Көптеген ізгі істерге ұйытқы болып жүр
Елдің аманатын арқалап, халықтың игілігі үшін қызмет етуді мақсат еткен Amanat партиясы көптеген ізгі істерге ұйытқы болып жүр. Жаңа жыл мерекесінде де облыстағы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қуантып, сый-сияпаттар тарту етті.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Жаңа жылдық серпантин» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Оған партия аумақтық филиалдарының төрағалары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымдары төрағаларының қатысуымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түрлі деңгейдегі мерекелік іс-шаралар өткізілді. Amanat партиясының облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты Нүрила Суннатулақызының айтуынша, мүгедектігі бар азаматтардың кедергісіз өмір сүруіне қажетті жағдайдың жасалуы партия назарында болады. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы 2014 жылдан бастап жүзеге асырылуда.
Жобаның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жәрдемдесу. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта құру, жастарға, балаларға инклюзивті білім беру, мүмкіндігі шектеулі адамдарға өз бетінше табыс тауып, өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жұмысқа орналасуға көмектесу. Бүгінде облыс бойынша 45737 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 1-топтағылар 4427 адам, 2-топтағылар 16758, 3-топтағылар 17645 адам, ал 18 жасқа дейінгі 6907 мүгедек бар. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызды құрайды. Өткен жылы аталған жоба аясында 430 іс-шара өтіп, оған 6669 адам қамтылды, – деген Нүрила Суннатулақызы ұйымдастырылған іс-шаралардың маңыздылығын да атап айтып берді.
Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қолынан шыққан түрлі бұйымдарын сатып, табыс табуына қолдау көрсету үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылған. Бұл олардың қолөнермен айналысып, одан пайда көруімен өмір сүруге ынтасын арттырады. Сол секілді мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мақсатында, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партияның облыстық және аудандық филиалдары мен «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен жыл басынан бері өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 43 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілген. Өткен жылғы бос жұмыс орны жәрмеңкелерінің нәтижесінде 669 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, 697 адам уақытша жұмысқа орналасқан. Ұйымдастырушылар межеленген көрсеткіштерді орындау барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Amanat партиясы мен «Болашақ» қорының қолдауымен облыстағы мектептерде 10 инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар ашылған. 2022 жылы Тараз қаласынан 4 мектептен, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарынан 2 мектептен инклюзияны қолдау кабинеттері, 2023 жылы Шу ауданынан 2 ресурстық орталық және осындай орталық 2025 жылы Меркі мен Қордай аудандарынан да бірбірден ашылып, жұмыстарын бастаған. Мұның бәрі де ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетіліп жатқан қолдау және ол тоқтаусыз жалғаса береді.
Қамар ҚАРАСАЕВА