Білім

«Райкомның» өзін сыныптан қуып шыққан мұғалім

Қоғамда өз мамандығымен қарапайым еңбек етіп, алғысқа бөленіп жүретін азаматтар баршылық. Соның бірі – қарапайым ұстаз Маратқали Қуандықов. Ол 1974 жылы Жамбыл педагогикалық институтын физика-математика факультеті бойынша бітіріп, содан бері осы жолда еңбек етіп келе жатқанына 51 жыл болыпты.

Маратқали Сейсенбайұлының жүрістұрысына қарап тұрып, мұғалім мамандығын дұрыс таңдаған азамат екен дерсіз. Сөзі, болмысы, білімі, әрбір іс-әрекетіне дейін ұстазға тән қасиеті көзге ұрып тұрады. Сондықтан болар, ұстаздық қызметінде біраз белгілі азаматтардың білім алып шығуына себепкер болғаны. Ол 1974-1975 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеп, «Аға лейтенант» шенімен оралғаны ауылдастары үшін мақтаныш. Ұстаздық қызметінің көп жылы Байзақ ауданында өтіпті. Киров, Мырзатай, Көктал орта мектептерінде өнегелі ізі қалды. Қарапайым мұғалім болып та тер төкті. Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, әскери жетекші, мектеп директоры ретінде атқарған қызметі жемісін бергенін жерлестері айтудан жалыққан емес.

Шәкіріттері өрісті, еңбегі жемісті. Өмірде сәттілікке де бір жағдайлар әсер ететіні белгілі. Маратқали Сейсенбайұлына да өмірінде жақсы адамдар көбірек жолығып отырған. Мектеп қабырғасында жүргенінде Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих пәнінің мұғалімі Үрімбай Әлімбаев шәкіртіне болашағын ұстаздықпен байланыстыруға кеңес беріпті. Қырық жылдан астам уақыт бастауыш пәнінен сабақ берген анасы Алтынкүл Қалдарова да баласынан жақсы мұғалім шығатынын байқапты. Ал мектеп директоры қызметіне Пәрмеш Жақсымбетов деген тәжірибелі ұстаз баулыған.

– Бірақ, менен жақсы директор шықпады, ол үшін білімді, жауапты болудан да басқа міндеттер бар екен. Дегенмен жақсы мұғалім бола алдым деп ойлаймын. Мұғалімдік жылдардың қызықтары көп. Ең қызығын айтайын. Ауылымдағы Киров орталау мектебіне жаңадан математика пәні мұғалімі болып қабылданған кезім. Жалындап тұрған жаспыз. «Жұмыс қайдасың?» деп жанып тұрамын. Бір жолы 7 сыныпқа жаңа сабақ өтіп жатқанмын. Есік ашылды да, галстук таққан бір кісі кіріп келді. Әдетте, сабақ үстінде кірген адам есікті қағып, рұқсат сұрайды. Тәртіп солай. Ал бұл кісі әй-шәй жоқ кіріп келгені. «Сіз бөлмеден шығып тұрыңыз. Мұнда жаңа сабақ өтіп жатырмын» деп қатқылдау сөйлеп едім, анау кісі бұрылып келген ізімен шығып кетті. Сабақ бітіп, сыртқа қоңырау соғылды. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз келіп:

«Сізді директор шақырып жатыр», – деді.

Директор өте қатал кісі еді. Көзін алартқан кезде мұғалімдер жерге кіріп кете жаздайтын. Бәленің әлгі рұқсатсыз кірген кісіден келгенін сезіп, қабылдау бөлмесіне беттедім. Жоқ, әдетте сұсты көрінетін директор сабырлы. Қасында жаңағы мен қуып жіберген адам отыр. Директор жүзіме қарап тұрып: «Сіз мынау кісіні бөлмеден қуып жіберіпсіз», – деді.

«Иә, рас. Жаңа сабақ өтіп жатыр едім», – дедім. «Сіз бұл кісіні танисыз ба?», – дегені.

«Жоқ, танымадым», – дедім. «Бұл кісі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сыздықбаев жолдас» деді директор.

Мен сол кезде барып, не бүлдіргенімді сезіп, ұяла бастадым. Сондай ыңғасыз жағдайдан бірінші хатшы өзі құтқарды. «Бұл мұғалімнің ісі дұрыс. Мен рұқсат сұрамай кірген едім. Менікі дұрыс болмады», – деді.

Не деген әділдік! Бір ауданды басқарып тұрып, сонша әділ, қарапайым. Ол кісінің жақсы қасиетіне таңдандым. Сөйтіп, сабақ өтемін деп «Райкомның» өзін сынып бөлмесінен қуып шыққаным бар, – деп жымиып қойды ардагер ұстаз. Ол білім берген шәкірттердің ішінде бокстан кадеттер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Олжас Сәттібаев та бар.

«Маратқали ағайдың әр сабағы қызықты өтетін. Бүкіл сыныптың назарын аудара білді», – дейді чемпион.

Бұдан бөлек танымал шәкірттерінің қатарында профессор, белгілі тарихшы Сейдехан Бақтықоразов бар. Бұл күнде облыстық деңгейде үлкен еңбек сіңіріп жүрген Әлішер Әзімбайұлы, мектеп директоры Сәрсенбай Қанқожаев та – Маратқали ұстаздың шәкірттері. Білім саласына ғұмырын арнаған ұстаз Маратқали Қуандықов, Сара Бейсенова, Гүлбану Әлмахановалардың білікті мұғалім болуына ықпал етті. Өзінің жұбайы Гүлмира Әбиірова да ұлағатты ұстаз. Ол өзін іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсетті. Кейінгі 15 жылында Тараз қаласындағы Төле би атындағы гимназиясында жұмыс істеп, 2016 жылы зейнетке шығыпты. Демалысқа шықса да қарап отырмай, маман жетіспегендіктен физика-математика пәндерінен біраз уақыт білім мекемелерінде жастарға сабақ берді.

 

Ерімбет НҰРЛАНҰЛЫ

№67 мектеп директорының орынбасары.

Тараз қаласы