Еден жуушының да еңбегін бағалау керек
Білім қызметкерлері кәсіподағының есеп беру пленумы жалғасуда. Кезекті пленум Т.Рысқұлов ауданында өтті. Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Т.Рысқұлов аудандық комитеті филиалының ІІІ Пленумына Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Самылтыров, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, құқықтық қызмет өкілдері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ мүшелері және ардагерлері қатысты.
Аталған пленумның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Ұжымдық шарттағы көрсетілген міндеттердің орындалуы, қоғамдағы рөлі жайлы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Самылтыров баяндама жасап, әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылған жұмыс барысына тоқталды. Ол білім саласындағы кіші қызметкерлерге қосымша ақы төлеу, осы Ұжымдық шарт аясында шешілгенін, бүгінгі күні бір реттік коммуналдық төлемге қол жеткізу әріптестік байланыс шеңберінде жүзеге асырылғанын атап өтті.
Ал аудандық комитеттің өткен жылы атқарған жұмысының барысы туралы филиал төрағасы Айнұр Баймұратова баян етті. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының құрамында 60 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 7 кәсіподақтық топ бар. Ал мұндағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 4505 адам. Жалпы комитет тарапынан өткен жылы көп жұмыс атқарылып, бірқатар мәселе өзінің оң шешімін тапқан. Бірақ шешімін күткен мәселелер де бар екені айтылды. Оның бірі – техникалық қызметкерлерге, дәлірек айтсақ еден жуушыларға қатысты. Бұл мәселені жиын барысында басқа да азаматтар көтерді. Яғни, еден жуушы өзіне бекітілген аумақтан бөлек, мектеп ішіндегі әжетханаларды да қоса тазалайды. Осы жұмысты атқарғаны үшін жалақысына бар болғаны 8 мың теңге қосылады екен. Педагогтер жиында білім мекемелерінде әжетхана тазалығына жауапты болатын бір бірлік штат сұрап, ұсыныс жасады. Сондай-ақ үйде оқытылатын, инклюзивті баланы оқыту үшін біліктілік курсынан өтудің қаншалықты қажеттілігі бар екені жайлы сөз қозғап, мектептерде лудоманиямен жұмыс істейтін мамандарды тарту жайлы мәселе көтерді. Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің директоры Ақбота Стыбаева, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қанат Түзелбаев пен білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ануарбек Тұрманбетов көтерген бұл мәселелер әріптестері тарапынан қолдау тапты.
Жиынды қорытындылаған жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт аясында 2012 жылдан бергі уақытта әлеуметтік әріптестік байланыс аясында кезең-кезеңмен шешімін тапқан мәселелердің аражігін тарқата отырып, баяндап берді.
Жиын барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Т.Рысқұлов ауданы