып тастап, науқастарды облыстық тубдиспансерлерге жүктедік. Енді келіп олардың да төсек-санын қысқартып, кеуде хирургия бөлімшелерін жауып тындық. Дап-дайын жүрген торакальдық хирургтардың штаты қысқартылып, біразы жұмыссыз қалды. Мысалы, біздің облыста өкпе ауруларына ота жасайтын арнайы бөлімше 2025 жылдың екінші жартысынан жоқ десек болады. Екі стационарда – облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаларының хирургия бөлімшелеріне қосымша 5 төсектен қосып, ол мәселені шешіп тастадық деп басшылар жүр. Ал аурулар өздеріне қажетті хирургиялық көмекті қайдан аларын білмей күрк-күрк жөтеліп, қадам басқан сайын ентігіп, әр дәрігердің есігін қағып сандалып қалды. Неге жоғарыда аталған ауруханалардың бірінің құрамынан 15 төсектік торакалды хирургия бөлімшесін ашып, әлгі ауруларды және мамандарды бір жерге шоғырландырмаймыз, медициналық көмектің бұл саласын жақсартпаймыз? Оған не кедергі? Атам заманнан «Барлығын кадр шешеді!» деген халық арасында тәмсіл бар. Елімізде 9 медициналық жоғары оқу орны үздіксіз жылда 7-8 мың дәрігер-мамандарды дайындап, қолдарына диплом беріп отыр. Бірақ елімізде кадр тапшылығы ұзақ жылдардан бері толық шешілмей келеді. Білімі таяз мамандар дәрігер болудан жүрексінеді, жалтақтайды. Өйткені қазіргі халықтан талап жоғары, білімсіз, сенімсіз дәрігердің қолына емделуге ешкімнің барғысы келмейді. Басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарының басым көпшілігі облыс орталығына – қалаға келіп, мемлекеттік емханаларда немесе ақшасын төлеп, жекеменшік медицина-емдеу орталықтарында тексеріліп, дертін анықтап, емделгенді жөн көреді. Бұл – ауыл дәрігерлеріне деген сенім жыл өткен сайын азайып бара жатқанына дәлел. «Олардың білімдерін қалай көтереміз?» деген сауал туындайтыны орынды.
Бұрындары, 50 жылдай, Алматыда дәрігерлердің білімін жетілдіру институты болып, оған тек қазақстандықтар ғана емес, көрші Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті Ресейдің орта және шығыс өңірлерінің дәрігерлері келіп, білімдерін жетілдіріп жүретін. Тәуелсіздік алғаннан кейін ол институтты бір пысақай жекеменшікке алып, келе-келе оның аяғы дауға айналып, соттасып, соңы жабылып тынды. Білім жетілдіру факультеттерін медициналық университеттердің құрамынан ашты, бірақ ол мандырымды жұмыс жүргізе алмай, ол іс Ғылыми зерттеу институттарына жүктелді. Бірақ, олардың да қызметті жөніне қойып, дәрігерлердің білімін жетілдіріп жатқанына күмәнмен қараймыз. Қысқасы, бұл мәселе де шешімін толық таппай отыр.
Аурулардың алдын алу мәселесі, яғни профилактикалық медицина біздің елде құрдымға кетті десек те болады. Қазір онымен айналысып жатқан бірде-бір мекеме жоқ. Кәсіпорындар мен зауыттарда кезінде қызмет еткен профпатология кабинеттері жабылып, көп жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан Қарағандыдағы гигиена және кәсіби аурулар ҒЗИ таратылып, мамандар қысқартылды. Ұзынқұлақтан еміс-еміс естиміз, ол ғылыми орталық қайта ашылыпты деп, бірақ оның көмегін жұмысшылар әзірше сезініп отырған жоқ. Халық арасында санитарлық-медициналық білім беріп, ағарту қызметі де бізде жойылып кетті.
Кезінде санитарлық-профилактикалық мекемелер, кейінірек Салауатты өмір салтын жүргізу орталықтары (ДСМ-нің вице-министрі, профессор Айқан Ақановтың ұсынысымен) болып еді, олар да бұлыңғырланып, сиырқұйымшақтанып, зым-зия жоқ болды. Айта берсек, ойланбай істеген істер медицинаның басқа салаларында да жеткілікті. Халық арасында «Жылағанның көзі жаман, айтқанның аузы жаман» деген сөз болушы еді. Сол айтылғандай, денсаулық сақтау саласында ойласатын кемшіліктер аз емес.
«Басты байлық – денсаулық» деп халқымыз бекер айтпаған. Мемлекеттің басты құндылығы – адам өмірі, адам денсаулығы. Барлығы адамға қызмет ету керек. Сондықтан еліміздің әрбір тұрғыны өзіне қажетті медициналық көмекті сапалы түрде әрі қолжетімді деңгейде алуға құқылы.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
медицина ғылымдарының докторы,
профессор.
Тараз қаласы