Ақша мен бала
Бүгінгі қоғамда халықтың көпшілігі бір айлық жалақыға қарап отыр. Осы азын-аулақ отыз күндік жұмысымыздың жалақысын қалайша бәріне жеткізіп, оның үстіне сақтап, көбейтуге болады? Әлем қаржыгерлерінің кеңесі бойынша айлықтың 15 пайызын сақтай білген жөн екен. Ата-ананың өзі қаржылық сауатын дұрыстамай тұрып балаға бизнес әліппесі, табыс көзі, ақшаны көбейту сынды сұрақтарға қалай жауап берсін?! Күнделікті дүкенге сүйрейтін кішкентай балаға ақшаның құдіретін қалай айтып тауысамыз?! Маңдай термен тапқан қаражаттың қайда кетіп жатқанын есептеп әуреленбейміз. Айлық өссе деп әлек боламыз. Біріншіден, айлық өссе де, дағдыланған қалпыңызбен қарызданып, түскен жалақыны бір күнде жаратып жүре бересіз. Не болмаса қаржылық сауатыңызды арттырып, кіріс пен шығысты жазып жүретін боласыз.
Әлемде қаржылық сауат жөнінен батыс елдері бірінші орында. Олар инвестиция бала кезінен басталатынын біледі. Ұлыбритания билігі 2008 жылы басталған дағдарыс салдарымен күрес мақсатында қаржылық сауат дәрістерін бастауды ұйғарды. Алғашында «Ақшаны басқару» атымен қосымша ретінде оқытылды, кейін математика пәніне курс ретінде енгізілді. 2014 жылы ел мектептерінде қаржылық сауаттылық жеке міндетті пәнге айналды. Бастауыш мектепте балаларға үш жыл бойы жеке шоттардың не екенін және оларды қалай жүргізу керегін айтады. Чехиялық бастауыш және орта мектепте «Financni gramotnost» (қаржылық сауат) деп аталатын пән бар.
Балаларға ақшаның не екенін, жеке кіріс пен шығынды бөлу, бақылау және реттеуді түсіндіреді. Оқушылар салық, коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен киім-кешекке жұмсалатын шығын, тұрғын үй мен автокөлік сатып алуға жұмсалатын қомақты шығын, сондай-ақ қаражатты жинау, салу және жеке бизнесін ашу туралы ақпарат алады.
Жапонияда 6-7 жаста бала тауардың немесе қызметтің құны қандай екенін түсініп, өз бюджеті шеңберінде сауда жасай алып, қалтадағы ақшаны үнемдей алуға тиіс. Ал 8-9 жасында қажеттіліктер мен мүмкіндіктерді ажырата біліп, бюджет көлемін түсініп, қаржы жоспарын жүргізе білуі қажет.10-11 жасында жапон оқушылары зат сатып алуды жоспарлау және оларды тиімді сатып алу мен депозит шарттары туралы да біледі. 12-14 жаста оқушыларға үй шаруашылығының кірісі мен шығысы туралы айтылады, облигациялар мен кредит, тәуекел мен табыс туралы білім беріледі.15-17 жас аралығында оқушыларға ақшаны қалай басқаруды және ұзақмерзімді қаржылық жоспарлауды үйретеді.
Швецияда балаларға акциялар мен облигацияларды сыйлыққа беру қалыпты жағдай. Өйткені капитал баламен бірге өседі. Швецияда балаларды жынысқа бөлмейді және тек ботқа пісіруді ғана емес, сонымен қатар үй бюджетін жүргізуді де үйретеді. Бұл тақырып «үй экономикасы» деп аталады. Оның бағдарламасына өнімді сауатты сатып алуды үйрету, шотты төлеу және несие бойынша төлемді есептеу кіреді. Швецияда қарызға ақша алу және қарызға беру жат әрекет. Мұны ешкім жасамауға тырысады, өйткені әдепсіздік саналады.
Шведтер бар қаражатымен өмір сүру үшін мұқият жоспарлауға тырысады. Егер жаңа көлікке ақшасы болмаса, несие отбасылық бюджетке салмақ түсіретін болса, онда ескі көлікпен жүре береді немесе қоғамдық көлікті пайдаланады. Ал Қазақстанда қаржылық сауаттылық сабағын қолға аламыз деп айтқалы біраз уақыт өтті. Қаржы басқармасы, қаржы агенттігі басқармалары анда-санда барып қаржылық сауаттылыққа үйреткенімен, оқушылардың одан сауаты артып кетпесі анық. Бүгінде жеке дара онлайн, оффлайн сабақтар көп-ақ. Ақшасын төлесең мұндай оқулардың түр-түрін оқисыз. Алайда бастауыш сыныптар мен жоғары сыныпта қаржылық сауаттылыққа, кәсіп бастауға қатысты арнайы пән жоқ.
Отбасылық бюджет туралы балалар бәрін білгені абзал. Үйге қанша табыс келіп жатыр, оның қаншасы шығынға кетті? Осы сұраққа әрқайсысы жауап іздеуі керек. Кез келген отбасы – модель. Әкесі мен шешесі үнемі қарызға батып, несиесін төлей алмай жүрсе, болашақта бұл жағдай баласының басында қайталануы мүмкін. Бұл балаға темекі шекпе деп айтып алып, өзі темекі шеккенмен бірдей. Ата-ана қаржылық сауаттылық туралы баласына айту үшін ең алдымен өзі сауатты болғаны жөн. Жалпы, қаржылық сауаттылық дегеніміз – отбасылық бюджеттен басталады. Отбасылық бюджет дегеніміз – қаржылық ортақ мақсат құра білу. Қарыз бен кредитке малынып, айлықтан шайлыққа дейін жүргеніміз өзімізге сын, балаға жаман үлгі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА