Қоғам

«Жаһан наме» дастанының астарында қандай ой жатыр?

Орта ғасырлық көрнекті тұлға Мұхаммед Хайдар Дулатиді (1499-1551), ең алдымен, білікті тарихшы ретінде білеміз. Оның «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылуы, алып жатқан мекені, тарихи жағдай, хан тұлғалары туралы нақты жазба қалдыруы Қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы баға жетпес құнды дерек болды. Дегенмен оның екінші бір басты қыры – өз заманының дарынды ақыны, жазушысы, ойшылы болғанын да баса айтуымыз қажет. Мұхаммед Хайдардың басты еңбегі болып саналатын «Тарих-и Рашидиде» оның жазушылық қолтаңбасы айқын көрінеді. Орта ғасырлық исламдықтүркілік әдеби дәстүрді берік сақтаған автор қажетті тұста оқиғаны, табиғатты, ортаны суреттеуге, кейіпкерлерінің портреттерін беруге, психологиялық мінездемелерге баруы, ара-арасында ойды поэзиялық көтеріңкі леппен түйіндеп отыруы, философиялық ойтолғамдарға кезек беруі шығармаға әдеби сипат берген.

Ал оның бізге жеткен екінші шығармасы «Жаһан наме» дастаны – таза поэзиялық туынды. Бұл әдеби жәдігердің қазақ оқырмандарына жетуде шығыстанушы ғалым, академик Ә.Дербісәлі үлкен еңбек сіңірді, ежелгі түркі – шағатай тілінен Берлин нұсқасы бойынша жол-жол аудармасын жасап, алғашқы терең, монографиялық зерттеу жүргізді. Көркем шығарма – автор дүниетанымының, суреткерлік ұстанымының көрінісі. Белгілі жағдайда туындыдан жазушының өз тұлғасы – автор бейнесі көрінеді: заманында оны қандай жағдай мазалады, нені аңсады, қандай қиындықтарды басынан кешті, дүние, өмір туралы көзқарасы қандай болды – осының және өзге де жайлардың жауаптарын шығармадан аңғаруға болады. Яғни, шығарма белгілі бір идеясыз, өмір, заман, адамдар туралы өзіндік көзқарас-ұстанымсыз жазылмайды.

Туындыда сондай-ақ автордың басынан кешкен оқиғалар іздерінің көрініс беруі де заңдылық. Сондықтан да қазақ халқының дулат тайпасынан шыққан даңқты перзенті Мұхаммед Хайдар Дулатидің адамдық, ойшылдық тұлғасын тану мен таразылауда «Жаһан наме» дастанының маңызы ерекше. Екіншіден, қандай көркем шығарма болсын, әдебиеттің көркемдік талап үддесінен, биігінен шығуы тиісті. Бұл автордың дарыны мен жазушылық шеберлігінен, туындының орындалу деңгейінен аңғарылады.

Міне, осы тұрғыдан таразылағанда, «Жаһан наме» дастанында өзіне дейінгі әдеби дәстүрді терең игерген және көркем шығармаға тән барлық көркемдік компоненттерді орнымен пайдалана білген дарынды ақын деуге толық болады. Шығарма кіріспеден, негізгі бөлімнен, эпилогтан тұрады. Кіріспеде мұсылмандық әдеби дәстүрге сай Жаратушыны жырға қосып, Мұхаммед (с.а.ғ.) пайғамбарымыз бен оның төрт серігіне (Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлі) сипаттама беріледі. Мырза Мұхаммед Хайдардың Аллаға сенімі – қасаң қағида емес, оның өмір туралы, адам өмірінің бейопалығы, өткіншілігі туралы көзқарасымен тығыз ұштасып келеді.

Болар адам ұлында һәм осы хал,

Біресе кемел, біресе зауал.

Зауал болмаса (шексіз) байлық болар еді,

Жаһан адаммен толар еді.

Опасыз ғой бұл дүние, ей дос!

Опа болған болса, қане, ол мейірім,-дейді толғанып. Ой толғаудағы «кемел» және «зауал» ұғымдарының мағынасы кең. М.Х. Дулати балалық шағынан бастап өмірдің ауыртпалығын көп тартты. Екі жасқа толар-толмаста анасы қайтыс болса, әкесі Мұхаммед Хұсейін Мұхаммед Шайбани кісілерінің қолынан қырық жасында өлтіріледі. Жетім қалған ол қиын күндерді басынан кешіреді. Бірнеше жыл Кабулде бөлесі Бабырдың қолында тұрып, одан соң Жүніс ханның немересі Әбу Саид ханның қолына барады.

Талай қиыншылық сәтте достан айырылып, туған өлкесінен жырақ кетті. Мұның барлығы оның жан дүниесіне терең ізін салады. Сондықтан да автордың дүниенің жалғандығы, бүгінгі жақсы өмірдің ертең қайғыға ұласуы жөніндегі философиялық ойтолғамдары өз өмірінің тәжірибесінен алынған. Мұндай ой-толғам сабақтастығы М.Х. Дулатиге дейінгі және одан кейінгі шығыстық-мұсылмандық әдебиет үлгілерінде молынан ұшырасады. ХІІ ғасырдағы түркі әдебиетінің көрнекті өкілі Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» шығармасында: «Өмір тәтті, бүгін қолың жеткенде, Удай ащы, ертең тастап кеткенде» десе, адам өмірінің бейопалығы мен Хақты сүю мотиві Қожа Ахмет Йассауи хикметтерінде жалғасын тапқан.

Бұл үрдіс қазақ әдебиетінің халық ақындарының шығармаларында да, ұлы Абай да кездеседі. Дастанның кіріспе бөлімі сондай-ақ тарихиөмірбаяндық сипатпен өрістетіледі. Бұл жөнінде Ә. Дербісәлі: «Ал 35-бәйіттен бастап «Тарих-и Рашидидің» «екінші дәптерінде» тәптіштей жазған өмірбаянын мұнда қысқаша өлеңмен жырлауға көшеді» дейді. Әндіжан аймағында тұрған кездері мұнда Әбу Бәкірдің шапқыншылық жорық жасағанын суреттеп, оның халыққа жасаған зұлымдық әрекеттеріне Саид ханның әділеттілігі мен парасаттылығын қарсы қояды. Кіріспенің соңғы бөлігінде дастанның жазылу тарихынан хабар береді.

Аттандым әмірімен Алланың,

Шығып жолға пәрменімен патшаның.

Бір жетім бұдан жиырма жыл (бұрын),

Болып еді тағы бір (рет) сол жақта, – дейді.

Әрине, бұл автордың өзі болатын. Бұл туралы Ә.Дербісәлі: «Қала-и зафарда Мырза Мұхаммед Хайдар жас кезінде шайбандықтардан қашып, Кабулдегі бөлесі Бабырға бара жатқанда (1508-1509) жылға жуық тұрған-ды. Сөйткен, өзіне пана болған қамалға ол енді, міне, тағдыр жазмышымен жиырма жылдан соң оралып отыр. Өзін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеген мейірімді бөлесі Мырза Хан бірақ бұл кезде тірілер санатында жоқ еді. Сондай-ақ ол мұнда танысып, табысқан, бірге болған, бірге жүрген достарынан да ешкімді кездестіре алмайды. Сондықтан да өткен күндерді ол қайғыра да мұңдана еске алады», – дейді.

Бәрін де таныдым жүріп сол кезде,

Бәрі де көзіме көрінді аян.

Сол бақ, дала және үйлер баршасы,

Тұр орнында бәрі өзгеріссіз.

Кезінде ол жамағатпен бір боп едім,

Сол жай, үйлерге шын дос едім.

Бірінің де ізін көрмедім сол кезде,

Қараңғы тартты көзіме жаһан.

Құлазып көңілім, ойым да тым зарлы

Қатты жыладым егіліп ұзақ, – деп жазады ақын. Жаратушыға, хазіреті Мұхаммед (с.а.ғ.) пайғамбарымызға, оның сахабаларына арнаған мадақ жырында да автор дүниенің жалғандығын алға тартқан. Сол ой-толғамның жалғасы қуаныш пен қайғының, жақсылық пен жамандықтың қатар жүруі мұнда да өз көрінісін береді.

Кіріспе соңында шығармашылық психологиясы суреттеледі:

Олардан ажырағандықтан зарлымын,

Таңсәрі болды, әлі ояумын.

Мұң мен ойдан әбіржулімін,

Көзімнен ұшып ұйқы мазасызбын.

Опасыз дүние айналымына сеніп,

Етуге болмайды екен жаһаннан үміт.

Автордың қолға қалам алуы – үлкен ой толқынысының нәтижесі.

Аз ғұмырында көпті көрді. Талай жерді шарлады, тау мен су асты. Талай қан майданда шайқасқа түсті, жеңістің де, жеңілістің де дәмін татты. Жақын достар, қамқоршы адамдар тапты, олардан тағдырдың жазуымен айырылып та жатты. Осының бәрі жинақталып келгенде, ішкі толқыныс ойды образбен сыртқа шығарудың, көркем бейнелеудің қажеттілігін туғызды. 1529 жылдың желтоқсанынан 1530 жылдың көктеміне дейін Саид хан мен Мырза Мұхаммед Хайдардың Қала-и Зафарды қоршап тұруы дастанның бастап жазылуына мүмкіндік берді. Дастанның негізгі бөлімі «Жаһан наме» дастанының құрылымы деп аталып, «Тақтың әңгімесі», «Фируз шаһтың әңгімесі», ,

Шығарманың негізгі тақырыбы – сүйіспеншілік, махаббат. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, мұндағы сүйіспеншілік жайы мейлінше кең ұғым. Әке мен бала, ана мен бала арасындағы, туған жерге деген ыстық ықылас, достар арасындағы қимас сезім, адал достық жырлануымен қатар, басты кейіпкерлер Фируз шаһ пен Назбой сұлу арасындағы жалынды махаббаттың хикаялары, қиындықтарды жеңіп шығуы баяндалады. Өнер туындысына қойылатын басты талаптың бірі – әсерлілік. Шығарма оқиғасының қызықты дамып, оқырманын еліктіріп, үйіріп отыруы тиіс. Автор бұл ыңғайда шеберлік танытады.

Негізгі бөлімдегі шығарманың сюжеттік дамуы шығыстық аңыз желілеріне құрылған. Әйткенмен, оқиғаның өрістеуі мен сюжеттік байланыстардан, авторлық ой түйіндеулерден түркілік дүниетаным көрінеді. Дастан оқиғасы Шаһсауар патшаны суреттеумен басталады. «Бағындырған еді жеті ықылым елді, Қазынасында дүниенің байлығы» деп суреттейді. Бірақ оның жасы екі жүзге жетсе де, бір перзентке зар еді. Мазар және мазараттарға зиярат етіп, Құдайдан бала тілейді. Ақыры зар тілегі қабыл болып, Алланың қайырымымен оған перзент береді. Оның атын Фируз шаһ қояды. Ғалым Ә.Дербісәлі шығармадағы бұл желіні автордың өз өмірімен байланыстыра қарастырады: «Жаһан намедегі» Шаһсауар патшаның Құдайдан бала тілеп ел кезіп кететін жері мырза Мұхаммед Хайдардың өміріне ұқсас.

Поэманың осы деталін ол өз өмірбаянынан алған. «Тарих-и Рашидиде» ұлы ғалым: «...бұл жаманнемеге дейін менің ата-анамның төрт қызы бар екен. Олар содан әулие-әнбиелер мазаратына зиярат етіп, ұлы Жаратушыдан ұл беруді сұрап жалбарынады. Ұзақ мінажат пен жалбарыныштан соң өмірге мына жаманнеме келіпті. Сол себепті де атаанамның маған деген сүйіспеншілігі шексіз еді» деп жазады. Ғалым тұжырымын толық қуаттаймыз. Туындыда автордың өз өмірінің сабағын пайдалануы – шығармашылық заңдылық. «Бір перзентке зар болу» мотиві қазақ эпосының барлық шығармаларында дерлік кездеседі. Көптеген жырларда кейіпкерлердің (әке-шешесінің) психологиялық жай-күйін, арман-мұратын тереңнен суреттеп, дүние есігін ашар ендігі қаһарманның тегін жан еместігін білдіретін шығарманың негізгі бөлігі саналса, Майкөт ақын жырлаған «Ер Нәрік» жыры түгелімен «бір перзентке зар болу» мотивіне құрылған. Фируз шаһ түсінде перінің қызын көріп, ғашық болады.

«Ерекшеленіп отыр екен бір перизат, Жүзі ай, көзі шолпан, бойы шамшат». Мұндай желі шығыстық сюжеттегі қисса-дастандарда («Бозжігіт», т.б. жырлар) көп кездескенмен, қазақтың байырғы халық әдебиет үлгілеріне тән емес. Оның себебі перінің қызы (жын-сайтан, мыстан кемпір т.б.) қазақ ұғымында жағымсыз бейне, қастандық, зұлымдық иесі болып суреттеледі. Бұл, біздіңше, қазақ халқының өзіндік дүниетаным ерекшелігін аңғартады. Бұған мысалға ең көне ауыз әдебиеті үлгісіне жататын «Ер Төстік» ертегісіндегі перінің қызы Бекторыны айтуға болады. Бекторы – ертегіде Ер Төстіктің басында кездесетін әр алуан қиындықтардың бас себепшісі, қаскөй болып көрінген. Алайда, ес-түссіз ғашық болған перінің қызы Назбой сұлумен Фируз шаһтың жолығысу мүмкіндігі туады. Әрине, шығарманың бұл бөліміне ертегілік, қиялғажайыптық сипат тән. Аңшылықта қоршауды бұзып-жарып қашып шыққан киіктің соңынан жалғыз қуған Фируз шаһ перілер мекеніне жетіп, Назбой сұлумен кездеседі.

Шығармада қандай да бір іс-әрекеттің өзіндік дәлелі болуы қажет. Мұны әдебиеттану ғылымында мотивировка дейді, дастанда ғашықтардың бір-бірімен кездесуінің сюжеттік дәлелі киік болып көрінген. Мұндай үлгі халық шығармашылығында молынан кездеседі. «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісіндегі көп қыздың арасынан Күнікейді табуға жәрдемі тиетін құмырсқа, сондай-ақ «Мұңлық-Зарлық» қиссасында әкесі Шаншар хан мен Зарлықтың кездесуіне себепші болатын киік, тағы басқа. Дастанда көңіл аударарлық жай – перінің қызы Назбой сұлудың шартынан туындайтын тастың, үлкен бокалдың, білте шамның әңгімелері мен оларға қатысты Фируз шаһтың баяндайтың аңыздық әңгімелері. Бұл әңгімелер, біріншіден, шығарма оқиғасының қызықтылығын, әсерлілігін күшейтсе, екіншіден, мұнда өмір, тіршілік, адамдардың қарым-қатынасы туралы философиялық ойлар түйінделеді, үшіншіден, шығарманың басты идеяларының бірі Жаратушының мейірімшапағаты түссе, соның жолы болып, бақыты ашылатындығы түйінделеді, төртіншіден, Фируз шаһ пен Назбой сұлудың образы толыға, тереңдей түседі.

Жалпы, М.Х. Дулати көркем әдебиеттің шартын терең түсініп, шығарманың сюжеттік дамуы мен композициясын шебер құра білген. Әдебиет зерттеушісі С.Қосан Фируз шаһ атынан баяндалатын аңыздық желілердің З.Нахшабидің «Тотынама» кітабынан алынып, шығармашылықпен пайдаланылғанын жақсы аңғарған. Аңыздық желілерде қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекеттері тепе-тең келіп жатады. Сонда кімнің пайдасына шешілуі керек? Шарт бойынша іс-әрекеттің шешімін қол тигізбей оянып кеткен Назбой сұлу айтуы қажет.

Фируз шаһтың алғашқы әңгімесіндегі төрт достың ішінде тап-таза боп таһарат етіп келіп, екі ракат намазын оқып, көзінің жасын селдей ағызып, Жаратқанға жалбарынып, тілек тілеген молда-ғалымның жолы болады. Назбой сұлу да соны растайды. Аңыздық желідегі мұндай көркемдік шешімнен мұсылмандық дүниетаным, сенімнің көрінісі байқалады. Автор оны кейіпкер болмысымен көркем жеткізген.

Қамқорлық қылып Жаратқан мейірімді,

Рұқсат беріп еді тілегіне сол сәт.

Алланың сақилық бұлтынан бір самал есіп,

Тауып ол мүсіннің мұрны хош иіс.

Кіріп жан, түшкіріп жүріп кетті,

Таң атып, шығып күн, жарқырады жаһан, – деп суреттейді М.Х.  Дулати. Жаратқанға шын пейіліңмен құлшылық етіп, жалбарынсаң, соның жолында әрекет жасасаң, мейірім, шапағаты мол Жаратқан Алла да сені мейірімшапағатына бөлейді деген идея айтылады. Автор шығыстық желідегі аңыздарды дастанда шығармашылықпен пайдаланған. Оны өз тарапынан өмірде бастан кешкен, куә болған жайлармен тереңдетеді.

Бұл жөнінде ғалым Ә. Дербісәлі: «Дастанға ежелгі үнді ертегісін негіз ете отырып, оған қандай жанама оқиғалар қосуы керек? Шығарманың айтар ойының түп қазығы неде деген мәселелерге жауап іздеп шарқ ұрды. Ақырында поэмаға өзі куәсі болған, немесе естіген әңгімелерін де тарихи дерек ретінде кіргізуді ұйғарды. Мысалы, «үшінші шарттағы» білте шам әңгімесінен кейін Фируз шаһ баяндаған «екі дос жайлы хикаяға» автордың өз әкесі мен Ташкенттің билеушісі Махмұт хан арасындағы достық негіз болған сияқты. Ол жайлы автор: «...әкем Мұхаммед Хұсейін мен ханның достығының беріктігі сонша, олар әрдайым бір үйде, бір бөлмеде тұрды – хан үйінің оң жақ бөлігі әкеме берілген-ді. Үй шаруасында да әкем ханға таптырмас серік болды. Ханға не әкелсе, соның бәрін әкеме де әкелетін. Егер хан атпен жолға шықса, онда біреуі ханға, екіншісін әкеме деп ат әкелетін. Егер хан жаңа көйлек кисе, дәл сондай көйлекті әкеме де әкелетін. Сөйтіп хан Қаракөз бегімге үйленгенге дейін қайсы бір іс болмасын екеуінің арасы ажыраған емес... Әкеме хан өзінің үйленуіне байланысты гаремге кетуге тура келетінін, ал әкемнің құжырада жалғыз қалып қоятынын, мұның өзі достыққа жатпайтынын айтып ғафу өтінетін», – деп жазады.

Фируз шаһ әңгімесінде екі дос қарақшыларға тап болып, солардың қолынан қаза тапса, Махмұт хан мен Мұхаммед Хұсейін де Шаһибек хан жендеттерінің қолынан жазықсыз мерт болады. Ақын дастан оқиғасына сөйтіп тек Саид хан ғана емес, сондай-ақ өз отбасына қатысты осындай деректерді де пайдаланған», – дейді.

Тұтастай алғанда, «Жаһан наме» дастаны – Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің әйгілі тарихшы, өз заманының қайраткері, әскери қолбасшы ғана емес, үлкен ақын, шығармашылық адам болғанын да көрсететін туынды. Автор шығарманы тек махаббат, сүйіспеншілік жайымен шектеп қоймай, өз заманының тарихи шындығын, басынан өткерген жайларды кейіпкерлер тағдыры арқылы суреттейді. Әдеби амал-тәсілдерді шебер пайдалануымен, тіл көркемдігімен әдеби дәстүрлі терең игергенін көреміз.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ

филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері.