Мәдениет

Жүз жыл жырлаған жүрек

«Дән де құнарлы жерге өнеді» дегендей, өңірімізде айтыс өнерінің ізбасарлары қалыптасып, жетіліп келеді. Олар өз өнерлерін дамытуға күш салуда. Біз оны жыр алыбының 180 жылдығына орай облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы - термешілері орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты облыстық оқушылар айтысынан тағы да аңғардық.

Айтысты Дидар Апбасов сәтті жүргізді. Белгілі айтыскер, Мәдениет саласының үздігі Аайтмұханбет Исақов қазылар алқасының төрағасы болса, Ербол Қамбатыр мен Медеу Мырзатай да қазылар құрамынан табылды. Айтыстың шымылдығы тараздық Ержігіт Ораз бен таластық Маржан Серік, Байзақ ауданының ақыны Райымбек Керімбай мен тараздық Айша Сұлтанхан арасындағы сөз сайысымен түрілді. Екеуі де 4 -сынып оқушылары екен. Шумақтары соншалықты шымыр болмаса да, жеңіске деген жігерлері байқалады.

Айшаның «Өтірік Аяз атаның сыйлығынан, жыр қалдырған Жамбыл атам артық маған» деген тіркесі ел назарын баурағаны анық. Меркілік Назгүл Ерланқызы мен Жамбыл ауданынан келген Абай Досым, таластық Маржан Серік пен тараздық Ержігіт Ораз арасындағы айтыстар да әсерге толы болды. Дегенмен, 2025 жылы өткен оқушылар арасындағы республикалық «Қола домбыра» айтысының жеңімпазы Інжу Жаңабай мен Жамбыл ауданының жас ақыны Мирас Жамалбектің арасындағы айтыс қызық шумақтарымен ерекшеленді.

«Айшадай әйбат ару өзің болсаң, адалдығым болсын менің Қарахандай» деген Мирас өзінен үш жас үлкен әпкесіне «Інжуді сәті келсе алып қашам» демесі бар ма?  

Тәжірибелі Інжу Жаңабай:  

Бұл інім әзілдейді маған не деп,

Болса деп ем сен басқан қадам бөлек.

Әпкеңді алып қашу былай тұрсын,

Өзіңді алып қайтар адам керек, – деп «тоғыздыққа» дәл түскені.

Жүйелі сөздің қасиеті-ай. Жүздеген кісінің жадырап, сүйсінгенін көрдік. Барлық оқушы ақындар шамалары келгенше жыр алыбын әр қырынан суреттеуге күш салды. 4 жұп финалға шығып, сәтті өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Тараз қаласы №3 мектеп –лицейдің 11 сынып оқушысы Інжу Жаңабайға берілсе, жүлделі бірінші орынға Байзақ ауданы, Құмжота ауылы, Ы. Алтынсарин орта мектебінің 4 сынып оқушысы Райымбек Керімбай лайық деп танылды. Таластық Маржан Серік, жамбылдық Абай Досым, меркілік Назгүл Ерланқызы, жамбылдық Мирас Жамалбек те жүлделі орындардан көрінді.

 

Есет ДОСАЛЫ