Құқық

Лицензиясынан айыруға дәлелдер жеткіліксіз болды

Сот төрелігін жүзеге асыру барысында әрбір іс заң талаптарына, дәлелдемелердің жеткіліктілігіне және әділдік қағидаттарына сүйене отырып шешілуі тиіс. Осы ұстаным Тараз қалалық сотында қаралған Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жеке сот орындаушысы Мейірхан Әбдікерімді мемлекеттік лицензиясынан айыру туралы азаматтық ісінде басшылыққа алынды.

Аталған іс 2024 жылғы 2 тамызда ашық сот отырысында қаралды. Тараптардың уәждері тыңдалып, іске қатысушылардың барлығының түсіндірмелері зерттелді. Соттың алдына қойылған басты мәселе – жеке сот орындаушысына қатысты ең қатаң шаралардың бірі саналатын лицензиядан айыру үшін заңда көзделген негіздердің баржоғы болды. Сотта анықталғандай, Мейірхан Әбдікерім жеке сот орындаушысы қызметін 2022 жылғы 7 қыркүйектен бастап №6741 лицензия негізінде жүзеге асырып келеді. Ол облыстың атқарушылық округінде қызмет атқарып, өңірлік жеке сот орындаушылары палатасының мүшесі болып табылады.

2023 жылдың қараша айында борышкер Ж. Карбаев тарапынан оның атқарушылық іс жүргізу кезіндегі әрекеттеріне қатысты шағым түсіп, осыған байланысты Әділет министрлігінің тапсырмасымен облыстық Әділет департаменті жоспардан тыс бақылау жүргізген. Тексеру нәтижесінде заң талаптарының сақталмауына қатысты жекелеген кемшіліктер анықталып, жауапкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Атап айтқанда, 2024 жылғы қаңтар айында Мейірхан Әбдікерімге «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Кейін тағы бір жоспардан тыс бақылау жүргізіліп, кемшіліктерді жою үшін белгілі бір мерзім белгіленген. Алайда өңірлік палата ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылғы мамыр айына қарай жауапкердің қолданылып тұрған тәртіптік жазалары болмаған. Осы жағдайларға қарамастан, талап қоюшы тарап сотқа жүгініп, жеке сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет бұзды, алты ай ішінде екі рет тәртіптік жауапкершілікке тартылды деген уәжбен оны мемлекеттік лицензиясынан айыруды сұрады.

Сот істі қарау барысында «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 144-бабына ерекше назар аударды. Аталған нормаға сәйкес, жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру үшін екі міндетті шарт қатар орындалуы тиіс.

Біріншіден, заңға қайшы әрекеттер арқылы мемлекеттің, жеке немесе заңды тұлғалардың мүдделеріне нақты нұқсан келтірілуі қажет.

Екіншіден, мұндай заң бұзушылықтар бірнеше рет, яғни қатарынан алты ай ішінде екі немесе одан да көп рет жасалуы тиіс. Сот талап қоюшы тараптың бірінші шартқа қатысты нақты дәлелдемелерді ұсынбағанын атап өтті.

Іс материалдарында жеке сот орындаушысының әрекеттерінен борышкерге неме се өндіріп алушыға материалдық не өзге де нақты зиян келгенін растайтын айғақтар жоқ. Атқарушылық іс жүргізулер толық аяқталған, қабылданған қаулылардың күші жойылмаған. Сонымен қатар борышкер тарапынан жеке сот орындаушысының әрекеттеріне қатысты әкімшілік сотқа шағым түсірілмеген. Бұл да сот үшін маңызды мән-жайлардың бірі болды. Себебі заңда сот орындаушысының әрекеттеріне дау айту тетігі нақты көзделген.

Сотта жауапкердің уәждері де назардан тыс қалған жоқ. Ол атқарушылық құжаттарда сот үкімі дереу орындалуға жататыны көрсетілгенін, ерікті орындау мерзімі белгіленбегенін, барлық әрекеттер қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асырылғанын түсіндірді. Бұл мән-жайлар іс материалдарымен расталды. Сот лицензиядан айыру – жауапкершіліктің ең соңғы және айрықша шарасы екенін атап өтті. Мұндай қатаң санкция тек заңда көзделген барлық негіздер толық дәлелденген жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Ал нақты жағдайда ұсынылған дәлелдемелер жиынтығы мұндай шешім қабылдауға жеткіліксіз деп танылды.

Осылайша, істегі барлық мән-жайларды жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерге құқықтық баға бере отырып, сот Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жеке сот орындаушысы Мейірхан Әбдікерімді мемлекеттік лицензиясынан айыру туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Бұл шешім әділдік, заңдылық және парасаттылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып шығарылды. Тараптар заңда белгіленген тәртіппен апелляциялық шағым беру құқығын сақтайды.

Ринат ТАНАДБАЕВ

Тараз қалалық сотының судьясы