Өз отауым - шаңырағым
Үйі жоқтың – күйі жоқ. Ол рас. Қазақ халқы «Өз үйім – өлең төсегім» деп құттай қарашаңырағын құрмет тұтқан. Жыл сайын елімізде мемлекет тарапынан халықты баспанамен қамту үшін тың жобалар шығып, тұрмыстың түзелуіне бар жағдай жасалуда. Тек қаржымызды үнемдеп жия білсек, ұқсата білсек болғаны. Жаңа мүмкіндікті қалт жібермеу де маңызды. «Талпынған жетер мұратқа» дегендейе қайтсем де баспаналы боламын деген адам биыл жетістікке жетіп, үйлі болмақ. Бұлай дейтініміз – 2026 жылдан бастап баспана алу шарттары айтарлықтай жеңілдеді. Тұрғындардың қуанышына орай, жаңа әрі тиімді бағдарламалар іске қосылды. Біз соларды саралап көрдік.
Баспаналы болуды армандау – дұрыс, алайда оған саналы түрде дайындалу мүлде бөлек нәрсе. Барлығымыз өз шаңырағымыздың болғанын қаласақ та, үй алу үшін нақты әрекетке көшіп, депозит ашуды кейінге қалдырып жатамыз. Қазіргі таңда баспана алуға бағыт-бағдар беретін кеңесшілер де, ипотека рәсімдейтін банктер де аз емес.
Алайда ең маңыздысы – алғашқы жарна үшін депозитте қаражаттың жиналуы. Егер ай сайын табысыңыздың кемінде 10 пайызын депозитке жинап отырсаңыз, үй алуға мүмкіндік туады. Бүгінде Таразда отырып-ақ, өзге қалалардан баспана сатып алуға болады. Тіпті кей жағдайларда тұрақты жұмысыңыз болса, алғашқы жарнасыз-ақ бөліп төлеу арқылы үйлі болуға мүмкіндік бар.
2026 жылдың басты жаңалығының бірі – атыңызда үй болса да, 20 пайыз депозитпен жаңа баспана сатып ала аласыз. Бұл мүмкіндік «Жасыл ипотека» және «Ұмай» бағдарламалары арқылы жүзеге аспақ.
Баспанасы жоқ кез келген адам үй кезегіне тұра алады
Ең қуанышты жаңалық – енді басында баспанасы жоқ кез келген адам үй кезегіне тұра алады. Президент тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заңға қол қойды. Яғни, кез келген кәмелет жасқа толған азамат ешқандай санатқа кірмесе де, тізімге кіреді. Баспана кезегін «Отбасы банк» жүйелеп реттейді. Осылайша құзырын кеңейткен банк, тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейіне баса мән береді. Бұл – бірінші кезекте, ұзақ уақыт кезекте тұрған адамдарды баспанамен қамтуға жол ашады. Әзірше құжаттарды Egov порталы арқылы тапсыруға болады. Заң күшіне енгенімен,«Отбасы банкі» 6 айдан кейін жұмысты толық бастайды.
Бұйырса, жақында баспананы жалға алып өмір сүріп жүрген қазақстандықтардың өз үйі болмақ.
Алғашқы жарнасыз үй – өзіңді өзің алдау
Халық арасында «бастапқы жарнасыз да үй алуға болады екен» деген алып қашпа әңгіме жүр. Осының растығын сұрап табан тоздырдық. Елдің бәрі үй алғысы келеді. Өз отауы болғанын кім армандамайды. Бұл күндері расымен де жекелеген үй соғып жатқан компаниялар тұрақты жұмысы бар адамдарға, айлық жалақысы жоғары жандарға бастапқы жарнасыз пәтерлерді ұсынуда. Алып жатқан жандар да бар. Дегенмен баспананы алғашқы жарнасын төлемей алғандықтан ай сайынғы ипотекаға төлейтін несие сомасы өте үлкен. Бұл дегеніміз – жоғары тәуекелді қажет етеді. 19-20 жыл бойы айына 300 мыңнан не 500 мыңнан төлем жасап отыру – адамды жалықтырады және шаршатады. Тағы бір айта кетерлігі, бастапқы жарнасыз сіз үй алып, үлкен төлемге тап болсаңыз, кейбіреулер үшін бұл ақша табуға деген құлшыныс.
Ендеше әлеуметтік желілердегі айтылғандарға сене бермеңіздер. Ал жыл сайын баспаналы болудың мүмкіндіктері көбейіп келеді.
Кезекпен алған үйді жекешелендіре аласыз Баспана нарығында биыл ерекше жаңалық өте көп. Ең біріншіден санаты бар адамдарға мемлекеттен кезекпен берілетін үй мен екінші деңгейлі банктерден ипотекалық бағдарлама арқылы берілетін үйлерді шатастырмаңыздар. Үй кезегіне кімдер тұра алады? Әрине, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, жетім балалар 2024 жылдың 4 желтоқсанында қазақстандықтарға жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру туралы заң қабылданып, күшіне енді. Енді қазақстандықтар жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру арқылы баспаналы бола алады.
Одан өзге ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ескеріліп, 8 категорияға жататын тұлғаларға арендалық және кредиттік тұрғын үйден кемінде 70 пайыз үлеспен бірінші кезектегі құқық берілмек. Мұндай сүйінші жаңалық еліміздегі тұрғын үй саясатын реформалау арқылы өз жемісін беруге жақын. Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осыған дейін Үкімет отырысында тұрғын үй алуды қолжетімді ететін заң қабылданғанын ерекше толқыныспен хабарлаған еді.
Бұл заңның көп уақыт бойы кезекте тұрған ел азаматтарын үймен қамтуға мүмкіндігі бар. Жауапты ведомство 50 мыңнан аса тұрғынның баспаналы болатынын хабарлады. Егер сіздердің де тұрғын үй кезегінде 8 категория бойынша кезегіңіз болса, «Kezekte» сайтынан тексере аласыз. Осы орайда біз арнайы «Қарасу» шағынауданында орналасқан «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне бас сұқтық. Бізді бас маман Нұрбек Молдағазы қарсы алып, сұрақтарымызға жауап берді.
Әйелдерге ғана арналған бағдарлама
Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Бірақ биыл бұл бағдарламаға өзгерістер еніп, шарттары оңайлатылды. Осы жылы жобаға қатысу үшін қойылатын кіріс бойынша талап өзгерді. «Бұл кәсіпкер әйелдерге, бай адамдарға арналған бағдарлама» деп адамдар көбіне шатасып жатады. Бай адамдар үйді несиеге, не бағдарлама бойынша алмайды. Бұл бағдарламалардың барлығы қарапайым адамдарға арналған. Биыл жылдық табысы максималды 900 мыңды құраса болды кез келген жұмыс істейтін келіншек «Ұмаймен» үй ала алады.
Еңбек адамдары үймен қамтылмақ
2025 жылдан бері қарапайым жұмысшылар да «Жұмысшы мамандықтары» жылының құрметіне орай арнайы корпаративтік бағдарлама арқылы үйлі болды. Осы бағдарлама енді жыл сайын жүзеге аспақ. Түрлі кәсіпорындар мен зауыттарда, ауыл шаруашылығы нысандары мен коммуналдық мекемелерде еңбек ететін азаматтар үшін бұл үлкен мүмкіндік.
Отбасы банкте әу бастан жұмысшыларға арналған корпаративтік өнім бар. Ол қалай десеңіз, компания мен кәсіпорынның арасында келісімшарт болады. Енді осы мәселені банк сүзгіден өткізіп, жаңашаламақ.
Соңғы жылдары үй бағасы тым шарықтап кетті. Жылжымайтын мүлік нарығында үй бағасы өсе береді, кемімейді. Ал мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болу – халықтың қалтасын қақпайды. Бастапқы жарнамен, жарнасыз, қай бағдарламамен алсаңыз да өз атыңызда үй болады. Сондықтан қаржымызды үнемдеп, баспаналы болуға ұмтылайық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА