Бейнеттің зейнетін көру – бір бақыт
Өткен жыл Талас ауданының жұртшылығы үшін толымды табысқа толы болды десе болады. Соның ең бастыларының бірі – қарапайым еңбек адамдарының мемлекет тарапынан марапатқа ие болуы. Қазан айында Үшарал ауылындағы «Талас-2020» ЖШС-нің тракторисі Бердияр Ділдаұлы Ахметов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Жыл соңына қарай осы марапатқа Қаратау қаласындағы натрий цианид зауытының энергия ресурстарын жабдықтау цехының сорғы қондырғыларының машинисі Садуақас Өтениязов ие болды.
Ерен еңбек иесімен сұхбаттасып, оның өмір жолына қанықтық. Ол Өзбекстан Республикасының Бұхара облысы, Қызылрабат ауылының тумасы. Сол ауылдағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын құрылысшы болып бастайды. Кейін әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеп келген соң су сорғы қондырғыларының машинисі мамандығын игереді.
2005 жылы атамекеніне оралып, «Қазақ алтын» уран кенішіндегі Степногорск қаласындағы комбинатта сорғы қондырғысының маманы ретінде еңбек жолын бастайды. 2014 жылы Қаратау қаласындағы «Талас Инвест Компани» ЖШС-де энергия ресурстарын жабдықтау цехының сорғы қондырғыларының машинисі қызметін одан әрі жалғастырады. Бұл кәсіпорынның натрий цианитін өндіретінінен хабарымыз бар. Ал шикізат алтынды айыру үшін қолданылады.
Садуақас Әбдіназарұлынан: «Осы зауыттың өнімінің зияны жайлы қауесет әңгімелер барын білеміз. Шын мәнінде денсаулыққа зиянды ма?» – деп сұрадым.
Садуақас Өтениязов үлгілі отбасының басшысы. Оның жұбайы Дина Дүйсенова Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Мақпал Садуақасқызы Тараз мемлекеттік университетін бітіріп, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияда математика пәнінен дәріс береді. Ұлы Мұхит қаладағы лицейді үздік бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң «Майкар» кәсіпорнында ІТмаман болып жұмыс істейді.
Қызы Фариза Қарағанды фармацевтикалық институтын қызыл дипломмен аяқтап, өз мамандығы бойынша еңбек етуде. Перзенттерінің үшеуі де мектепті «Алтын белгімен», жоғары оқу орындарын қызыл дипломмен тәмамдаған. Қарапайым еңбек адамының ұл-қыздары жанжақты білім алып, үлкен өмірге кірпіш болып қаланып жатыр. Міне, осындай үлгілі отбасын тәрбиелеген Садуақас еңбек озаты атануға әбден лайық.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ
Ақпарат саласының үздігі.
Қаратау қаласы