Саясат

Жақсы күндерден үмітіміз мол

Осымен бесінші рет өткізілген Ұлттық құрылтайда жүздеген өзекті мәселелер қаралып, шешілу жолдары талқыға түсті. Сырдың бойында өткен жиында елдік мүдде жолындағы барлық мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Барлығы маңызды ұсыныстарын айтып, ел дамуына бейжай қарамайтындарын танытты. Ол ұсыныстар алдағы уақытта назарға алынып, оның негізінде оң шешімдер қабылдана беретіні анық.

Бұл Құрылтай бірнеше ерекше жаңалығымен айқындалды. Бір палаталы Парламент, Вице-президент институтын құру секілді мәліметтер елді елең еткізді. Қандай шешім қабылданса да елдің дамуы мен өркендеуі, экономикалық тиімділік тұрғысынан жасалып жатқанын көңілге мықтап түйгеніміз дұрыс. Оны көпшілік түсініп, жылы пікір айтып, қолдаулар білдіріп жатқаны қуантады. Ынтымақ пен бірлігіміз болса, елдігіміздің жолы мәңгілікке бет түзей беретіні анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда сөйлеген сөзінде көптеген өзекті мәселенің шешімін көрсетіп, түйінін тарқатты.

Президент: «Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан», деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының сөздері терең мазмұн мен талдауға толы болды.

Елдің барша жауапкершілігін арқалаған тұлғаның сара саясаты мен дара шешімдері баршамыз үшін өзекті.

Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде елдің экономикасынан бастап, тарих, руханият, ұлттық құндылық, білім, тәртіп мәселелеріне ерекше маңыз берді. Айтылған маңызды толғамдар Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан қолдау тапты. Бұл Құрылтай мемлекетіміздің жүрер жолы мен бағытын айқындап берді. Сонымен қатар республикамыздың алдында жүзеге асуы тиіс қыруар жауапты міндеттер тұр. Ол нақты жоспарлар мен өте жоғары жауапкершілік. Жауапкершілік жүгі қай кезде де жеңіл емес. Жеңіл болмаған. Оның сәтті жүзеге асуы сіз бен біздің, яғни әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан алдағы жақсы күндерден үмітіміз үлкен. Елдің дамуы үшін өңірлерде, ауылдарда жасалып жатқан жұмыстардың баршасы сәтті болғай!

 

Бақытжан ҚАЛЫМБЕТОВ

облыстық мәслихаттың депутаты