Саясат

Ұлттық құндылықтар мәселесі де ұмыт қалған жоқ

Ұлытауда басталған Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Сыр елінде жалғасын тапты. Бұл құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылса, былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде бас қосты. Осымен бесінші рет шақырып отырған Ұлттық құрылтай қастерлі Қызылорда жерінде өткізіліп отыр. Келелі басқосуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып сөз сөйледі.

Екі күнге белгіленген жиынның бірінші күнінде төрт панельдік секция отырысы өтті. Қатысушылар әлеуметтік-мәдени дамудан бастап ғылым мен білімге дейінгі, сондай-ақ азаматтық қоғам мен экономикалық даму мәселелеріне дейінгі, елдің дамуына тікелей әсер ететін мәселелердің кең ауқымын талқылады. Ал екінші күнгі жиынға Президентіміз қатысып, Ұлттық құрылтайдың мәнмазмұнын аша түсті.

«Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім.

Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды» деп атап өтті Президент Қызылорда қаласының тарихына терең мән бере. «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулықжыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100- ге жуық Еңбек Ері шыққан.

Әйгілі күрішші – Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай – қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылайтын мазмұнды алаңға айналды. Сыр өңірінде ұйымдастырылған бұл жиын ел дамуының басым бағыттарын айқындауға бағытталған.

Құрылтайда қозғалған әлеуметтік, экономикалық және мәдени тақырыптар қоғамның нақты қажеттіліктерін көрсетеді. Аймақтардың дамуы, жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті арттырады. Бұл басқосудың негізгі ерекшелігі – ашық диалог пен өзара түсіністік.

Құрылтайда айтылған ұсыныстар нақты іске асса, қоғам дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Жалпы елімізде бұған дейін Ұлттық құрылтайдың төрт отырысы өтті. Сол басқосулардың аясында 26 заң қабылданған.

Оқырман есінде болса, бірінші құрылтайда ұлттық бірегейлік, тіл мен мәдениет, аймақтық даму, экономикалық әділеттілік мәселелері көтерілді. Сол жиында «25 қазан – Республика» күніне ұлттық мереке статусы берілді. Сондай-ақ «Еңбек адамы» тұжырымдамасы бекітілді.

Екінші отырыста ұрпақ тәрбиесі қозғалып, 16 заң қабылданды.

Осы жиында «Түркістан қаласының ерекше статусы» бекітілді.

Үшінші басқосуда ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуға басымдық берілді. Отбасындағы зорлықзомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы заң қабылданды. Есірткі айналымы, лудомания, зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдыққа қатысты ұсыныс айтылып, маңызды 10 заң әзірленді.

Төртінші отырыста ел дамуына қатысты маңызды тапсырмалар берілген болатын. Сол тапсырмалардың аясында бүгінде ел көлемінде табысты жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» құндылықтары, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Еңбек адамы», «Кітап оқитын ұлт» жобалары бар. Тағы басқа да заңдар қабылданып, іске асырылу үстінде. Ал Сыр елінде өткен Ұлттық құрылтайда.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикалық интеграцияны қолдайтынын атап өтті. Әйтсе де бұл үдеріс ұлттық мүдделерге сай әділетті сипатта болуы керектігіне ерекше тоқталды. Көпшілікке мәлім, биыл Қазақст ан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді.

Бұл – біздің елге жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы еуразиялық интеграцияның тиімділігін арттыра отырып, саудадағы кедергілерді жоюға берілген үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ Президентіміз азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін атап, патриотизмнің, тазалыққа қамқорлық жасаудың және әлеуметтік бірлікті нығайтудың маңыздылығын баса айтты. Мемлекет басшысы соңғы жылдары қол жеткізілген нәтижелер мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болғанына басымдық берді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан цифрландыруды қарқынды дамыту және жасанды интеллектіні қоғамдық және жеке өмірдің барлық салаларына енгізу жолына түсті, бұл елге жаһандық цифрлық экономикаға кірігуге мүмкіндік береді. Халық Ұлттық Құрылтайдан бір палаталы Парламент құру туралы реформаға қатысты нақты шешім күткені анық. Референдумнан кейін елде жаңа бір палаталы Парламент құрылады. Президент оның «Құрылтай» деп аталатынын жеткізді.

Бір палаталы Парламентте 145 депутат болады. Ал төрағаның үш орынбасарын сайлау қарастырылады. Ал комитет саны сегізден аспайды.

Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтар мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Мемлекет басшысы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» ЮНЕСКО -ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді ұсынды. Сондай-ақ Президент Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалауды жүктеді. Басқа да салаларға баса көңіл аударылды. Пре зидент айтқандай, Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Ал атқарылған жұмыстардың нәтижесін ел көреді.

Қарап отырсақ, бұған дейінгі Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар, бастамалар бүгінде елдің тіршілігіне шынайы өзгеріс әкеліп отыр. Мақсат – халықтың тұрмыс сапасын жақс арту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Сонымен бірге, құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін беретіні де анық.

 

Ерұлан МАҒЗҰМБЕКОВ

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы,

облыстық мәслихат депутаты