Жаңа қуат көздерін қарастыру қажет
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында ел келешегіне байланысты маңызды шешімдер қабылданды. Келелі жиында Президент саяси реформалармен бірге бірқатар бағытта ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асатындығын атап өтіп, жаңа энергетикалық қуат көздерін қарастыру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұл жайында: «Энергетикалық өзінөзі қамтамасыз ету мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде қарастырылуы керек. Қазақстанда 123,1 миллиард киловаттсағат көлемінде электр энергиясын өндіру біздің барлық жоспарларымызды табысты орындау үшін жеткіліксіз екені анық», – деді.
Қазақстан–уран қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрған мемлекет. Бұл елімізге атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік береді. Елімізде электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып отыр. Қазіргі таңда елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өнеркәсіптік өндірістің артуы, климаттық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстанда атом электр станцияларын салу қажеттілігі туындап отыр.
Еліміздің солтүстік аймақтарында электр қуаты жеткілікті болғанымен, оңтүстік және батыс өңірлерінде электр энергиясының тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жаңа қуат көздерін іске қосу. Жаңартылатын энергия көздері күн, жел қондырғылары дамып келе жатқанымен, олар толыққанды тұрақты энергия беруге әзір емес. Сондықтан атом энергетикасы стратегиялық балама ретінде қарастырылуда.
Екінші және үшінші АЭС салу елімізді тек ішкі қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, артық энергияны шетелге экспорттайтын ядролық энергетика орталығына айналатын едік. Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан батыс аймаққа оңтүстік өңірден үлкен қашықтықтағы электр энергиясын тасымалдауға және энергия жүйелерінің электр желілерінің сапалы жұмыс жасауына көрсетілетін қызмет шығындарын ескере отыра салынатын атом электр станциясының біреуі батыс аймаққа орналастырылса – мұнай-газ өндірісі мен өнеркәсіптік кешендерге тұрақты энергия берілер еді.
Оңтүстікке салынған АЭС – Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының электр энергия тапшылығын жояды. Өндірілген артық энергия мен еліміздің экспорттық әлеуеті күшейіп, Орталық Азия елдеріне электр қуатын жеткізуге мүмкіндік туар еді. АЭСтің экологиялық тиімділігі көмір станцияларымен салыстырғанда парниктік газдар бөлінбейді. Ауа райына тәуелді емес тұрақты энергия көзі дамиды. Экономикалық пайдасы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ғылымитехникалық прогресс дамиды. Ядролық ғылымды дамыту арқылы жоғарғы білікті кадрлар даярлауға ықпал етер еді.
Екінші және үшінші атом станциясын салу – Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындайтын стратегиялық шешім. Бұл бастама ел экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық тұрақтылыққа алып келетіні сөзсіз.
Әуесхан ЗӘУІРБЕКОВ
облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.