Қызметтік иттер қылмысты қалай анықтайды?
Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы №30 гимназиямектебінде оқушыларға арналған «Есірткісіз болашақ» тақырыбында профилактикалық дәріс өтті.
Іс-шара Тараз жастар ресурстық орталығы және Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңестің бірлесуімен ұйымдастырылды. Болашақ үшін мәні зор шара барысында мамандар есірткінің зияны мен оның ауыр салдары туралы ашық әңгіме жүргізіп, оқушылардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырды.
Сонымен қатар оқушылар арасында есірткі қылмыстарын анықтау және оның алдын алу тақырыбында қызықты сұрақ-жауап викторинасы ұйымдастырылды. Балалар белсенділік танытып, өз білімдерін ортаға салды. Ерекше қызығушылық тудырған сәттердің бірі – кинологтар мен қызметтік иттердің көрсетілімі болды.
Оқушылар тыйым салынған заттарды анықтау барысын көзбен көріп, қызметтік иттердің мүмкіндіктерімен жақын танысты. Викторинада үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға «Есірткісіз болашақ» деген жазуы бар футболкалар табысталып, ұйымдастырушылар салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Мақпал СҮЙІНБАЙ