Экономика

Үкімет малшыларға қандай жағдай жасамақ?

Асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығын дамыту мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды. Кешенді жоспарда мал басын өсіруге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған саланы мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктері қаралды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39 пайызын құрайды. Ірі қара мал басының 2,4 пайызға және ұсақ мал басының 1,6 пайызға өсуі байқалған. Сүт өндірісі 5 пайыз өсіммен шамамен 3,8 миллион тоннаны құраса, ет өндіру көлемі 1,2 миллион тоннаға жетіп отыр. Осылайша бұл бағытта өткен жылғы деңгейден 2,6 пайызға жоғары өсім қалыптасқан.

Алайда салаға жауапты мамандардың сөзінше, жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 2-3 пайыз деңгейінде сақталуы саланың әлеуетін толық ашпай отыр. Сондықтан кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 миллионнан 12 миллион басқа және ұсақ мал санын 20,2 миллионнан 28 миллион басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ ет өндірісі экспортының 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдау шараларының кешені ұсынылмақ.

Жиында Олжас Бектенов кешенді жоспардың шаралары ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қамтуды және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша болжамды баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қайта өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту қажеттігін айтып, ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіру және оларды бірыңғай есепке алу көзі ретінде пайдалануды тапсырды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі жөніндегі тапсырмаларының орындалуына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жердің ұтымды пайдаланылуын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Астық егетін үш өңір бойынша 330 шаруашылық жоғары бақылауда. Мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда учаскелер азаматтарға одан әрі қайта бөлу үшін мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.

Жиын қорытындысы бойынша Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Премьерминистр Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысты үйлестіруді және барлық көзделген шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, өткен жылы облысымызда мал шаруашылығындағы ет өндірісі 2,7 пайызға, сүт өнімі 1,6 пайызға артқан. Бұдан бөлек, 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан мен Әзербайжан елдеріне 410 мың тонна пияз экспортталған.

 

Нұрболат АМАНБЕК