Анам сияқты мұғалім болуды армандадым
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген дана Абайдың сөзін өз ісіне адал берілген мұғалімдердің іс-әрекетінен анық байқаймыз. Талас ауданындағы ардагер ұстаздардың бірі – Күләш Бұйраева сегіз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана және бастауыш сынып мұғалімі ретінде де жас ұрпақтың саналы тұлға болып өсуіне орасан үлес қосқан жан. Ол мектептегі оқушыларына өз балаларындай қамқорлықпен қарағаны соншалықты әрбірінің білімге деген құштарлығын өзінің болмысына қарай арттырудың әдісін тапқан. Өзінің ізін қуып, бастауыш сынып мұғалімі болған қызы Сәуле Қалаубектің айтуынша, анасы кейбір оқушыларына сабаққа жақсы қатысуы үшін күнделікті тиын беріп отырыпты. Ұстаздың оқушысына деген нағыз жанашырлығы, қайткенде де білім мен тәрбие берудің жолын тапқан ұлағаттылығы осы емес пе?
Сол ұстаздық қасиеттің әсерінен де болар, Күләш Бұйраеваның балалары да осы саланы таңдады. Ұлдары дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері болса, қызы Сәуле Қалаубек анасының жолымен жүріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдапты. – Ата-анамыз біздің жақсы тәрбие, сапалы білім алып өсуімізге бар жағдайды жасады. Соның әсері болар, біз кішкене күнімізден анамызға еліктеп, мұғалім болуды алдымызға мақсат еттік.
Анамыз мәдениетті жүріс-тұрысымен, әдепті сөз саптауымен, тіпті жарасымды киінуімен де бізге үлгі көрсетті. Үйде анамызға, ал мектепте өзімізге сабақ берген ұстаздарымызға еліктеуші едік. Сыныпта диктант және бақылау жұмыстары алынғаннан кейін апайымыз дәптерімізді жинап алып, саусағымен қысып, жоғары көтеріп тұрып санағаны маған қатты ұнайтын. Дәл сол әрекетке қатты қызығатынмын. «Өскенде мен де апайым сияқты мұғалім боламын» деген мақсат сол шақта-ақ санама ұялады. Шүкір, мақсатыма жеттім, өзім де алдыма білім-тәрбие алуға келген балаларды әдемі де әдепті әрекеттеріммен қызықтыруға барымды салып жүрмін.
Ол өзінің өмір жолына анасы мен мектептегі апайының іс-әрекеті бағыт сілтегенін естелік әңгімелерімен жеткізді. Ауылдағы орта мектепті бітіргеннен соң бала күнгі мақсатына жету үшін Жамбыл педагогикалық институтының «Бастауыш сынып мұғалімі» факультетіне оқуға түседі. Оны тәмамдағаннан кейін туған жері Ақкөл ауылындағы орта мектепте еңбек жолын бастайды. Одан кейін Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы мектепте жұмыс істейді. Бүгінде еңбек өтілі 31 жылды құраған педагог аудандық білім бөлімінде бастауыш сынып мұғалімдерінің әдіскері қызметін атқарып жүр.
Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуде еңбек етіп жүрген Қалаубековтер әулетінің отағасы сауда саласында жұмыс істеген. Алайда балалары аналарының жолымен жүріп, бәрі педагогтық қызметті атқарып жүр. Тіпті Күләш әжей мен Үшкемпір атайдың немерелері де бүгінде білім беру саласында педагог қызметін атқаруда.
Мұғалімдер отбасының өнегесін ауылдастары да мақтан етіп айтады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Талас ауданы