Фараби аңсаған қоғамға ұмтылған қауым
Әдебиетте «Қалың кітап оқтан сақтай алмайды, бірақ жақсы шығарма оқтың атылуының алдын алады» деген тәпсір бар. Бұл сөз әдеби шығарманың қоғам үшін қаншалықты маңыздылығын көрсетіп тұрса керек. Расында бүгінгі әдебиеттің ең маңызды функциясы да адам арқылы сол қоғамды тәрбиелеу, ізгілік пен адамгершілікті насихаттап, азғындықтың алдын алу. Елімізде соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен оқитын ұлт қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұдан өзге кітапқұмар қауымның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар да жетерлік. Мәселен Тараз қаласындағы «Өркениетті адам» кітап клубының жұмысы соның айқын дәлелі.
Қалың оқырманға білім шуағын шашып, жалпыға жақсылықты насихаттауды мақсат тұтқан кітапқұмарлар клубының құрылғанына небәрі екі жылдың жүзі болса да, бүгінде клубтың құрамында 100-ден астам оқырман бар. Ал оның ішінде тұрақты 20-ға жуық кітапсүйер қауым айына екі мәрте кітап талқылау үшін басқосуды әдетке айналдырған. Солардың бірі – интелектуалды жобаның басы-қасынан табылған белсенді жас Құттыбек Әшірхан.
Кезекті талқыда – Франц Кафка
Расында кітап әлемінде адам баласы жасынан бұрын ойсанасымен бағалы, сонысымен сыйлы. Бұған біз «Өркениетті адам» клубының кезекті ойталқысында көз жеткіздік. Мұнда жасөспірімдер мен орта жастағы ересектер, түрлі мамандық иелері мен бір отбасының мүшелері де бас қосқан. Осы жолғы кездесуінде оқырмандар алдын ала бекітілген жоспарлары бойынша Франц Кафканың «Құбылу» әңгімесін талқыға салды.
Клуб мүшелерінің сөзінше, әр кезекті ойталқыдан соң келесі шығармаға дауыс беру арқылы таңдап алынып, жиында шығарманы ұсынған адам қызықты сұрақ-жауап арқылы таныстырып отыруға міндеттеледі. Одан соң үстел басында жеке пікірлер айтылып, ой алмасады. Бұл жолғы жиында клуб мүшесі Күләш Махаметкеримова шығарма мен оның авторы туралы деректерді қамтыды.
Өз туындыларында кейіпкерлерін түрлі экспериментке салып, оқырманды ойға шырмап қоятын автордың осы туындысы күні бүгінге дейін қоғам талқысынан түскен емес. Адам баласына еңбек күші ретінде қараған өткен ғасырда қоғамдық келеңсіздіктерді әдебиет «Адам өлімі» арқылы жеткізіп отырды. Яғни, тоталитарлық биліктің ықпалынан шындық трансформацияланып, басқа формада, жан-жануар, обьектілер арқылы айтылды. Төл әдебиетіміздегі «Тазының өлімі», «Кербұғы» мен «Бәйгеторы» сынды шығармалар осы кезеңнің шоқтығы биік туындылары.
Кафканың аталмыш әңгімесі де қоңызға айналған адам арқылы қоғам үшін қандай да бір пайдасы болмаса, адами құндылықтардың елеусіз қалатындығын меңзейді. Мұнда кейіпкердің дәрменсіз күйге түсуі арқылы отбасы мүшелері арасындағы психологиялық ахуал да шебер суреттелген. Жазушы «Құбылу» арқылы әр адамның жаны өзіне ғана қымбат екенін, еңбекке жарамсыз адамның ең жақын адамдарының алдында қадір-қасиеті болмайтынын, адамгершілік принциптер қоғам түгілі, отбасында сақтала бермейтінін шынайы жеткізеді.
Кафка жас жігіттің жәндікке айналып, «адами формасының» өзгеріске түсуін баяндай отырып, оны қоршаған адамдардың бәрінің оқиғаға қатысты өзгеріп, құбылуын бейнелейді. Клуб мүшелері кітап талқысында осы мәселелерге баса назар аударды.
Кітап оқу арқылы отбасын сақтап қалған
Кітап оқудың пайдасы бірден көзге көрінбегенімен, бүгінгідей технократтық заман жедел нәтижелерді талап етеді. Бұл ретте кітап клубы да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Мұны кітапсүйерлердің бастамасымен өткізілген әр байқау сайын келетін оқырман хаттарынан аңғаруға болады.
Қайта жаңғырған «Қазақ»
Бүгінде байқау жұмыстарынан бөлек клуб мүшелері өңірдің зиялы қауымдарымен кездесуді жолға қойып, мәдени орындар мен музейлерге саяхаттап тұруды әдетке айналдырған. Бұдан бөлек жастар жағы алматылық «Qadam» оқырмандар клубымен бірлесіп, шығармашылықты қолға алған. Атап айтқанда алматылық жастар 1913-1918 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен шыққан «Қазақ» газетін жаңа форматта шығаруды бастаған. Мұны өңір-өңірдегі жастар қолдап, жамбылдықтар да аталмыш басылымның жас авторларына айналған.
Шыны керек, өңірде кітап оқитын орта мен арнайы клубтар, қозғалыстар мен ұйымдар аз емес. Десек те, олардың ғұмыры ұзаққа созыла бермейді. Бар болған күннің өзінде арнайы әлеуметтік ортаға (жастар, ардагерлер, белсенділер, т.б) құрылады. Ал «Өркениетті адам» – түрлі мамандық иелері мен әр жастағы оқырмандарды бір ортаға тоғыстырған клуб ретінде екі жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Фараби аңс аған қоғамды құрып, ізгілік пен адамгершілікке тәрбиелеуге ұмтылған жоба өміршең болғай!
Нұрболат АМАНБЕК