Электронды қызметтер есебінен қағазбастылық азайды ма?
Бүгінде еліміздің цифрлық саласы қарыштап дамып келеді. Бұл өз кезегінде елдегі барлық салаларға серпін беріп, инвестиция тарту процесін жолға қойып отыр. Аталған бағыттағы жұмыстар облысымызда да жалғасын тауып келеді. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыстық филиалының бас директоры Батырхан Тоқтағұл өткен жылы салада атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Аталмыш мемлекеттік корпорациясы «бір терезе қағидаты бойынша жеке және заңды тұлғаларға түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын бірыңғай провайдер саналады. Филиал басшының сөзінше, жүйеде 1448 мемлекеттік қызмет болса, соның 1330 қызметі мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылады.
Батырхан Тоқтағұлұлының сөзінше, өткен жылы жеке куәлік және төлқұжат беру, көлік тіркеу, ЭЦҚ алу, жүргізуші куәлігін беру секілді қызметтер тұрғындар тарапынан жиі сұраныста болған. Ал биыл жыл сайынғы әлеуметтік төлемдердің артуына байланысты филиал арқылы 472 мыңнан астам тұрғын жыл басындағы алғашқы зейнетақыларын алып үлгерген.
Жиын соңында журналистер мен әлеуметтік желілерден түскен сауалдарға жауап берген филиал басшысы бұл бағытта алдағы уақытта да жұмыстардың жалғасатындығын жеткізді. Айта кетейік, былтыр жергілікті атқарушы орган және инвесторлармен бірлесе отырып Тараз қаласында 15-шағынауданда NEW CON форматындағы халыққа қызмет көрсету және неке қию орталығы ашылса, 2026-2027 жылдарға мамандандырылған ХҚКБ ашу жоспарлануда.
Нұрболат АМАНБЕК