Қосымша қаржы төлеу Қордайда неге тоқтап тұр?
Қордай ауылында өткен Қордай аудандық комитеті филиалының кезекті ІІІ Пленумына Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, төраға орынбасары Жанболат Орынбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Ұжымдық шарт талаптарының орындалуы бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы білім саласына 33 миллиард 607 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде педагогтердің айлық жалақыларына 17 миллиард 599 миллион 711 мың теңге жұмсалған. Бөлінген қаражат алдыңғы жылмен салыстырғанда 986 миллион 262 мың теңгеге артқан.
Ауданда 50 мемлекеттік мектеп, 23 жекеменшік мектеп, 9 мемлекеттік қосымша білім беру мекемесі, 17 балабақша, 51 жекеменшік балабақша, 3 шағын орталық, бір арнайы білім беру мекемесі жұмыс істейді. Мұнда еңбек етіп жатқан педагогтер саны – 3388. Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитеті мен білім бөлімінің арасында 2024- 2026 жылдарға арналған ұжымдық шарттың аясында педагогтердің құқықтары қорғалған. Ал аудандық кәсіподақ төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева 82 бастауыш кәсіподақ ұйымында 5492 кәсіподақ мүшесі барын айтты. Аудандағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының құрамына аудандық білім бөлімі, 47 мектеп, 4 жеке мектеп, 13 қосымша білім беру ұйымы мен 17 балабақша енген.
Өткен жылы кәсіподақ мүшелерінен 505 өтініш түскен. Жазбаша түскен 21, ауызша түскен 484 өтініштер мен сұрақтарға заң аясында құқықтық кеңес берілген. Бұдан бөлек, еңбек адамының құқығы мен мүдделерін әлеуметтік әріпте стік аясында қорғау барысында жүргізілген тексерістер аясында 237 құқық бұзушылық анықталып, бүгінде барлығы заң шеңберінде шешілген. Қордай аудандық комитеті филиалының жұмысына қанағаттанарлық баға берген аудандық білім бөлімінің әдіскері Совет Жасыбаев, «Бүлдіршін» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Айша Идыбо мен Қ.Сатпаев атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Майра Есқожаева өз ұжымдарындағы ұйымның атқарған жұмыстарымен де таныстырып өтті.
Сондай-ақ әлеуметтік әріптестік аясында олар шалғай елді мекендерде педагогтерді жұмысқа конкурссыз қабылдау, 1,5 жүктемеден аспайтындай біліктілік талаптарға сай келетін пәндерді мұғалімдер арасында ваканттық сағатты бөлуге рұқсат беру, мемлекеттік наградалары бар педагог-шебер ұстаздарды жұмыс ауыстырған жағдайда конкурссыз қабылдау және басқа да ұсыныстар айтты. Жиын барысында көтерілген сұрақтарға және филиалдың жұмысына байланысты Ұжымдық шартта көзделген нормаларға арнайы тоқталған Ерұлан Мағзымбеков бүгінге дейін жергілікті кәсіподақтың осы құжат негізінде жеткен жетістіктерін ашып түсіндіріп берді.
Жиын барысында жаңа жылдың жұмыс жоспары, қаржылық есебі бекітіліп, тиісті қаулылар қабылданды. Жиын соңы марапатқа ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Қордай ауданы