Баланы сөзбен емес, өнегелі ісіңмен тәрбиеле
Әдетте біз жас ұрпаққа үлгі болар тұлғаларды танымал адамдардың арасынан іздейміз. Алайда шынайы өнеге мен өмірлік даналық даңқта емес, қарапайым өмірдің өзінде жатқанын байқай бермейміз. Көзге көп түсе бермейтін, бірақ ғибратқа толы ғұмыр кешіп жүрген жандар арамызда аз емес. Солардың бірі – бір шаңырақтың түтінін өшірмей, 60 жылға жуық уақыт бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Жаңабек қария мен өмірлік жары Күлсінай апа. Олардың өмір жолы – сабыр мен сыйластықтың, адалдық пен махаббаттың шынайы көрінісі, кейінгі ұрпаққа үлгі болар асыл қазына.
Жетпістің жетеуіне келген Жаңабек ақсақал мен Күлсінай апа 1969 жылы шаңырақ көтеріп, бір-біріне серік, балаларына тірек бола білді. Берекелі отбасында олар бес ұл мен бір қызды дүниеге әкеліп, бар күш-жігерін перзент тәрбиесіне арнады. Бүгінде бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын сақтап, қуаныш пен қиындықты қатар бөлісіп, қол ұстасқан күйі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.
«Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, осы қыз бұйырып тұр екен, ақырында жолдастарымның көмегімен 22 жастағы сол арумен бір шаңырақтың иесі атандық. Сол күннен бастап ортақ ғұмырдың ұзақ та мәнді жолы басталды. Әрі қарай Күлсінай апаны әңгімеге тартқанымызда, ол жүрек түкпіріндегі сырын жасырмай ақтарды. «Дүниеге жеті перзент әкелдім. Оның бесеуі ұл, біреуі қыз, бір балам шетінеп кетті. Әбіл, Әзім, Орынбасар, Құрманбек, Әділ атты ұлдарымыз бен Толқын деген бір тал қызымыз бар. Бар ғұмырымды сол балаларымды адам қылып өсіруге, жақсы тәрбие беруге арнадым. Сондай-ақ отанасы отбасындағы татулықтың сырымен де бөлісті.
Осылайша маңдай термен, адал еңбектің арқасында дамыған кәсіп отбасының ырысы мен берекесіне айналды. Балалары мен ұрпағының еңбекқорлығына сүйенген бұл шаруашылық бүгінгі күнге дейін өсіп-өркендеп келеді.
Жаңабек Сұлт анбековтың елі үшін жасаған еңбегі, облысымыздың агрокешен саласын дамытуға қосқан үлесі әрдайым ескеріліп, еленіп келеді. Оған «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарынан бөлек, 2021 жылы Президент Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен марапатталғаны дәлел болса керек. Жаңабек ақсақал қоғамдық жұмыста да белсенді. Облыс орталығындағы №40 кварталдық комитетті 25 жыл көлемінде басқарып келеді. Төрткөл аумағы тұрғындарының талап-тілегін билікке жеткізіп, аумақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға тынбай еңбек етіп келеді. – Әкем 1916, 1932 жылғы ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі зобалаңды көрді. Сол кездегі көргендерін маған айтып беріп отыратын. «Балам, тек өзіңде емес, елде де болсын. Өйткені жалғыз өзіңде болғанның қадірін де, рахатын да көре алмайсың», – дейтін. «Неге?» десем, – Атам қазақ «Елде болса, ерінге тиеді» дейтін. Сонау зұлмат заманда аш жігіттер саудагерлердің не сатып тұрған, не жеп тұрған нанын жұлып алып, аузына тығып, тықпыштап жейтін. Нанның иесі олардың желкесінен төпелеп ұратын. Сондықтан тек өзіңде емес, алдында қара шайы мен наны болса да әркімнің өзінде болса, ешкім кеп сенің наныңа таласпайды, – дейтін.
Осыны өз балаларыма да айтып отырамын. «Дүниеге құнықпаңдар! Бірлік бар жерде, тірлік бар!» деп бар білгенімді, түйгенімді үйретіп отырамын. Балаларым әлі күнге дейін тапқан-таянғанын маған әкеліп, ақылдасып отырады. Балаларымның біреуі алдыма келіп «Тәте, мұныңыз дұрыс емес ғой» демеген. Мұның себебі, сірә, менің айтқан сөзім мен істеген ісімнің бір арнадан шыққандығында болса керек. Егер жаман әдеттерге бой алдырып, ақшаны орынсыз шашқан адам болсам, балаларым да маған дәл бүгінгідей құрметпен қарап, сөзіме құлақ асар ма еді… Ісім де, сөзім де түзу болғандықтан шығар, бүгінде жасы алпысты алқымдаған балаларыма дейін маған бағынып, ақылымды тыңдап, бір тоқтамға келіп отырады», – деген ақсақал өз сөзінің жай ғана әңгіме емес, өмірлік ұстаным екенін ісімен дәлелдеп келеді.
Ол ада л еңбекке, түзу жолға берік болып, балаларына ғана емес, ұрпағы мен немерелеріне де өнеге көрсете білді. Әр ісінде жауапкершілікті, әр сөзінде салмақты ұстанған қарияның өмір жолы кейінгі буын үшін тәрбие мектебіне айналды. Бүгінде оның балалары да, немерелері де еңбекті қадірлеуді, үлкенді сыйлап, бірлікті сақтауды сол кісінің ісінен үйреніп, әулет дәстүрін жалғастырып келеді. Осылайша ақсақалдың өнегелі өмірі тұтас бір әулеттің бағытбағдарына айналып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар құндылық болып қалыптасты.
Расында да, баланың бойына тәрбие сіңіру үшін құрғақ ақылдан гөрі, атаананың өз ісі мен дұрыс әрекеті әлдеқайда әсерлі. Үлкеннің әр қадамы, әрбір салиқалы шешімі балаға үнсіз тәрбие беріп, өмірлік бағыт-бағдар қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, баланы сөзбен емес, өнегелі ісімен тәрбиелеу – ең дұрыс әрі нәтижелі жол екені анық. Әлі күнге дейін күніне екі-үш биесін 5-6 реттен сауып келетін Күлсінай апа алты баласынан 25-тей немере мен 15 шақты шөбере көріп, олардың қызығын көріп отырған ардақты әже. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін сол немере-шөберелерінің несібесі үшін бие байлап, сауымын жасап, қымызын дайындап келеді. Қартайдым демей, адал еңбектен қол үзбей, шаршамастан осы кәсіппен айналысып жүргені — ұрпағына деген шексіз мейірім мен еңбекқорлықтың айқын көрінісі.
Шаңырағында бірлік пен ынтымақты ту еткен Сұлтанбековтер әулеті сый-құрметі мен абырой-беделі жарасқан, үлгілі де өнегелі отбасы ретінде көпке үлгі болып отыр. Мерейі үстем, берекесі тасқан Сұлтанбековтер әулеті қайырымдылыққа әрдайым белсенді үлес қосып келеді. Мысалы, 2007 жылы Жаңабек ақсақал балаларымен бірге Сүлейменов көшесіндегі 500 адамға арналған Құлбай баба мешітінің құрылысын аяқтап, ел игілігіне тарту етті. Бұл іс қала тұрғындарының бәріне белгілі болмауы мүмкін, алайда оның маңызы мен игілігі уақыт өте баршамызға аян. Сонымен қатар Сұлтанбековтер әулетінің ұйытқысы Жаңабек ақсақалдың бастамасымен 2021 жылы Талас ауданы, Қызыләуіт ауылында заманауи талапқа сай спорт кешені мен көпшілікке арналған монша салып берген болатын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әулеттің бірігіп жасаған қайырымдылығы мен азаматтық үлгісі – қоғамға өнеге, елге береке сыйлайтын тірлік.
Арна ЖҰМАТАЙ