Тоқаев пен Трамп не туралы сөйлесті?
22 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу үшін Швейцарияның Давос қаласына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Давостағы Конгресс орталығында АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды. Қол қою рәсіміне Қазақстан Президентінен басқа 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты. Еске сала кетсек, Дональд Трамп Газа бойынша Бейбітшілік кеңесі құрылатынын былтыр желтоқсанда мәлімдеген болатын. Жақында Ақ үй басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырғаны, ал Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болуды ұсынғаны белгілі болған еді.
Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен, Премьер-министр Никол Пашинянмен, Индонезия Президенті Прабово Субиантомен, Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен, АҚШ Сауда министрі Говард Латникпен және ФИФА президенті Джанни Инфантиномен аз-кем әңгімелесті.
Трампқа табыс тіледі
Бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңе сінің Жарғысына қол қою рәсімінде Қазақстан мен АҚШ президенттері арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдады. Бұл сұраққа Президенттің көмекшісі-Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай: «Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында т аратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі», – деп жауап берді. Оның айтуынша, Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірген.
Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне кіру үшін жарна төлеген жоқ
Қазақстан Давостағы Дүниежүзілік экономика лық форумда Бейбітшілік кеңесіне кірді және Кеңеске кіру үшін жарна төлеген жоқ.
«Бейбітшілік кеңесіне кіру үшін тек мемлекеттің тәуелсіз шешімі қажет. Кірген сәттен бастап мемлекеттің кеңесте болу мерзімі үш жылды құрайды. Жарғыда айтылған 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі ерікті жарна мүшеліктің шарты емес. Бұл әрбір қатысушының құқығы», – деп атап өтті Ақорданың баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сүйенсек, егер 1 миллиард доллар жарна бірінші жыл ішінде төленсе, мемлекет өзінің кеңестегі қызметін белгіленген үш жылдық мерзімнен тыс ұзартуға мүмкіндік алады. «Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне қандай да бір қаржылық жарна енгізбестен кірді, бұл жарғының ережелеріне толық сәйкес келеді», – деп атап өтті Ақордада.
Aq jol-Aqparat