Әдебиет

Қалам құдіреті

Ол қыл қалам құдіретін ерте сезінді. Оның құдіретін, қасиетін, күшін, ықпалын кейін ес біліп, етек жеңін жинаған, ақыл тоқтата бастағанда жете түсінді. Шынын айту керек, Көкдала бастауыш мектебінде бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде болған мына жағдай қазіргі жасы ұлғайған шағында да есінен кеткен емес. Оқиға былай болған екен. Төменгі Шу бойынан Көкдала елді мекеніне Бойтан деген қария ірі қара бақташысы болып қазан айында көшіп келеді. Бақташының қыстап отырған қыстауы бастауыш мектеп орналасқан жерден жиырма шақырым, сол кезде ол жерді «Мешіт» деп тұрғындар атап кетіпті.

Себебі, Кеңес өкіметі орнағанға дейін ол жерде мешіт болған. Қараусыз қалған мешіт құлап қалыпты. Содан бері ол жерді өңір тұрғындары «Бойтан қыстауы» деп атапты. Сол Бойтан қарияның Көлшікбай деген мектеп жасындағы ер баласы болған. Өзі есейіңкіреп қалған. Оны бірінші сыныпқа оқытуға әкесі мектепке әкеледі. Бірінші тоқсан аяқталуға таяп қалған кез. Көлшікбай алғашқы аптада балаларға үрке қарап, сабаққа құлықсыздық танытып жүреді. Бірге оқитын құрдастары ойынға тартып, жақындаспақ болса да, ол өзінше жүреді. Үйін сағына ма? Тіпті түнде ұйықтар алдында да үйін айтып жылауды шығарған. Балалар оның жылауықтығынан әбден мезі болады. Солай жүргенде қытымыр қыс басталып кетеді. Күн суытып, қар қалың жауады.

Енді Көлшікбай сенбі күндері сабақ аяқталысымен қашықтағы үйіне қашатын әдет шығарады. Мектеп мұғалімдері, интернатта жатып оқитын балалар оны артынан қуып, бірнеше рет барғанымен, Көлшікбай ізін жасырып, тапқызбай жүреді. Сенбі болса, оқушылар мен ұстаздар Көлшікбайдың жүріс-тұрысын бақылауды күшейтеді. Сонда да қашып үйреніп қалған Көлшікбай ебін тауып, алыстағы қыстаудағы үйіне қашып кетіп сабаққа бірнеше күн кешігіп, кейде апталап келмей жүреді. Ұстаздар мен оқушылар қашқын оқушыны қуудан әбден шаршап, айлалары таусылып енді не істесек екен деп ақылдары дал болады.

Ұстаздар арасында ақындығы бар Манап Махадиев деген мұғалім мектептің қабырға газетіне Көлшікбайға арнап бір ауыз өлең жазыпты.

Қашқанды қой, Көлшікбай,

Адасасың жолшыбай.

Артыңнан қуып біз әуре,

Жүреміз бе осылай.

Бұл өлеңді мектеп оқушылары да ұстаздар да, Көлшікбай да оқиды. Өлеңді оқушылар жатқа айтып жүреді. Осыдан кейін Көлшікбай сабақтан қашуды мүлдем тоқтатыпты. Үлгілі, тәртіпті оқушылар қатарына қосылған. Міне, қаламның құдіреті, қуаты, күші осында болса керек. Майлыбай ағай өлең, мақала жазуды жетінші сыныпта бастаған. Оның мақала, өлеңдері Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде аракідік басылып тұрған. Байқадам қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ескермес Ескендіровті әлі күнге дейін өзінің ұстазы санайды. «Ескермес ағай өлең, мақала жазатын балаларға ерекше қамқорлық көрсететін. Оларға бағытбағдар берген сайын қуанып қалушы еді», – деп еске алады.

Мәкең тағы бір әңгімесінде: «Алыс ауылдағы анам қатты науқастанып шешейді және көршіміз Дана деген әйел екеуін Көкдала мал жайылым учаскесінен санитарлық ұшақпен сол кездегі аудан орталығы Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылындағы ауруханаға алып келді. Ол кезде 12 адамдық жолаушылар таситын «Кукрузник» деген ұшақ ұшады екен. Екеуінің жағдайы да өте нашар. Тек кірпіктері ғана қимылдайды. Ол кезде 9 сыныпта оқимын. Науқастарды көрген білікті маман, кезекші дәрігер Қуан Мұқатов бірден палатаға жатқызып, мейірбикелерге ескертіп науқастарға тез қан құйғыза бастайды. Анам бір сәт дірілдеп, қара терге түсіп, қиналып жатқанын көрдім. Жан даусым шығып мейірбикелерге қарадым. Одан кейінгісі есімде жоқ. Көзімді ашсам қасымда дәрігер Қуан Мұқатов тұр.

«Балақай, қорықпа, қан араласқанша осындай жағдайлар болады, анаң қазір тынышталды. Ұйықтап жатыр. Жазылып кетеді», – деп басымнан сипады.

Анамның беті бері қарай бастады. Күн сайын сабақтан соң келіп жүрдім. Ұмытпасам бір аптадан кейін қасындағы Дана апай қайтыс болды. Бұл бір қиын кезең. Анам жазылды. Қуандық. Енді мені бір қарыз бен парыз деген ой билеп алды. Облыстық «Aq jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газетіне Қ. Мақатов туралы «Қуан әкелген қуаныш» деген мақалам жарияланды. Газетке мақалам шыққан күні Қуан Мұқатов маған келіп рақметін айтып кетті. Сол мақалам үшін 15 сом қаламақы алдым. Ол кезде бір қап ұн 15 сом тұрады. Ол ақшаға әкемізге жаңа жұмыс кастюмі мен шалбар сатып әпердік», – дейді.

Еңбек еленген жылдар

2013 жылан бастап Майлыбай Смағұлов шығармашылыққа ден қоя бастады. Оның мақалалары баспасөзде жиі жарияланып, кітаптары шықты. 2015 жылы әуесқой композитор, Сарысу ауданында алғашқы типтік жобадағы саз мектебін салдыруға бар күшжігерін, білімін жұмсап, саз мектебінің құрылысының бітуіне 4 ай қалғанда өмірден озған Сәбит Нұркеев туралы «Өнер деп соққан жүрегі» аты кітабын жазды. Майлыбай Смағұловтың «ИсламТәуелсіз еліміздің рухани тірегі» атты кітабы Қазақстан Республикасы Дін істері және Азаматтық қоғам Министрлігі Дін істері комитетінің 2018 жылғы 2 шілде күні №14-06- 11/1450 сараптамасынан өткізіліп, оң қорытындысы берілген. Бұл кітап негізінен алты бөлімнен тұрады. «Өңірде жан бар ма олардан асқан» кітабы «Шежірелі Сарысу» кітабының жалғасы. Кітаптың бір тарауы «Алты арыс» деп аталады.

Мұнда ағайынды Бәйсейіт, Дінмұхамед Әділовтер, Жанайдар Садуақасов, Шабден Ералиев, Бәкен Серікбаев, Ораз Жандосовтың ел қамы үшін істеген жанқиярлық еңбектері қамтылған. Сонымен қатар кітаптың бір бөлігі Ықылас Дүкенұлы, Шоқай датқа, Майкөт Сандыбайұлына арналған. Кеңестік кезеңде еңбек етіп ел мақтанышына айналған Ақай Оңғарбаев, Әбдіразақ Елібаев, Ерденбай Тұрғанбаев, Төлеубек Әбдіқадыров, Әшір Бүркітбаев сияқты аяулы азаматтарды да, Кеңес Одағының батырлары Амант ай Дәулетбеков, Ыбырайым Сүлейменов және Берген Исаханов, Қазыбек Нұржановтардың ерлік істерін де көрсетуге арналған. Асанәлі Әшімов, Шәмші Қалдаяқов, Илья Жақанов, Амангелді Сембин, Сәуле Жанпейісова туралы да шеберлікпен жазған.

Сонымен қатар «Жас кезіңде жалында» кітабы жалынды жас шақтың алаулаған кезеңі Жастар жылына арналып жазылыпты. «Жылыстап кеткен жылдарым-студенттік кездегі сырларым» атты кітабы Майлыбай Смағұловтың ұйымдастыруымен жазылған ұжымдық кітапта Орынбек Жаңғақбаевтың да еңбектері қамтылған. Академик Жақсыбай Тілеубаев туралы да қамтылған.

Майлыбай Смағұлов ағамыз еңбекқор, ізденімпаз жан. Ол кісі есік алдындағы бау-бақшадан босаған уақытында шығармашылық жұмыспен айналысқанды жақсы көреді. Кейінгі екі жылда екі повесть жазғанын айтсақ та жеткілікті. Оның бірі «Ана қарғысының ақыры» атты деректі повесі. Еңбек ашаршылық жылдары мен қуғын сүргін кезеңіндегі бүкіл Қазақстан сияқты Сарысу өңірін жайлаған аштық тақырыбына арналған. Ақыш ананың өмірден көрген қиыншылықтары арқылы өңірдегі сол кездегі тіршіліктің ауыр жақтарын оқырманға баяндайды.

«Әділетті Қазақстан-әлеуметтік әділеттік кепілі» атты романы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі жүргізіп жатқан Әділетті Қазақстан құру жөніндегі саясатын насихаттауға бағытталған, «Адал адам-Адал еңбекАдал табыс» бағдарламасының мәнін ашып көрсетуге арналған. Өткен жылдары жүрегіне жасалған ауыр операцияға қарамастан ол қарап бос отыруды ыңғайсыз сезінеді. Ол өзін жұмыс үстінде көргісі келетінін де жасырмайды. Былтыр Алматы қаласында, облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында оқырмандармен кездесу кеші өтті. Оның әлі де берері көп. Жазарыңыз таусылмасын, жақсы аға!

 

Амангелді ӘБІЛ

Қазақстанның Құрметті журналисі