Еңбек адамы

Қолы алтын жігіт

Әріптестерінің айтуынша, Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің кіші техникалық қызметкері Ғани Бадықовтың қолы алтын. Негізгі мамандығы мал дәрігері болғанымен, өзін ағаш ұстасы, электрик ретінде танытқан.

Орта бойлы нар тұлғалы жігіттің қолы да қарулы. Жүзі жылы. Қимылы ширақ. Шалғай ауылда тұратын азаматтың басты қасиеті – жұмысына жауапкершілікпен қарайтындығы. Өзінің айтуынша, мектептен соң Құлан ауылындағы малдәрігерлік техникумға оқуға түскен. Оқуын тәмамдаған жас маман еңбек жолын 1995 жылы Т.Рысқұлов ауданында ветеринариялық техник болып бастаған. Одан кейін Ақбақай кешенінде тұнбашы болып жұмыс істеген. 2006-2008 жылдары «Базист» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрылысшы болыпты.

Ел жайлы тұрмыс іздеп Мойынқұмнан қалаға көшіп жатқанда, Ғани туған жерге оралып, мал дәрігері болып он жылдан аса жұмыс істеген. Ал мектепке кіші қызметкер болып орналасқанына да төрт жыл болыпты.

Ғани бүгінде төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Қорасында азын-аулақ мал ұстап, шарбағында бақша салады. Ал оның жұбайы Кәмшат болса мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы